Серік Күдебаевтың заңсыз бұйрығынан жоғалған 300-ге жуық қару табылмады - прокурор
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысының прокуроры Саян Дүйсебаев Серік Күдебаевтың заңсыз бұйрығынан жоғалған 300-ге жуық қарудың табылмағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Күдебаев 5-6 қаңтар күні Талдықорғандағы жағдайларға, тікелей міндеттеріне қарамастан, өзінің қараманғындағыларға полиция департаментінің ғимаратынан кетуге бұйрық берген. Өзі де Талдықорған қаласынан сырқа кетіп қалды. Салдарынан көптеген ғимарат қирады, өртенді. Қоғамдық тәртіп бұзылды», - деді Жетісу облысының прокуроры Саян Дүйсебаев.
Прокурор осының салдарынан стратегиялық нысаннан 500-ге жуық қару-жарақ ұрланып, оның 300-ге жуығы әлі табылмағанын мәлім етті.
Айта кетейік, бүгін Серік Күдебаев билік пен лауазымдық өкілеттілігін пайдалану, азаптау баптары бойынша кінәлі деп табылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Сондай-ақ, Күдебаев 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Судья оны барлық мемлекеттік наградаларынан айыру жөнінде ұсыныс енгізді. Бұған дейін айыпталушы Серік Күдебаев кінәлі еместігін айтты.
Еске сала кетейік, Талдықорғандағы Жетісу облыстық сотында Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы 5 қаңтарда басталған.
Сотталушының процеске келмегеніне байланысты Серік Күдебаевты сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу жөнінде қаулы шықты.
Ал, 3 сәуірде Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланған болатын.
Алайда, күдіктінің ел аумағынан тысқары бой тасалағанын шекара қызметі наурыздың 27-і күні бір-ақ білген.
Бас прокуратура Серік Күдебаевтың қашып кету фактісіне орай қылмыстық іс қозғады.
27 сәуір күні Күдебаевтың ұсталғаны туралы ақпаратты Бас прокуратура растады.
Серік Күдебаевтың ұлы Арман Мырзақұлов әкесінің елге өз еркімен келгенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Серік Күдебаев 2020 жылдан бастап 2022 жылдың қаңтарына дейін Алматы облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарды. Сол лауазымын атқару кезінде Қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылған.