Шахматтан әлем чемпионатының басты ойынын Дворкович пен Оралов бастап берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шахматтан әлемнің абсолютті чемпионы атағына таласып жатқан Ян Непомнящий мен Дин Лижэнь арасындағы матч басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Аркадий Дворкович пен Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ойын партиясында алғашқы қадам жасап берді.

«Әлем біріншілігі матчтарының тарихы 1886 жылдан бастау алады. 137 жылдық тарихта шахматтан 16 әлем чемпионы анықталған. Бүгінде дүниежүзі мұқият бақылап отырған бұл матч елімізде шахматты одан әрі дамыту үшін маңызды қадам болатынына сенімдімін. Қазірдің өзінде Қазақстанда аталған спорт түрін дамыту және ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Әсіресе балалар мен жастар арасында бұл бағыт үлкен қарқын алып келеді. Отандық спорт жанкүйерлерін үлкен шахмат мерекесінің басталуымен құттықтаймын, ал спортшыларға қызықты ойын көрсетуді және сәттілік тілеймін» деп жазды министр Facebook парақшасында.

Былтыр Қазақстанда 7618 үйірмеде 250 мыңнан астам адам шахматпен жүйелі түрде айналысқан болса, осы оқу жылының басынан бері 28 мыңға жуық балаға арналған 654 мектепте шахмат пәні факультатив түрінде енгізілді.

Еске сала кетейік, Астанада 7 сәуір мен 1 мамыр аралығында шахматтан әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Онда Ян Непомнящий (ФИДЕ) мен қытайлық Дин Лижэнь әлем чемпионы атағына таласады. Кеше танымал спортшылар баспасөз мәслихатын өткізіп, тілшілерді қызықтырған сұрақтарға жауап берген еді.

Сондай-ақ Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов шахматтан әлем чемпионаты неліктен Астанада өтіп жатқанын түсіндірді.

Чемпионатта Қазақстанның шахматшы қыздары әлем құрамасына қарсы ойнайды.

Соңғы жаңалықтар