Шанхай ондығы: Астана саммитінің ерекшелігі неде

ШЫҰ саммиті
Коллаж: Kazinform, wikipedia.org, midjourney

Бүгін Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті басталады. Биыл Қазақстан ұйымға төраға болғандықтан, біздің елдің жауапкершілігі жоғары. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы ортақ өзекті мәселелерді талқылайды. Сонымен қатар, биыл ШЫҰ аясында Экология жылы деп жарияланды. Алдағы саммитте не күтілуде, оған қандай көшбасшылар келеді, бұл іс-шарада Қазақстанның төраға ретіндегі рөлі қандай? Толығырақ Kazinform аналитикалық тілшісінің материалынан оқыңыз.

Жер жаһанның жартысын қамтитын ұйым 

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылды (1996 жылы «Шанхай бестігі» құрылған, ХХІ ғасырдың басында оның орнын ШЫҰ басты – ред.). Осы уақытқа дейін ұйым біртіндеп көпсалалы және көпфункционалды болды. Мүше мемлекеттер өзара іс-қимылдың саяси, экономикалық және гуманитарлық аспектілеріне бірдей басымдық береді.

Бүгінде ШЫҰ аймағында жер шары халқының жартысына жуығы тұрады, аумағы жер бетінің төрттен бір бөлігін алып жатыр және жиынтық ЖІӨ 24 трлн долларға жетіп қалды. Бұған қоса, қатысушылардың құрамы үнемі кеңейіп отырады. Сарапшылардың пікірінше, әсіресе қазір халықаралық жағдай шиеленісіп тұрған шақта әлемдік қоғамдастықтың ұйымға деген қызығушылығы өсіп келеді.

Бүгінде ШЫҰ-ға ресми түрде 9 ел мүше, олар: Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан. Алайда, биыл ұйымның елордада өтетін саммитінде Беларусь ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі болады. Осылайша, мүше мемлекеттердің саны онға жетеді.

ШЫҰ шекарасы
Инфографика: Kazinform

 

ШЫҰ мүше мемлекеттер арасында кең ауқымды салалар бойынша (өңірлік қауіпсіздік, өзекті қауіп-қатерлерге қарсы күрес, экономикалық даму, тату көршілік пен өзара сенім қатынасы) әртүрлі ынтымақтастық орнатылған.

Астанадағы саммитке байқаушы елдердің көшбасшылары да қатысады.

Шараға ШЫҰ-ға қатысушы елдердің - Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Үндістан, Қатар, Қытай, Қырғызстан, БАӘ, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстанның көшбасшылары қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар, ШЫҰ бақылаушы мемлекеттері ретінде Беларусь және Моңғолия басшылары шақырылды, – деп мәлімдеді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Kazіnform тілшісіне.

Сондай-ақ, СІМ өкілінің айтуынша, саммитке БҰҰ, ШЫҰ, ШЫҰ РАТС (Террорға қарсы өңірлік құрылымы), ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, АҚИҰ және ЕЭК диалог бойынша халықаралық серіктес ұйымдарының бірінші басшылары келеді.

Айта кетейік, былтыр ШЫҰ-ға бірден бес мемлекет, соның ішінде Бахрейн, Кувейт, Мальдив аралдары, Мьянма және Біріккен Араб Әмірліктері диалог серіктестері ретінде қосылды.

ШЫҰ
Инфографика: Kazinform

Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы

Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы 2023 жылғы шілдеде басталды және осы саммитте аяқталады. ШЫҰ-ға төрағалық ету лауазымын қабылдау кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ұйымдағы басымдықтарын ұсынды. Ол Қазақстан өзінің төрағалығы барысында «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтеретінін, бұл құжатта сенім шараларын нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау қағидаттарының негізі қаланатынын атап өтті. Ал басты міндет – Шығыс пен Батыс арасындағы геосаяси қайшылыққа жол бермеу.

Қазақстан стратегиялық зерттеу институның сарапшылары Астана төраға ретінде тәжірибеге бағдарланған тәсілді қолданғанын атап өтті. Негізінен жұмыс өзара тиімді сауда-экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

ШЫҰ төрағалығы
Инфографика: Kazinform

 

Қазақстанның 2024 жылды ШЫҰ Экология жылы деп жариялау туралы бастамасын ұйымға мүше мемлекеттер бірауыздан қолдады. 2023 жылдың қазанында ШЫҰ Үкімет басшыларының кеңесі тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті.

Жақында ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин Қазақстанның ұйымға төрағалық етуін жоғары бағалады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылдың шілдесінен бастап ШЫҰ төрағалығы Қазақстанға көшкен кезден бері 100-ден астам түрлі іс-шара мен кездесу, соның ішінде энергетикалық, цифрлық және туристік форумдар өткізілді. Ынтымақтастықтың түрлі саласында 30-дан астам құжат әзірленді.

«Ыстық экономика, суық саясат» қағидатын басшылыққа ала отырып, Қазақстан ШЫҰ инвестициялық қорын және экономикалық преференциялар базасын құру жөнінде ірі бастамалар көтерді.

3-4 шілдедегі саммиттің күн тәртібі

Биыл мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерімен кездесті. Сол кезде Мемлекет басшысы қатысушы елдерге қазақстандық бастамаларды қолдағаны және бірлескен жұмысы үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, Тоқаев ШЫҰ елдерінің киелі орындары жобасының маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Президент алдағы ШЫҰ Астана саммиті «көпжақты диалогты нығайту-орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» ұранымен өтетінін атап өтті.

Тәуелсіздік сарайы
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы ШЫҰ саммитін кейінгі бірнеше жыл ішіндегі жоғары деңгейде өтетін аса маңызды халықаралық форумдардың бірі деп сипаттады.

«Саммитке дүниежүзі халқының жартысына жуығы тұратын мемлекеттердің басшылары, сондай-ақ ықпалды халықаралық ұйымдардың жетекшілері, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы қатысады. Мұндай ауқымды шараның өткізілуі еліміздің жаһандық аренадағы беделінің зор екенін көрсетеді. Еліміз биыл ШЫҰ-дан басқа тағы бес халықаралық құрылымға төрағалық етіп отыр. Бұл – қазақ дипломатиясының тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік», - деген еді Мемлекет басшысы өткен аптада БАҚ саласы қызметкерлерін құттықтау рәсімінде.

Саммитте Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасы қабылданады. Бұдан басқа, ШЫҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясын талқылау жоспарланып отыр.

Саммиттің басты мазмұндық лейтмотиві ШЫҰ аясында Қазақстан ұсынған «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасы болмақ. Ол сенім шараларын нығайтуға, әлемнің барлық елінің тұрақты дамуын қолдауға бағытталған. Бұл бастама ШЫҰ елдерінің жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті дамыту жөніндегі шынайы ниеттері мен шешімін көрсетеді, – деп түсіндірді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азия зерттеулері бөлімінің бас сарапшысы Әлия Мұсабекова.

Әлия Мұсабекова ҚСЗИ сарапшысы
Фото: Әлия Мұсабекованың жеке мұрағатынан

Бұған дейін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин 3-4 шілдеде ШЫҰ саммитінде қарауға шығарылатын мәселелер мен құжаттардың тізімін жария етті. Оның ішінде ол ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Астана декларациясы, ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасы, ШЫҰ Серіктестерімен диалог бойынша өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі жол картасы, сондай-ақ бірқатар басқа құжатты атап өтті

Ал Қытайдың Синьхуа ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саммиттің қорытынды шешімдерінде «Шанхай рухының» іргелі қағидаттары – өзара сенім, достық, өзара тиімділік және бір-бірінің мүдделерін ескеру толық қамтылатынын айтты.

«Төрағалығымыздың шарықтау шегі Астанадағы саммит болады, оған біз баса көңіл бөлеміз. Біз ШЫҰ-ны одан әрі жетілдіру саласында стратегиялық маңызды шешімдер қабылданады деп күтеміз. Орта мерзімді келешекке арналған өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалып, ағымдағы сын-қатерлер мен қауіптерге барабар және уақтылы ден қою үшін бастамалар әзірленетін болады», - деді ҚР Президенті.

ШЫҰ және БҰҰ ынтымақтастығы

Астана саммитінің тағы бір ерекшелігі алдағы шараға әлемдегі ең ірі әрі ықпалды ұйымның басшысы - БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қатысады.

Антониу Гутерриш
Фото: БҰҰ

Алғаш рет мүше мемлекеттердің, диалог бойынша бақылаушылар мен серіктестердің, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен "ШЫҰ+" форматында кездесу өтеді, – деген еді Қазақстан дипломатиялық ведомствосының басшысы Мұрат Нұртілеу ШЫҰ елдері СІМ басшылары кеңесінің отырысында.

20 жыл ішінде ШЫҰ мен БҰҰ шын мәнінде серіктес ұйымдарға айналды. ШЫҰ-ның БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесі бар, 2010 жылы БҰҰ мен ШЫҰ хатшылықтары арасында ынтымақтастық туралы бірлескен декларацияға қол қойылды.

ҚСЗИ сарапшысының айтуынша, Қазақстанның бастамасымен 2023 жылғы 1 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясының пленарлық отырысы барысында «Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы арасындағы ынтымақтастық» қарары қабылданды.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің биыл ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысуы заңды. Сондай-ақ, бұл факт сарапшылардың алдағы Астана Саммиті Әлемдік маңызы бар елеулі оқиға болады деген пікірін тағы бір дәлелдейді. ШЫҰ алаңында миллиондаған адамның тағдырына қатысты жаһандық сипаттағы мәселелер көтерілетін болады, – деп түсіндірді ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы.

ШЫҰ-ның жаңа мүшесі

Беларусь ШЫҰ аясындағы түрлі шараларға 2010 жылдан бері қатысып келе жатқаны белгілі. Бастапқыда ол диалог бойынша серіктес болды, содан кейін бақылаушы мәртебесін алды. Ұйымға толық мүше ретінде қосылу логикалық негізделген қадам болып отыр. Беларусь сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және ШЫҰ-ның ортақ көлік кеңістігін дамытуға мүдделі.

Беларусь бұған дейін де ШЫҰ-мен серіктестік қарым-қатынаста болды және ел президенті Александр Лукашенко ұйымның алдыңғы жеті саммитіне қатысты, сондықтан бұл ресми қабылдау ұйымның жұмысына айтарлықтай әсер етуі екіталай, – деп атап өтті сарапшы Әлия Мұсабекова.

Кейбір сарапшылар ШЫҰ негізінен Азия елдерінің дауысы басым ұйым деп санайды, бірақ іс жүзінде олай емес. Бүгінде ШЫҰ-мен серіктестікке Сауд Арабиясынан бастап Македония мен Сербияға дейінгі әртүрлі елдер қызығушылық танытып отыр. Ұйым диалог үшін ыңғайлы платформа болып саналады және өзінің тұрақтылығы, халықаралық құқық қағидаттарына адалдығы, жасампаздығы тұрғысынан өзге қатысушыларға қызық болып отыр.

Соңғы жаңалықтар
telegram