Шетелдік алаяқтар ресми бұғатталса да, оларға көмектесетін қазақстандықтар бар
Шетелдік алаяқтар 9 мыңға жуық қылмыс жасап, қазақстандықтарға 7 млрд теңге залал келтірді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Парламентте айтты, деп хабарлайды Kazinform.

2022 жылы 1 қыркүйекте Президент Қазақстан халқына Жолдауында интернет пен телефон алаяқтарымен күресті күшейтуді тапсырды. Осылайша, құзыретті мемлекеттік органдардың жауапкершілік аясы кеңейтіліп, алдын алу мәселелері басымдықта болды.
«Нәтижесінде, 2022 жылы қараша айында Цифрлық даму министрлігімен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, алаяқтар пайдаланатын жалған нөмірлерден келетін «шетелдік» қоңырауларды бұғаттау механизмін іске қостық. Бұл «құрал» енгізілген соң 11 айда шетелдік алаяқтардың біздің азаматтарға жасаған 37 миллионнан астам қоңырауының жолы кесілді. Бұл шара миллиондаған азаматтарымызды қорғауға мүмкіндік беріп қана қоймай, статистикалық деректерге де әсер етті. Ең көп таралған екі әдіс бойынша алаяқтық саны 20%-ға қысқарды және бұл қылмыстардың ауыр және аса ауыр санаттарының деңгейі 12%-ға төмендеді», - деді И.Лепеха Парламенттік тыңдауда.
«Көлеңкеде» қалу үшін алаяқтар телеграм-арналардан тапқан Қазақстан азаматтары арасынан «дроперлерді» пайдаланады. Оларға жәбірленушілердің ақшасы түсетін бірнеше банктерде шоттар ашуды тапсырады, қаражаттың бір бөлігін «дроперлер» өзіне қалдырады (10%). Ал қалғандарын алаяқтар көрсеткен банктік және өзге де электрондық шоттарға аударады. Осылайша ұрланған ақшаның шамамен 90%-ы елден шығарылады.
«Көптеген адам «Ауыстырылатын нөмірлерді бұғаттау жүйесі болса, алаяқтар шетелден қалай қоңырау шала алады?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұған екі себеп бар. Біріншісі – олар қазақстандық ұялы байланыс компанияларының нөмірлерін пайдалана бастады. Сол баяғы «дроперлер» ақылы түрде электронды SIM-карталарды өз аттарына тіркеп, оны алаяқтарға береді. Осылайша қылмыскерлер WhatsApp қосымшасына тіркеледі. Оны іске қосқан соң, алаяқтар жәбірленушілерге мессенджер арқылы қоңырау шалады, мұндай жағдайда олардың орналасқан жерін анықтау қиындайды», - деп түсіндірді ІІММ өкілі.
Осы уақытқа дейін абоненттік нөмірді басқа адамдарға заңсыз бергені үшін жауапкершілік болған жоқ. Бұл іс жүзінде азаматтарға осындай әрекеттерді кедергісіз орындауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта бұл олқылық жойылып жатыр. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабы осындай әрекеттер үшін құқықтық жауапкершілікті көздейтін 18-тармақпен толықтырылады.
Бақылау шараларын күшейту үшін Цифрлық даму министрлігі «Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына» толықтырулар жобасын әзірледі. Оған сәйкес телефон нөмірлерін тіркеу кезінде азаматтар «биометриядан» өтуге міндетті болады. Бұл шара азаматтық жауапкершілікті арттырады және ұялы байланыс қызметтерін пайдалануда тәртіп орнатуға мүмкіндік береді.
«Екінші себеп – алаяқтар арнайы IP және SIP телефония бағдарламаларының мүмкіндіктерін пайдалана бастады. Оларды компьютерге немесе телефон құрылғысына орнатқан соң алаяқтар қосымша қолданбаларды пайдаланып, өз нөмірін кез келген басқа нөмірге ауыстырады, осылайша алаяқтар қоңырау қабылдаушыларды алдайды. Мұнда алаяқ өзінің анонимділігін және орналасқан жерінің құпиялығын да сақтайды. Осыны ескере отырып, Ішкі істер министрлігі «Қазақтелекомға» Қазақстанның телекоммуникация желісіне жалған трафиктің рұқсатсыз өтуіне жол бермеу бойынша жаңа шараларды әзірлеу қажеттігі туралы ұсыныс енгізді. Қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Оператор техникалық шешімін табады деп сенеміз», - деді Игорь Лепеха.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру» тақырыбында Парламент тыңдауы өтті.
Қарыз алушылардың құқығын қорғауды күшейту бойынша заңнамалық түзетулер пысықталып жатыр.