Шығыс Қазақстанда былтыр қай жолдар жөнделді, биылғы жоспар қандай

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында 2024 жыл Жол жылы деп жарияланған болатын. Себебі өңір халқын толғандырған өзекті мәселелердің ішінде жолдың жайы алдыңғы лекте тұр. Шұрық тесік жолдардан бір жерден екінші жерге жету мұң. Туристердің де сулы да нулы өлкеге көп ат ізін сала бермейтіні де сондықтан болар. Бұл мақалада былтыр өңір көлемінде қай жолдардың жөнделгені мен биылғы жоспар жайлы сөз етпекпіз.

ШҚО Жол
Фото: ШҚО әкімдігі

2023 жылдың қараша айында ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында 2024 жыл облыста Жол жылы деп жарияланғанын мәлімдеген еді. Kazinform тілшісі бір жылдың ішінде өңірде қай жолдар жөнделгенін біліп көрді. Одан соң 2025 жылы жөнделетін жолдарды да анықтадық. Әуелі республикалық жолдардан бастайық.

«ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚОФ мәліметіне сүйенсек, былтыр «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» бағытындағы жолды қайта жаңғырту жобасы бойынша барлық жұмыс аяқталып, 60 шақырым учаске пайдалануға берілді.

- Қалбатау-Майқапшағай тасжолының 1090-1321 шақырымын қайта жаңғырту жобасы бойынша жыл соңына дейін 181 шақырымды пайдалануға беру көзделген. Ал 1090-1140 шақырымындағы учаскеде салынып жатқан жолдың жоғарғы жағымен қозғалыс ашылады, - делінген ақпаратта.

Өткен жылдың 21 қазанында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы аяқталған. Көпірдің ашылуы облыс үшін маңызы зор оқиғалардың бірі болды. ШҚО-ның жеті ауданы – Күршім, Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай, Алтай, Үлкен Нарын мен Катонқарағай халқы бұл көпірді 60 жыл бойы күтті. Көпірдің өңірге нақты қандай өзгеріс әкелгені жайлы сайтымызға көлемді мақала да жариялаған едік. 

Сондай-ақ тау үстіндегі ирелең жол - Осинов асуын қайта жаңғырту жұмысы жалғасып жатыр. Жыл сайын ондаған жол-көлік оқиғасы тіркелетін небәрі 28 шақырымдық бұл жолдың бұрылысы мол, өрі мен еңісі ат шаптырым. Құрылысы 8 жыл бұрын басталған жол әлі де аяқталмай келеді. 

Осинов асуында жерді дайындау жұмыстары күз кезінде қарқын алған. Барлығы 500 мың кубометр жер жарылған.

- Біз тек жерді жарып қана қоймай, топырақты басқа жаққа апарып төгеміз. Жұмысшылардың қауіпсіздігі әркез бірінші орында. 14 қабатты үйдей биіктіктегі жерде құрылыс бастау үшін бірінші техника тұратын аумақты дайындап алуымыз қажет. 16 шақырымдық бірінші жер бөлігіне 13,2 млрд теңге бөлінген, - дейді жобаның қазіргі мердігер ұйымы «Kurylys group RK» жетекшісі Ермек Әлиев.

2024 жылы Шығыс Қазақстандағы республикалық маңызы бар жолдардың 392 шақырымы орташа жөндеуден өткен. Келесі жылы 37 млрд теңгеге 17 жоба іске асырылмақ. Оның ішінде Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары тасжолының 152 шақырымы, «Өскемен-Риддер-РФ шекарасы» жолының 105 шақырымы, «Омбы-Майқапшағай-Қалжыр-Марқакөл» жолының 24 шақырымы, «Өскемен-Семей» жолының 18 шақырымы, «Өскемен-Шемонаиха-Ресей шекарасы» жолының 93 шақырымы бар. 

жол
Фото: ШҚО әкімдігі

Ал облыстық маңызы бар жолдардың жай-күйін білу үшін ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына сауалхат жіберіп көрдік.

- Былтыр облыста жол жөндеуге бөлінген қаражат біршама өсті. Нақты айтқанда, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеуге 31,5 млрд теңге жұмсалды. Ал 2023 жылы бұл мақсатттарға 20,4 млрд теңге бөлінген болатын, - дейді басқарма басшысы Нұржан Жұмаділов.

Жолдар мен көпірлерді салуға және қайта жаңғыртуға 3 млрд теңге бөлінген. Облыстық маңызы бар жолдарда 15 жоба жүзеге асырылып, 220 шақырым жол жөндеуден өтті. Атап айтқанда, «Ақжар-Шілікті-Зайсан», «Ақжар-Омбы-Майқапшағай», «Үлкен Нарын-Күршім», «Васильевка-Бозанбай», Өскемен-Тарғын-Самар, «Күршім-Қалжыр», «Күршім-Қалжыр-Бурабай», «Октябрь өткелі-Алтайка-Новохайрузовка», «Новотроицкое ауылына кіреберіс».

- Елді мекендердегі жолдар мен көшелерді орташа жөндеуге 22,3 млрд теңге жұмсалды. 600 шақырым жол мен көшені орташа жөндеу бойынша 114 жоба жүзеге асырылған. Оның ішінде 121 шақырымы туристік нысандарға апаратын жолдар. Сондай-ақ аудандық маңызы бар 380 шақырым жол жөнделген. Облыстың 11 ауылына алғаш рет асфальт төселді, - дейді Нұржан Жұмаділов.

Қазіргі уақытта өңір бойынша әлі асфальт жолы жоқ 79 ауыл бар.

- 2025 жылы Шығыс Қазақстанда 228 шақырым жолды жөндеуге 7,7 млрд теңге қарастырылған. Облыстық жолдар бойынша орташа жөндеу жұмыстары келесі жолдарда жүргізіледі: «Күршім-Қалжыр», «Ақсуат-Бакей-Қарасу-Ақжар- «М-38-Омбы-Майқапшағай», «М-38-Омбы-Майқапшағай-Шілікті-Ақжар», «Қарасу-М-38-Омбы-Майқапшағай», «Васильевка-Бозанбай», «Васильевка-Бозанбай-Алғабас-Тарғын», «Күршім-Қалжыр-Бурабай», «Өскемен-Тарғын-Самар», «Октябрь өткелі-Алтай-Ново-Хайрузовка», - дейді басқарма басшысы.

Ал Өскемен қаласында қай жолдардың жөнделгеніне қатысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен айтып берді. 

жол
Фото: ШҚО әкімдігі

- Жыл көлемінде жалпы көлемі 34,9 шақырым болатын 38 жол учаскесі орташа жөнделді. Атап айтқанда, Үлбі көпіріндегі С.Нұрмағамбетов көшесі, Қайсенов көшесінен Протозанов көшесіне дейін, «Дина» базарының басынан Интернациональная көшесіне дейінгі Абай даңғылы, Әуезов даңғылынан Жеңіс даңғылына дейінгі Крылов көшесі, «Комфорт» сауда үйінен Интернациональная көшесінің тұсындағы көпірге дейінгі Тимофеев көшесі. Астана көшесінің бойындағы жаңа жағалау бойымен көлік қозғалысы ашылған. 2024 жылы 7 оң жақ бұрылыс жолдың құрылысы аяқталды. Бүгінде қала бойынша осындай 60 бұрылыс бар, - делінген редакцияның ресми сауалхатына жолданған жауапта.

Бұдан бөлек, Металлургтер көшесі, Новаторлар көшесі, №47 мектептен шығатын жол, Высоковольтная көшесі, Красин кентіндегі бірнеше көше, Буров көшесінен Новаторлар көшесіне дейінгі Қабанбай батыр көшесі, Ползунов, Шмелев Лог, Багратион, Первомайская, Урожайная, Васильев, Чехов көшелері жөнделген. Келер жылы шаһардағы орташа жөндеуден өтетін көшелер келесідей:

• Абай даңғылы мен Интернациональная көшесінің қиылысынан бастап «Старый подхоз» автобус аялдамасына дейін;
• Үлбі арқылы өтетін көпірге дейінгі жолды қоса алғанда Шәкәрім даңғылы мен Абай даңғылдары;
• Қабанбай батыр көшесі, Новаторов көшесінен Малдыбаев көшесіне дейін;
• Интернациональная көшесі арқылы өтетін Үлбі көпірі;
• Крылов және Астана көшелері тұсындағы Үлбі арқылы өтетін көпір;
• Рейша көшесі;
• Назарбаев даңғылындағы Виноградов көшесінен 30-шы Гвардиялық дивизия көшесіне дейінгі жол;
• Қазақстан көшесінен бастап, Горький көшесінен Бейбітшілік көшесіне дейінгі жол;
• Қазақстан көшесінен Буров көшесіне дейінгі жол;
• Севастопольский көшесі;
• Көкжал Барақ көшесі, Сәтбаев даңғылынан Солтүстік магистральға дейін;
• Вешный тұйық көшесі, Согринский көшесінен Егоров көшесіне дейін;
• Геологический көшесінен Волочаевский көшесіне дейін;
• «Болашақ» шағын ауданының Орталық көшесі;
• Брусиловский көшесі (автовокзал ауданы);
• Абай және Шәкәрім даңғылдарынан облыстық мамандандырылған медициналық орталыққа баратын жол;
• Иванов көшесі (20-шағын аудан);
• 21-ші шағын аудандағы орталық көше.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда осы жылы жол инфрақұрылымына байланысты қандай жобалар басталатынын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар