ШЫҰ елдері Израильдің Иранға жасаған әскери шабуылын қатаң айыптады

АСТАНА. KAZINFORM - Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер Израильдің Иран Ислам Республикасының аумағына жасаған әскери соққысын қатаң айыптады. Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметі мәлімдеді.

ШЫҰ елдері Израильдің Иранға жасаған әскери шабуылдарын қатаң айыптады
Фото: ШЫҰ

— Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюіне елеулі алаңдаушылық білдіреді және Израильдің 2025 жылғы 13 маусымда Иран Ислам Республикасының территориясына жасаған әскери соққысын қатаң айыптайды.

Бейбіт тұрғындардың өліміне әкелген азаматтық объектілерге, соның ішінде ядролық-энергетикалық инфрақұрылымға қарсы осындай агрессивті әрекеттер Біріккен Ұлттар ұйымының (БҰҰ) халықаралық құқығы мен жарғысының қағидаттары мен нормаларын өрескел бұзу, Иранның егемендігіне қол сұғу болып табылады.

Олар аймақтық және халықаралық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді және жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылық үшін ауыр зардаптарға толы. ШЫҰ-ға мүше елдер Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды тек бейбіт, саяси және дипломатиялық жолмен реттеуді табанды түрде қолдайды.

ШЫҰ-ға мүше елдер Иран Ислам Республикасының халқы мен үкіметіне шын жүректен көңіл айтады.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер БҰҰ Жарғысының және ШЫҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын қатаң сақтай отырып, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге қарсы бағытталған кез келген заңсыз әрекеттерге жол беруге болмайды деп санайды және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға деген мызғымас ұстанымдарын растайды, - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, жұма, 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға жаппай соққы берді. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге қарай жүзден астам дрон ұшырды. Иран Натанзедегі ядролық қондырғының зақымданғанын растады, бірақ радиацияның ағып кеткенін жоққа шығарды.

Иран Израильге зымыран соққыларының жаңа толқынын бастады. Израильдің Төтенше жағдайлар қызметі хабарлағандай, ирандық зымыран атысынан екі адам қаза тапты – шамамен 60 жастағы әйел және 45 жастағы ер адам. Тағы 19 адам жарақат алды, деп хабарлады Израильдің жедел жәрдем қызметі.

Иранның БҰҰ-дағы өкілі Израильдің әуе шабуылы салдарынан 78 адамның қаза тапқанын айтқан болатын. Иранда 320-дан астам адам жарақат алды.

Бұған дейін Иран жоғары шенді әскери қолбасшылар мен жетекші ғалымдардың Израиль соққысы салдарынан қаза тапқанын растады.

Иран Израиль шабуылынан кейін Ормуз бұғазын жабайын деп жатыр.

Иран-АҚШ келіссөздеріне делдал болып жүрген Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди жексенбі күні Маскатта өтуі жоспарланған келіссөз өтпейтінін растады.

Израиль Иранға тағы соққы жасап жатыр.

Еуроодақ Израиль-Иран қақтығысына қатысты мәлімдеме жасады.

Соңғы жаңалықтар