Ш. Уәлихановқа 190 жыл: Академиялық кітапханада сирек кітаптар мен құжаттар сақтаулы
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық академиялық кітапханада ғалым, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, гоеграф Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы аясында «Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы: тарих пен саясат сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.

Шоқанның қысқа да жарқын өмірі, жан-жақты зерттеушілік қызметі, философия, этнография, тарих, экономика, құқық, география, ауыз әдебиеті, әдебиет теориясы жайындағы ғылыми зерттеулері мен пікірлері қай кезде де өзекті болып қала береді.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мақсат Алпысбес Шоқанның мұрасын танып-білу ғылым үшін, білім үшін және ағартушылық үшін өте маңызды екенін атап өтті.

− Ең алдымен шоқантанушы Әлкей Марғұланның Шоқан мұраларын зерттеу, жинау, жариялау ісінде байланысты көптеген қызметін айтуымыз керек. Әлкей Марғұланның «Шоқан және Манас» еңбегін оқысақ, онда Шоқанның түркі халықтарының шежірелері, тарихи фольклор, қазақ хандығының құрылуы, оның Алтын ордадан бөлінуі, қазақ хандары, ар жағында Шыңғыс ханға тірелетін төре ұрпақтары және қазақ мемлекетінің дәуірлері анық көрсетіледі. Егер біз қазақтану ілімін алға дамытқымыз келсе, шоқантануды дамытуымыз қажет. Шоқантану ешқашан тоқтамайды. Өз заманында Веселовский, Мелиоранский, Ольденбург секілді шығыстанушы ғалымдар Шоқан еңбегіне көңіл бөлген. Шоқан шығармалары орыс, қазақ, ағылшын, француз тілдерінде жарыққа шыққан. Мен Орталық кітапханада жұмыс істегенімде Шоқанның Едіге жыры туралы неміс тілінде жазылған қолжазбасын көрдім. Демек архив қойнауында Шоқанның әлі де жарыққа шықпаған еңбектері бар. Әлкей Марғұлан түрлі саяси-идеологиялық себептермен шықпай қалған Шоқан мұрасы бар екенін ескертіп кеткен. Қазіргі ғалымдардың міндеті — Шоқанның табылмаған, белгісіз еңбектерін жарыққа шығару, − деді Мақсат Алпысбес.
Конференция аясында ұлттық кітапхана өз қорындағы сирек кітаптар мен құжаттарды шығарып, «Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы» атты көрме ұйымдастырды.

− Мәселен, біздің кітапханада «Сочинение Чокана Чингисовича Валиханова» атты құнды жинақ бар. Бұл Шоқанның досы, шығыстанушы-ғалым Николай Веселовскийдің редакциялауымен 1904 жылы Санкт-Петербург қаласында жарыққа шыққан және Шоқанның ғылыми мұрасын алғаш жүйелеп, бағалаған аса маңызды дереккөздердің бірі саналады. Бұл кітапта Веселовский Шоқанның өмірі мен қызметіне терең тоқталып, ғылыми зерттеулерін, саяхаттарын, еңбектерінің тарихи маңызын сипаттайды. Сондай-ақ, Шоқанның Ресей ғылымына қосқан үлесін жоғары бағалап, оның дарыны мен тұлғалық қасиеттерін мақтайды. Кітапта Шоқанның өмірбаяны, Орталық Азия мен Қазақстан туралы зерттеулері, Шоқанның орыс ғалымдарымен байланысы, кейбір жеке хаттарының үзінділері бар, − деді кітапхана директоры Күміс Сейітова.
Тағы бір маңызды еңбек «Легенда об Едиге и Токтамысе» деп аталады. Оны Платон Мелиоранский Шоқан Уәлихановтың қолжазбаларынан алынған эпостық мәтін негізінде жинақтап, 1905 жылы Санкт-Петербургте шығарды.
Сонымен бірге, 1945 жылы Алматыда Хадиша Айдарова жариялаған «Шоқан Уәлиханов» монографиясы да бағалы еңбектердің бірі саналады. Дәл осы автор 1947 жылы «Валиханов. Статьи. Переписка» кітабын шығарды. Бұл кітапта Шоқан Уәлихановтың «Жоңғария очерктері», «Сот рефомрасы туралы жазбалар», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Абылай» атты мақалалары мен Достоевскийге, Майковке, Колпаковскийге, Гудковскийге жазған хаттары топтастырылған.

− Юрий Бессонов пен Владислав Якубовичтің «По внутренней Азии, Валиханов. Потанин» кітабы 1947 жылы Мәскеу қаласында басылып шықты. Кітап Сібір мен Орталық Азияның танымал саяхатшылары мен зерттеушілеріне арналған. Құрметті шоқантанушылар мен жас ғалымдар, зерттеу жұмыстарыңызға қажетті құжаттарды іздестіруге кітапхана өз деректерімен бөлісуге, шетелдік кітапханадағы деректерді қолжетімді етуге әрқашан дайын. Барлық кітап kazneb.kz электронды жүйесінде де қолжетімді, − деді Күміс Сейітова.
2023 жылы Жетісу облысындағы Шоқан Уәлихановтың мемориалдық музейіне күрделі жөндеу жүргізілген еді.