Silk Way Star қатысушыларының қазақша әндерін хитке айналдырған Бақытжан Быхин кім
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде қазақша ән айтып тұрған шетелдік орындаушылардың видеолары жиі тарап жатқанын байқасаңыз, мұның артында көбіне Бақытжан Быхиннің қолтаңбасы тұрады. Ол кәсіби музыкант болмаса да, TikTok пен Instagram-да қазір трендке айналған музыкалық контенттің авторына айналды.
Бақытжан біз студияға кірген сәтте жаңа ғана өңделген видеосын желіге жариялап үлгерді.
Бұл — Silk Way Star жобасының қатысушысы Yazmin Aziz орындаған «Сүгірдің термесіне» жасаған ремиксі.
Арада көп уақыт өтпей-ақ, халықаралық жоба қатысушысының өзі видеоны көріп, жылы лебізін жолдап, ремикс үшін алғыс айтты.
Бақытжан Быхин Нархоз университетінде туризм мамандығында оқыған, бірақ студент күнінен бері дыбыс әлеміне ден қойған.
— Музыкаға бұрыннан қызығамын. Университетте дыбыс жазатын студия болды, сол жерде тәжірибе жинай бастадым. Міне, 13 жылдан асты. Студияма кәсіби әнші де, қарапайым адамдар да келеді. Ернар Амандықтың «Кейіпкер» дейтін әнін естіген боларсыз? Дәл сол ән менің студиямда жазылды, — дейді ол.
Ол бұған дейін тек сахна сыртында жүрген. Отандық телеарналардағы жобаларға қатысып, тіпті ресейлік танымал тележүргізуші, әзілкеш Азамат Мұсағалиевпен де жұмыс істеген.

«Вирустық» видеодан Silk Way Star-ға дейін
Бақытжанның танылуы әлеуметтік желіден басталыпты. Ол әуеліде трендке айналған әзіл, жаппай тараған видеоларды музыкамен сүйемелдеп, өңдеп, өз парақшасына жариялаған.
Ол желіден идея іздеп жүріп, Silk Way Star жобасында қытайлық орындаушы Zhang HeXuan-ның қазақтың халық әні «Жүгіріп шықтым белескені» орындаған видеосын көзі шалып қалған.
— Алғашында TikTok пен Instagram-ға жай ғана қызық видеоларды музыкамен өңдеп сала бастадым. Бір күні Silk Way Star жобасын көріп қалдым. Өзге елден келген қатысушылар біздің ана тілімізде — қазақша ән айтып тұр. Бұл өте ерекше көрінді, — дейді Бақытжан.
Осыдан кейін ол салмақты, мағыналы контентке де бет бұрған.
— Шетел азаматтарының қазақша ән айтқаны ерекше әсер сыйлады. «Неге оларды қолдап жібермеске?» деген ой келді. Сөйтіп, айтқан әндерін өңдеп, өз қолтаңбамды қосып, контент жасай бастадым, — дейді ол.

Миллиондаған қаралым және қазақша контент
Бақытжанның сөзінше, шетел азаматтарының қазақша ән айтуы — аудиторияға өтімді контент.
— Бұл видеолар миллиондаған қаралым жинамайды, әрине. Алайда кішкентай реакцияның өзі шабыт береді. Қазір парақшамда 10 миллионнан астам қаралым мен бірнеше жүз мыңдаған лайк жинаған видеоларым бар, — дейді автор.

Бақытжан қазақша контент қарқын алып келе жатқан кезеңде өз үлесін дәл осылай қоса алатынына сенеді.
— Өз тілімді дәріптеуге қосар үлесім — осы контентім, — дейді ол.

Қарапайым студия — үлкен жобалар
Бақытжанның студиясы қарапайым ғана. Мұнда микрофон, монитор, дыбыс колонкасы ғана бар.
Бірақ осы шағын кеңістіктен бірнеше ірі жоба шыққан. Ал қазір бұрынғыдай тек сахна сыртында емес, еңбегін көпшілік те біле бастаған.
— Қазір әлеуметтік желідегі видеоларымнан кейін көшеде көргендер «Пианино тартатын жігіт емессің бе?» деп танып жатады, — дейді Бақытжан.
Ол контент жасауды бұрыннан ойлап жүргенімен биыл ақпанда ғана нақты қолға алған.

— Ақпанда Instagram-да 9 мың ғана оқырманым болды. Қазір 10 айдың ішінде 100 мыңнан асты. TikTok-та сол кезде парақша аштым, бүгінде 140 мыңнан астам оқырманым бар, видеоларыма 8 миллионнан астам лайк басылған, — дейді өңдеуші.
Бақытжанның ендігі жоспары анық. Ол өз контенті арқылы халықаралық аудиторияның назарын жаулап, қазақша музыкалық контентті жаңа деңгейге шығарғысы келеді.

Айта кетейік, Silk Way Star жобасының гранд-финалы 22 қарашада өтеді және сағат 20:00–де Jibek Joly телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Бір мезгілде хабар тарату Қазақстанда, Әзербайжанда, Тәжікстанда, Қырғызстанда және Моңғолияда өтеді.
Бірінші азиялық вокалдық мега-жобаның жеңімпазы аралас жүйе бойынша анықталады: 50% қазылар алқасы және 50% онлайн көрермендердің дауыс беруі арқылы.
Айта кетейік, Silk Way Star жобасының гранд-финалына келесі әртістер шықты:
- ALEM (Қазақстан);
- Язмин Азиз (Малайзия);
- Автандил Абесламидзе (Грузия);
- Мишель Джозеф (Моңғолия);
- Чжан Хэ Сюань (Қытай);
- Саро Геворгян (Армения);
- Мадинабону Адылова (Өзбекстан).
Сіз өзіңіздің сүйікті әншіңізді silkwaystar.org веб-сайтында қолдай аласыз.

Silk Way Star Орталық Азиядағы алғашқы вокалдық жоба болды, оған 12 елден: Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Кореядан келген әртістер қатысты.
Қатысушылар арасында халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, танымал әртістер және тиісті музыкалық мектептердің көрнекті өкілдері бар.
Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен China Media Group (CMG) арасындағы келісім аясында жүзеге асырылды.
Айта кетейік, мұның алдында Silk Way Star еуропалық сарапшыларды жоғары кәсібилігімен таңғалдырғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ қазақстандық әнші ALEM Silk Way Star-дың гранд-финалына дайындалып жатқанын хабарлағанбыз.
