Сырдарияда мұз жүріп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Сыр өңірі аумағындағы су шаруашылығының жағдайы тұрақты бақылауда. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сырдарияда мұз жүріп жатыр
Фото: Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті

Қазіргі кезде Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 200 текше метр, оның 50 текше метрі Көксарай су реттегіші арқылы түсіп жатыр. Шардарада 1 млрд 485 млн 48 мың текше метр су жиналған. 

Сырдарияда мұз жүріп жатыр
Фото: Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті

— Облыс аумағына секундына келіп жатқан су көлемі — 179 текше метр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 476 текше метр болды. 13 ақпанда Сырдария өзенінде мұздың жүруі басталды. Бүгінде Қармақшы ауданындағы Жаңажол елді мекенінің тұсына дейін Сырдария өзені иіндерінде қайтадан мұз ұстасты. Бұл — Қызылорда су торабынан төмен 237 шақырым. Облыс аумағында су басуы ықтимал 31 аймақ бар, — делінген хабарламада.

«Қазгидромет» РМК облыстық филиалы ұсынған мәліметке сүйенсек, Сырдария өзенінің көктемгі су тасқыны наурыз айының бірінші онкүндігінде басталып, сәуір айының ортасына дейін созылады. Су деңгейінің жоғары кезеңі мұздың жүру және кептелу кезінде байқалады.

Сырдарияда мұз жүріп жатыр
Фото: Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті

— 1 наурыздағы жағдай бойынша күннің суық кезеңінде аймақтың барлық аумағында жауын-шашынның мөлшері (Арал, Қазалы, Жалағаш, Қармақшы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарында) нормадан 11-84% жоғары болды. Өткен жылмен салыстырғанда жауын-шашын мөлшері 24%-дан 110%-ға дейін жоғары. Ал топырақтың тоңдануы Шиелі ауданында 0 сантиметр, Қазалы ауданында 19 сантиметр деңгейінде бақыланды. Топырақтың тоңдану тереңдігі Шиелі ауданында байқалмаған, ал Қазалы ауданында 4 сантиметрге дейін ұлғайды, — делінген филиал мәліметінде.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» мәліметін негізге алып, 13 ақпаннан 20 наурызға дейін облыс аумағы мұздан толық тазартылатынын алға тартты. 
2025-2026 жылдарға арналған жоспарға сәйкес су басу қаупі бар аймақтарға арнайы техника, күш-құралдары бар жауапты мекемелер бекітілді. Оның ішінде 101 мекеме 268 арнайы техника мен 1 195 адамды жұмылдыруға дайын. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қор жеткілікті.

Сырдарияда мұз жүріп жатыр
Фото: Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті

 

 — Ықтимал су тасқыны кезеңінде қауіпті аймақ тұрғындары 59 эвакуациялық жинақтау және 70 эвакуациялық қабылдау пунктіне көшіріледі. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар, су шаруашылығы саласының мамандары тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырып отыр. «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамымен жасалған келісім-шартқа сәйкес 1 тікұшақ әзірленді. Мұз жару үшін мамандандырылған мекемемен келісімшарт жасалды. 2025 жылы 199,1 млн теңге қаржыға 11 нысанда қорғаныс бөгеттері жөнделіп, қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, бюджеттен тыс көздер есебінен Қызылорда қаласындағы Сырдарияның сол жағалауы жөнделді, — делінген әкімдік хабарламасында.

Бұған дейін біз Алматы облысында ТЖД мамандары көктемдегі су тасқыны қауіпінің алдын алу шараларын қолға алғанын хабарладық.

Соңғы жаңалықтар
Референдум