Сырдарияның төменгі ағысындағы мұнаралардың негізін қалаушы — оғыздар
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан мұнаралар — оғыздар заманындағы сәулет өнерінің керемет туындылары.
Тарих магистрі, Эберхард пен Карл атындағы Тюбинген университетінің PhD докторанты Жетесби Сұлтанжанов Kazinform тілшісімен сұхбатта тарихи мәлімет пен археологиялық зерттеу нәтижелері негізінде Сыр өңіріндегі ортағасырлық Бегім ана, Сараман-Қоса және Ұзынтам мұнараларына қатысты ерекше жәйттерді бөлісті.
— Соның бірі Түркістан әуесқойлар үйірмесі мүшелерінің жазбаларында кездеседі. 1897 жылы Түркістан үйірмесінің кезекті отырысында Иван Аничков Сырдарияның төменгі алқабында орналасқан ежелгі ескерткіштерге жүргізілген зерттеу жұмысының есебін берген. Ол өз баяндамасында Сараман-Қоса мен Бегім ана мұнараларына тоқталған. Есептің мәтіні баспаға түсіп, оған қосымша Сараман-Қоса мұнарасының суреті бірінші рет жарияланады. Кейін 1910 жылы Лев Мейер мен Иван Аничковтың жинаған мәліметі Иосиф Кастанье дайындаған «Қырғыз даласы мен Орынбор өлкесінің ескерткіштер жинағына» кіреді. Бегім ана және Сараман-Қоса мұнаралары туралы қысқаша мәлімет Қазақстанның археологиялық картасында бар, — деді ол.

1983-1986 жылдары Қазақ КСР-інің Орталық Кеңесі тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының экспедициясы ескерткіштерге жоспарлы зерттеу жүргізген. Далалық зерттеу барысында Ұзынтам мұнарасы архитектуралық әдіспен зерттеліп, Бегім ана мен Сараман-Қоса мұнаралары қалпына келтірілді.

Қызылорда облысы Қазалы ауданының Түктібаев ауылынан 15 шақырым жерде Ұзынтам, одан солтүстік-батыста 12 шақырым және Қазалы қаласынан оңтүстік-батыста 68 шақырым қашықтықта Бегім ана мұнарасы орналасқан. Бегім ана ескерткіші жөнінде ешқандай анық мағлұмат жоқ. Дегенмен, халық арасында Жанкент қаласының апаты мен мұнараны тұрғызу себебі туралы аңыз тараған.
— Сондай аңыздардың бірі Мәлік шахтың ұлы Санжар ханның Жанкентте билік еткен кезеңімен сәйкес келеді. Ол өзіне Қарабура әулиенің Бегім есімді сұлу қызын әйелдікке алады. Бір күні хан әйелінің адалдығына күмәнданып, оның бұрымы мен сол қолын кесіп, зынданға тастауын талап етеді. Кейін Бегім сұлудың адалдығы дәлелденіп, кесілген бұрымы мен қолы қалпына келеді. Бірақ Бегім құсқа айналып, Арал теңізінің жағалауына ұшып кетеді. Аңыз бойынша осы жағдайдан кейін Қарабураның қаһарына ұшыраған Жанкент жыландардың шабуылынан құлайды. Қаладан қашып құтылған адамдар Бегімнің рухын тыныштандыру үшін мұнара тұрғызыпты деседі. Аңыздың келесі нұсқасы да Санжар хан мен Бегім ананың өмірімен байланысты. Оқиға желісі бойынша бірде аңшылыққа шыққан Санжар хан жолай қару-жарағын ұмытып, сарайына бір батырын жұмсайды. Біршама уақыт өткенімен ол оралмаған соң ашуға мініп, кері қайтады. Батыр Бегім сұлудың сарайда ер адам жоқ деген оймен бет-жүзін ашық ұстап, сарайда серуендеп жүргенін көріп, сұлулығына тамсанғаннан есінен танып қалады. Сарайға келген хан әйелінің бөлмесінің маңында есінен танып жатқан батырды көріп, әйеліне «опасыздық жасадың» деп кінә тағады. Әйелінің ақталғанын тыңдамаған Санжар ашумен оның бұрымы мен қолын білезік тұсынан шауып тастайды. Бегім үйін тастап, Арал маңындағы мұнарадан (Бегім ана мұнарасы) пана тауыпты. Бұл мұнара содан бері әулие Бегім ананың құрметіне салынған ескерткіш ретінде сақталып келеді. Бегімнің әкесі Қарабура Санжар ханның қызына жасаған әділетсіздігіне ренжіп, Жаратушыдан әділдік сұрап, дұға жасайды. Бір түнде шашы мен қолының қайтадан қалпына келуі халықты таңғалдырады. Бірақ әкесі сүйікті қызының жаралы жүрегін емдей алмайды. Аңыз бойынша Жанкент қаласын жылан басып, ал халқы қаланы біржола тастап кетеді. Керуендер жылан басқан қаланы айналып өтіп, құстар ұя салмай, жануарлар жақындамай қояды, — деді Жетесби Сұлтанжанов.

Әр аңыздың астарында шындық бар. Қыпшақтарға, кейін оғыз тайпаларына «жылан» атаулы тайпаның шабуыл жасағаны ортағасырлық деректерде келтірілген. Тарихшының айтуынша, оғыз мемлекеті қыпшақ тайпаларымен болған шайқас нәтижесінде құлап, бұл халық жадында жыланмен байланысты аңыз ретінде сақталған. Ел арасында Қазалы ауданының Кәукей ауылынан солтүстік-шығыста 3 шақырым жерде, Қуаңдария жағалауында орналасқан Сараман-Қоса мұнарасы туралы да аңыз әңгіме аз емес. Иван Аничков жазып алған нұсқа бойынша шамамен 20-25 ұрпақ бұрын Сараман Ноғайдан Үргеніште тұрған Қоса қызды алып кетеді. Қызға ғашық болып қалады, бірақ Қосаның туыстары оларға жетіп алып, ұстап, сол жерде өлтіреді. Қазір ескерткіш тұрған жерде қарақалпақ батырлары Жоба мен Айдос Сараманға арнап ескерткіш тұрғызған, ал Қосаның ескерткіші жақын маңдағы құмда болған, алайда ол сақталмаған. Аңыз бойынша мұнара Арал теңізіне жақын жерде.
Тарихшы үш мұнараның бірқатар ұқсастығы барын атап өтті.
— Олар (Ұзынтам мұнарасынан бөлек) өлшемдері 22-24×22-25×5-6 сантиметр шаршы пішінді қам кесектен соғылып, сырты күйдірілген кірпішпен қапталған. Сақталған биіктігі 10-15 метр аралығында. Мұнаралардың негізі дөңгелек тәріздес (диаметрлері 6 метрге жуық) болып келіп, жоғарыға қарай тарыла түседі. Ішкі бөлігі бір немесе бір-бірінің үстіне орнатылған бөлмелерден тұрады. Киелі ескерткіштердің арасынан Ұзынтам мұнарасы байырғы келбетімен ерекшеленеді, — деді ол.

Ғалым ескерткіштердің негізін қалаушы оғыздар екенін, бірақ оғыздардың ғұрыптық ескерткіштері белгілі болмағандықтан оны анықтау қиынға соғып отырғанын айтты.
— Халық фольклорын сараптау негізінде ескерткіштердің қызметтік мақсаты туралы екі түрлі пікір қалыптасты. Оның біріншісі — мұнаралардың жерлеу үсті құрылысына немесе жерлеуге қатысы жоқ. Бірақ уақыт өте келе айналасы қорымға айналған. Мысалы, Бегім ана мұнарасына байланысты аңызда «Бұл жерде Қызылбаш ханның әйелі Чанджара жерленген» делінеді. Екіншіден, мұнаралар мемориалды ескерткіштер болып есептеледі. Ал белгілі ғалым, сәулетші Бек Ибраев «жергілікті халық мұнараларды түнеу ғұрпымен байланыстырған» деп тұжырым жасайды. Демек, мұнаралар — сол жерде қайтыс болған адамның рухымен қарым-қатынас орнатуға арналған орын. Олар жергілікті әулие немесе белгілі бір құдіретке тиесілі. Мұнаралардың атауын білу арқылы адам сол жерге келу мақсатын түсінеді. Бек Ибраевтың жазбасына сүйенсек, Бегім ана мұнарасының жанында «құрбандық шалу» рәсімінің іздері, мысалы, матаның үзінділері, тиын, қойдың бас сүйегі мен мүйіздері сақталған. Бегім ананың рухы тек әйел адамдарға көмектеседі және ол жерге ер адамдардың баруына болмайды деген түсінік қалыптасқан. Зерттеуші ескерткішке келген адамдардың бедеуліктен, сал ауруынан және тағы басқа ауру түрлерінен ем тапқаны туралы жағдайларды естігенін атап өтеді. Екінші тұжырымның дұрыстығына негіз бар болғанымен, біздің ойымызша, бұл мәселе толықтай шешімін тапқан жоқ, — деді Жетесби Сұлтанжанов.
Бұған дейін біз Маңғыстаудағы тек көне ескерткіш қана емес, Адай руының батырлары мен би-шешендері мәңгі тыныстаған киелі мекен Сисем ата қорымы туралы тарқатып жазған едік.