Сириядан Қазақстанға оралған балалардың жағдайы не болады
«Қайта оралған балалардың кейбірі Сирияда дүниеге келген. Оларды құжаттандыру мәселесін Сыртқы істер министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар шешетін болады. Бұл рәсім біздің заңдарымызбен мақұлданғандықтан, ешқандай кедергі жоқ», - деді ол ҚР СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, ҰҚК өкілі барлық дерлік баланың әкелері сол жақта көз жұмғанын, балалар аналарымен бірге елге оралғанын атап өтті.
«Тіпті бір баланың анасы әлі де сол жақта қалған. Ал баланың өзі мұнда жалғыз. Қайта оралған азаматтар - Астана және Алматы қалаларының, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының тұрғындары», - дейді Бақытбек Рахымбердиев.
ҰҚК департамент басшысы сондай-ақ, олардың барлығы да 2012-2015 жыл аралығында Сирияға жеткізілгенін атап өтті.
«Қазір 7 азаматтың (6 ер адам мен бір әйел) террористік ұйымдардың қызметіне араласуына байланысты қылмыстық іс жүргізіліп жатыр», - деді Бақытбек Рахымбердиев.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев «Жусан» операциясы бойынша Сириядан елімізге қайтарылған азаматтардың жетеуінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді. Оның айтуынша, ҰҚК-да Сириядан қашпақ болған бірнеше қазақстандықтың өлім жазасына кесілгені туралы мәліметтер бар.