2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Іске қатысы бар басқа да тұлғаларды ұстау мақсатында тергеу жалғасып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға байланысты Қарулы Күштердің жоғары және аға командалық құрамындағы бірқатар лауазымды тұлға ұсталғаны белгілі.

Іске қатысы бар басқа да тұлғаларды ұстау мақсатында тергеу жалғасып жатыр
Фото: Видеодан алынған скрин

ІІМ іске қатысы бар басқа да тұлғалардың шеңберін анықтап, оларды ұстау мақсатында тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.

Ал ұсталғандардың қатарында — ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскерлері ротасының және «Қайсар» катерінің командирлері бар екені хабарланған болатын.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.

Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.

Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.

Бүгін Каспийде екі әскери қызметшіні іздеу операциясына жүздеген адам жұмылдырылғаны хабарланды.

Сонымен қатар әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар күдікке ілінгені туралы жазған едік.

Айта кетелік Каспийдегі төтенше жағдайдан кейін құтқарылған әскери қызметші есін жиған еді.

Бүгін Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылып, іздестіру операциясы аяқталған еді.

Сонымен қатыр Каспийдегі әскери қызметшілердің қазасына байланысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр.