СҚО-да көмір бағасы өзгерді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында көмірдің жеткілікті қоры бар.

Жылыту маусымының алдында көмір дефицитін болдырмау үшін СҚО-ға қыркүйек айында ғана 862 вагон түрлі маркалы көмір жеткізілмек. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мәлімдеді. Петропавлдағы тұйықтарда қазір 2 284 тонна, аудандарда 53 мың тонна қатты отын жатыр.
– Облыс бойынша көмір сататын 35 орын бар, 44 кәсіпкер айналысады. Тұрғындарға жылыту маусымына 409 мың тонна көмір қажет болса, қазір соның 267 мың тоннасын немесе 65%-ын түсіріп алды. Бюджеттік ұйымдар толық қамтылды, - дейді басқарма басшысының орынбасары Қуандық Шақубаев.
Тұрғындар арасында Шұбаркөл мен Қаражыра көміріне сұраныс жоғары. Бұлардың бағасы да басқаларына қарағанда қымбат. 18 мың теңгеден басталып, 25 мың теңгеге дейін жетеді.
– Өткен жылмен салыстырғанда көмір бағасы өсіп отыр. Екібастұз көмірі – 5,6%, Шұбаркөл – 15,6%, Қаражыра – 13,5%, Майкөбе көмірі 12,7%-ға өсті. Бағаға көмір жатқан тұйықтың орналасуы да әсер етеді, - дейді Қуандық Шақубаев.
Басқарманың мәліметінше, қазір өңірге 154 вагон көмір келе жатыр. Жалпы осы айда 862 вагонмен 59 тонна түрлі маркалы көмір жеткізілмек.
Петропавлдағы 2-Жылу-электр орталығы да отынмен жеткілікті деңгейде қамтылған. Қазір мұнда 18 тәулікке жететін 96,5 мың тонна көмір және 99 тәулікке жететін 1 092 тонна мазут бар.
Бұған дейін елімізде көмір өндіретін 30 кәсіпорында 32 мыңнан аса адам еңбек ететінін жазған едік.