СҚО-да су тасқынынан қорғайтын бөгеттер қайта жаңартылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Петропавл мен қала маңындағы аудандардың беріктігі тағы да тексерілді. Былтырғы су тасқынының барлық сабақтары ескерілді. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Есілдің тасқын суларынан қорғау шаралары туралы баяндады.

су тасқыны
Фото: ТЖМ

— Петропавл қаласындағы 3 бөгетті және Қызылжар ауданындағы 3 бөгетті қайта жаңарту жұмыстары аяқталып келеді. Барлық бөгеттердің биіктігі Балтық жүйесі бойынша 102,2 метрге дейін жеткізілді. Бұл 2024 жылғы су тасқыны деңгейінен 1,5 метрге жоғары. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Есіл жайылмасындағы тұрғын үйлерді қорғау үшін 2 жер қорғаны салынды, — деді Ғ. Нұрмұхамбетов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Сонымен бірге, Петропавл су торабынан 32 шақырым төмен учаскеде Есіл арнасын тазарту және түбін тереңдету бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. 

— Бұл болашақта өзеннің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Су басу қаупі жоғары аймақтардың бірі – жайылмада орналасқан Заречный кенті. Сондықтан тұрғындарды қала орталығына толық көшіру туралы шешім қабылданды. Алғашқы 90 пәтерлік бес қабатты үйдің құрылысы жақында аяқталады. Жыл соңына дейін алғашқы тұрғындарды жаңа үйге қоныстандыру жоспарланған, — деді облыс әкімі. 

Бұған дейін Ғауез Нұрмұхамбетов СҚО-да қайтарылған активтер қаражатына жаңа су құбыры тартылғанын айтқан еді. 

Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысы 900 млрд теңгеге жуық инвестиция тартқан. 



Соңғы жаңалықтар