Солтүстік өңірлерге бағдарланған көш қайтсе түзеледі

АСТАНА. KAZINFORM – Біраз жылдан бері еліміздің еңбек күші көп оңтүстік өңірлерінен солтүстік өңірлерге азаматтарды ерікті түрде қоныс аударту бағдарламасы іске асырылып келеді. Мақсаты айқын, бөлінген қаражаты мол осынау бағдарлама әзірше көңіл көншітерлік нәтиже бермей отырған сыңайлы. «Қазақстан Республикасының солтүстік өңірлеріндегі демографиялық ахуал: демографиялық талдаудың модельдері мен әдістері» тақырыбында үш жылдық зерттеу жүргізген ғалымдар осындай тұжырымға келіп отыр.

қоныс аудару, көш
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Елордадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде аталған зерттеу нәтижелерін талқылауға арналған халықаралық конференция барысында білім ордасының қауымдастырылған профессоры, жоба жетекшісі Қайрат Бодаухан елімізде қалыптасқан демографиялық ахуал, оның ішінде солтүстік өңірлердегі халықтың депопуляциясы, урбанизациясы, туудың төмендеуі мәселесі қаншам жылдан бері көтеріліп келгенін, соған байланысты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданғанын айтады.

Қайрат Бодаухан
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Қоныс аударуды стихиялық түрде жүргізіп, нәтижесіне мән бермедік. Солтүстік өңірлер қоныс аударушыларды дұрыс қабылдамады, бағдарламаны дұрыс жүзеге асырмады деуге келмейді. Өйткені, олар қалап отырған салаға қажетті мамандар емес, басқа мамандар көшіп келді. Мәселен, оңтүстік өңірде жұмыссыз отырған, банктерден несие алып, қайтара алмай жүрген азаматтар, яғни тұрмысы төмен адамдар солтүстікке жағдайларын түзету ойымен барды. Ал олар солтүстікке барғанымен сұраныс жоқ. Осы жайттар үлкен проблема туындатып отыр. 5 жыл бойы жүзеге асырылып келе жатқан бағдарламаның нәтижесіз екендігіне көзіміз жетті. Солтүстікке қоныс аударсаң барлық жағдайың жасалады деуге келмейді. Себебі, ең алдымен менталитет басқа. Екіншіден, солтүстіктің көктемі, оңтүстіктің қысымен пара-пар. Ол жерге барып өмір сүру өте қиын, 6 ай қыс болады», - деді ғалым.

Ол ғылыми тұжырымдалған зерттеулер жоқтығы бағдарламаның сапасыз жүзеге асырылуына сеп болып отыр деп есептейді.

«Біз көбіне сандық мәліметтермен, «осынша адамды көшірдік», «осыншама қаржы бөлдік», «осыншама адам келді» деген сияқты деректермен шектелеміз. Бірақ, нәтижесі белгісіз, яғни көп жағдайда тіпті «Көшіп келген адамдар қалай орналасты?», «Қаншасы кері көшіп кетті?», «Олардың жағдайы қандай?», «Олар белгілі бір дәрежеде келесі көші-қон ағынына оң әсер бере алды ма?», «Облыстың еңбек тапшылығы мәселесін шешуге үлесін қоса алды ма?» деген сияқты көптеген мәселе қарастырылмайды», - деді ғалым.

Жарқынбек Амантай
Фото: Ж. Амантайдың жеке мұрағатынан

Павлодар өңірінен Мәжіліс депутаты болып сайланған Жарқынбек Амантайұлының пайымдауынша, ішкі көші-қонды жандандыру, сырттан қандастарды тарту және ауылдарда халықтың тұрақты қоныстануы үшін инфрақұрылымды дамыту қажет. Өйткені, оңтүстіктен көшіп келгенімен, бір қыстан кейін қайта үдере көшіп кететін азаматтар да бар. Салдарынан мемлекет тарапынан бөлінген қаражат желге ұшып жатады. Сонымен қатар ол зерттеу жобасы жетекшісінің жұмыс күшіне қатысты айтқан пікірімен келісіп отыр.

«Халық тығыз орналасқан өңірлер көбіне әлеуметтік осал топтарды солтүстікке көшіріп жібереді. Содан кейін олардың проблемасымен солтүстіктегі жергілікті атқарушы органдардың айналысуына тура келеді. Әрине, мемлекет тарапынан берілетін барлық көмек көрсетіледі. Бірақ, жергілікті әкімдіктер оларды еңбек күші қажет болып отырған салаларға жұмысқа кіргізе алмайды. Сондықтан бұл мәселені ғылыми тұрғыдан зерделеу аса қажет. Біз Түркістан қаласын қайта жаңғыртып, түрлендіреміз деген тұста ішкі көштің бәсеңдегенін байқадық. Өйткені, Астананы салған сияқты болашағы жарқын болып көрінген қалаға қарай, жұртшылықтың, әсіресе жастардың ағылуы байқалды. Дәл сол секілді үлкен бір жобаны солтүстікте де бастау қажет. Бір қалаға саяси мән беріп, жаңаша реңк беру керек. Сол кезде жастардың өздері-ақ сол қалаға ағылады деп ойлаймын», - деді Мәжіліс депутаты.

Депутат Мажилиса Парламента РК от Общенациональной социал-демократической партии Нурлан Ауесбаев
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев та «Азаматтарды оңтүстіктен солтүстік өңірлерге өз еркімен қоныс аудару бағдарламасының» аты да, заты да жақсы болғанымен лайықты нәтиже бермей отырғандығын баса айтады.

«Ашығын айтуы керек, оңтүстікте де, солтүстікте де жергілікті әкімдіктер бұл мәселемен ойдағыдай жұмыс істеп жатқан жоқ. Өйткені, ақпараттық насихат жоқ, басқа да мәселелер бар», - деді депутат.

Солтүстік өңірлердегі демографиялық ахуалды зерттеу жобасының жетекшісі Қайрат Бодаухан да өндіріс ошақтарын, ірі университеттер ашу арқылы оңтүстіктен адамдарды ерікті түрде қоныс аудартуға, сол жерге тұрақтап қалуына ынталандыруға болатындығына назар аудартады.

«Ал азғантай көмек беру, баспанамен қамту арқылы көшіріп апарып тұрақтандырамыз деуге болмайды. Жалпы, зерттеу нәтижесінде белгілі бір тұжырымдар жасадық. Әрине, бұл барлық мәселені шешіп тастайды деп айта алмаймыз. Дегенмен, ғылыми-зерттеу жүргізу, арнайы сол өңірлерді аралау, көшіп келген ағайындармен сөйлесу және облыста қалыптасып отырған демографиялық ахуалға зерттеу жүргізу, сарапшыларды тарту арқылы белгілі бір дәрежеде тұжырымға келдік. Солтүстік өңірлердегі халық санының жыл сайын төмендеуі байқалады. Мәселен, 10 мың адам көшіп келсе, 18 мың адам көшіп кетеді. Демографиялық болжамдарға қарағанда, 2050 жылдарға қарай бұл өңірдің халық саны 30 пайызға дейін кемуі мүмкін. Біз бұл проблеманы зерттеп, Парламент деңгейінде ұсыныс беріп отырмыз. Солтүстік өңірлердегі халықты ұстап тұруға және олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсартуға септігін тигізетін кешенді бағдарлама әзірлеу аса маңызды», - деді Қайрат Бодаухан.

Бекбол Орынбасаров
Фото: gov.kz

Ал Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров ауылдық жерден қалаға үдере көшу процесіне алаңдаушылық танытады.

«Бұрындары урбанизация 25 пайызға жетсе, онда дабыл қағу қажеттігі айтылатын. Ал қазір біз урбанизация 75 пайыз болды деп мақтана айтып отырмыз. Бұл жайт ертең қайда алып келеді? Жұрттың бәрі ірі қалаларға, мегаполистерге ағылып жатыр. Оларға жұмыс қалай тауып береміз немесе ертең халықты кім асырайды? Осы мәселелерді жүйелі түрде ойластыру қажет. Бұл - мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Алдағы уақытта қолға алынатын үлкен-үлкен жобалар болса, онда оларды шамамыз келгенінше солтүстік өңірлерде жүзеге асыруымыз, сол арқылы халықтың қоныс аударуға ынталандыруымыз керек. Кезінде Ақмола астанамыз болады дегенде ешқайсымыз сенбедік қой. Ал қазір миллионнан астам тұрғыны бар қалаға айналды», - деді сенатор.

Айта кетсек, Солтүстік Қазақстан облысында 635 ауыл болса, соның 141-інде халық саны елуге жетпейді. Биыл жеті елді мекен картадан мүлде жойылуы ықтимал

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында кезінде тіршілігі қыз-қыз қайнап, тұрмысы гүл-гүл жайнап тұрған ауылдар қазір қаңырап бос қалып жатқаны туралы жазылған еді. Соңғы 10 жылда облыс бойынша 30 елді мекен таратылған. Қазір 50 адамнан аз тұратын 25 ауыл бар.

Сондай-ақ, елордадан Екібастұзға қоныс аударғандардың өмірі 5 жылда қалай өзгергені туралы да жазылды

Соңғы жаңалықтар