Соңғы жылдары білім саласына салынған инвестиция 6 есе өсті
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы жылдары білім саласына салынған инвестиция 6 есе өсті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысын талқылау кезінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты.
«Оқу-ағарту министрлігі ұсынып отырған тәсіл назар аударуға тұрарлық деуге болады. Тәсіл конкурстық негізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік принциптеріне негізделген. Бизнес қауымдастық тарапынан үлкен қызығушылық байқалады. Соңғы жылдары білім саласына салынған инвестиция 6 есе өсті. Жалпы, осы тетікті жеке инвестициялар есебінен іске асыру мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Оның арқасында басқа жобаларға назар аударуға мүмкіндік туындайды», - деді Роман Скляр.
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров та Оқу-ағарту министрлігі ұсынып отырған тәсілді қолдайтындығын атап өтті.
«Өйткені, бұл тек қана бюджеттік жүктемені төмендету емес, жалпы кәсіпкерлікті дамытуға, отандық тауарларды сатып алуға, инвестициялардың өсуіне ынталандырады. Жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Сондықтан толығымен қолдаймыз», - деді ол.
Осы орайда Үкімет басшысы Олжас Бектенов одан: «Мемлекетке тиімді бола ма?», - деп сұрады.
«Иә, біздің есебіміз бойынша едәуір үнемді болады. Біздің нақты есебіміз бар. Өте пайдалы болады деп ойлаймыз», - деді Ұлттық экономика министрі.