Жайлы мектеп салудың жаңа төртінші тәсілі әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM – Жайлы мектеп салудың жаңа төртінші тәсілі әзірленді. Бұл туралы Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысын баяндаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.

«Жайлы мектеп»: Павлодарда жаңадан 5 білім ұясы салынады
Фото: primeminister.kz

«Былтыр қазан айында министрлік ұлттық жобаға «Атамекен» ұлттық палатасының және салалық қауымдастықтардың ұсыныстары ескерілген отандық өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шараларды енгізді», - деді министр.

Оның атап өтуінше, аталған шараларға сәйкес:

- жайлы мектептерге қажетті жиһаз «Самұрық-Қазына» және «Атамекен» тізіліміне енген отандық өндірушілерден ғана сатып алынады;

- мектеп құрылысында, оның ішінде сыртқы қасбеттерде жергілікті өндірушілердің өнімдері пайдаланылады, сондай-ақ тиімді шарттарға негізделген алдын-ала келісімшарт жасау тәсілін қолданылады.

«Ұлттық жоба ең алдымен білім беру сапасын қамтамасыз етуге және оқу процесін ұйымдастырудың тиімділігіне ықпал етуі тиіс. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында жайлы мектептер үшін жаңа буын директорларының корпусын іріктеуді қолға алды. Жаңа мектептерді кадрлармен қамтамасыз ету үшін жас кадрлардың және тәжірибесі бар мұғалімдердің біліктілігін арттыру жолымен педагогтер базасы қалыптастырылып жатыр. Еліміздің жетекші мектептерінің тәжірибесі негізінде оқу процесінің мазмұнын жетілдіруге бағытталған білім беруді ұйымдастырудың жаңа моделі әзірленуде», - деді ол.

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, жайлы мектептердің құрылысы 3 тәсіл арқылы жүзеге асырылады. Біріншіден, «Самұрық-Қазына Констракшн» арқылы мектептердің нысаналы құрылысы салынады. Екінші, әкімдіктер жеке инвесторлардан дайын ғимараттарды тауар түрінде сатып алады. Үшінші, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мектептер салынады. 

«Министрлік ұлттық жобаны іске асыруға жеке инвестициялар тарту мақсатында мектеп салудың жаңа төртінші тәсілін әзірледі. Бұл тәсіл жеке инвестор және жетекші білім беру ұйымы қатысатын консорциум құру арқылы іске асырылады. Төртінші тәсілді іске асыру кезінде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы және кейінге қалдырылатын міндеттемелер есебінен бюджетке жүктеме азаяды және құрылыстың қымбаттау тәуекелдері болмайды. Инвесторларды іріктеуді әкімдіктер конкурстық негізде жүзеге асыратын болады», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар