Сот блогер Әлібековтің көлігімен жас жігітті басып кеткен жүргізушіге үкім шығарды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Іле аудандық сотында П.-ға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабының 1-бөлігі бойынша (абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) қылмыстық іс қаралды.

сот
Фото: freepik.com

2024 жылдың 29 қазан күні Ақсай ауылындағы «Сокол» автодромының аумағында бейнеролик үшін трюк орындау кезінде 22 жастағы жас жігіт 45 жастағы жүргізуші басқарған көліктің астына түскен. Lamborghini көлігі блогер Бейбіт Әлібековке тиесілі болған.

Алматы облысы Іле аудандық сотының мәліметінше, прокурор көлікті басқарған П.-ға бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Ал айыпталушы П. өз кінәсін толық мойындады, алайда жәбірленушілердің әрқайсысына 100 млн теңге көлемінде моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаппен келіспейтінін білдірді.

Жәбірленушілер А. және А. бұл қылмысты қасақана жасалған деп санап, істі ҚР ҚК-нің 106-бабына қайта саралауды сұраған.

- Сот П.-ны ҚР ҚК-нің 104-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сот жазаны тағайындау кезінде жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде — айыпталушының кәмелетке толмаған мүгедек баласының бар екенін, шын жүректен өкінуін ескерді, - деп хабарлады Іле аудандық соты.

Сондай-ақ сот моральдық зиянды өндіру туралы шешім шығарды:

* Жәбірленуші А.-ның пайдасына — 3 000 000 теңге;

* Жәбірленуші А.-ның пайдасына — 2 000 000 теңге.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жедел жәрдем көлігі қағып кеткен азамат қайтыс болғанын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар