Су тасқыны: Ақтөбеде полиция мүлікті күні-түні күзетеді

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында 430 үйді су басты. Қазіргі кезде қала маңындағы Ақтөбе және Сазды су қоймасы толып, су жіберіліп жатыр. Ал ең ірі су қоймасы Қарғалыда жағдай бақылауда тұр.

Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланған соң Елек пен Қарғалы өзендерінің жағасында орналасқан үйлердің тұрғындары кеше эвакуацияланды. Бүгінде бұл үйлердің тұрғындары шаһардағы 40 эвакуациялық бекетті паналап отыр. Ал үй маңында күзетке ер адамдар қалған. Елек өзені маңында су деңгейін қарап, фотоға түсіріп жүрген Орын Төреғазиев тұрғындарды сабырға шақырды. 

— Үйдің қасында болған соң келіп тұрмын. Өзім Заречный-2 тұрғын алабында тұрамын. Қазір жұмыс барлық жерде атқарылып жатыр. Халыққа тыныштық, сабыр тілеймін. Біріміз біріксек, бәрін жеңуге болады, — деді Орын Төреғазиев. 

Су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбенің Елек өзені бойын жағалай орналасқан үйлердің тұрғындары бірігіп, бекіту жұмыстарын атқарып жатыр. Олардың бар ойы — баспананы сақтап қалу. 

— Тұрғындар мен төтенше жағдайлар қызметі Елек өзенінің жағасын бекітіп жатырмыз. Бұл біз үшін маңызды. Елек бұл жолы 2 метрге көтерілді. Біз 1 шақырымға дейінгі аумақты бекіттік. Жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз, — деді қала тұрғыны Самат Ермағамбетов. 

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда 430 үйді су басты. Барлығы 2 мыңнан астам адам эвакуациялық бекеттерде отыр. Сонымен бірге 500-ге жуық адам тума-туыстарына барды. Төтенш жағдайлар қызметі адаммен қатар төрт түлікте де айдап, кейде қайыққа салып құтқарып жатыр.

— Өткен тәулікте, тәуліктің түнгі уақытын қоса алғанда, қауіпті учаскелерде шамамен 47 800 дана құм толы қап және 5 222 тонна инертті материал төселді. Барлығы 231 мың текше метр су сорылды. Авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға1735 адамы, 400-ден астам техника жұмылдырылды. Қазір Жедел желі телефоны жұмыс істейді. Оған 123 қоңырау түсті, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі. 

Ақтөбе қаласындағы Кірпішті тұрғын алабының тұрғындары қазір алма-кезек үйінің жағдайын біліп жүр. Олар үйлеріне қайықпен барып, келеді. 

Су тасқыны
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— 2017 жылы үйіміз суға кетті. Биыл да қайталанып отыр. Жаңа ғана барып, қарап келдім. Су терезеге жақындап қалған. Заттарым қымбат, соны қарап келдім, — деді қала тұрғыны Айгерім.

Ақтөбе қаласының жастары бірнеше топқа бөлініп, көмектесті. Олар автоеріктілер, қол күшін беретін еріктілер болып бөлінді. 

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Кеше түнде 4-5 сағат ішінде мыңнан астам көлік жиналды. Олар қаладағы түрлі маркалы көліктің басын қосып отырған жүргізушілер. Бәрі де тұрғындарды тасымалдады, көмек көрсетті. Бұл үлкен көмек, күш болды. Шынымды айтсам, осынша адам келеді деп ойламаппыз. Эвакуаторлар да көмек берді. Халықтың көмегі сүйсінтті, қуанатты. Таңда қайықтың көмегі қажет болды. Оған да тұрғындардан көмек болды, — деді Әлішер Садық.

Қазір тұрғындардың мүлкін, қауіпсіздікті полиция мен әскерилер күзетіп тұр. 

— Облыс полицейлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатыр. Бүгін үшінші күн. Үйлерден эвакуация жасау және сол үйлерде ұрлықтың болмауын қамтамасыз ету міндетіміз. Жолда да бақылау жүріп жатыр, — деді Ақтөбе облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов.

Видео: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Соңғы жаңалықтар