Суару кезеңі аяқталғанша Қазақстан Сырдария арқылы тағы 1,5 млрд текше метр су алады - министр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 2024 жылдың 1 қазанынан бері Сырдария өзені арқылы Шардара су қоймасына 14,2 млрд текше метр су түсті. Мұны Ташкентке жұмыс сапарымен келіп, Kazinform тілшісінің сауалына жауап берген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.

Суару кезеңі аяқталғанша Қазақстан Сырдария арқылы тағы 1,5 млрд текше метр су алады
Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

- Вегетация және вегетацияаралық кезеңдер бар екенін ескеруіміз керек. Соған сай, 1 қазаннан бастап бүгінгі күнге дейін Сырдария өзені бойынша Шардара су қоймасына 14 млрд 200 млн текше метр су келді. Суару маусымының аяқталуына шамамен үш ай қалды. Біздің келісімге сәйкес, осы аралықта қосымша 1,5 млрд текше метр су аламыз деп жоспарлап отырмыз, - деп жауап берді Нұржан Нұржігітов Kazinform тілшісінің сауалына.

Министрдің айтуынша, 2023 жылдың 1 қазанынан 2024 жылдың 1 қазанына дейін өзбек тарапы Сырдария өзені арқылы Шардараға 14,8 млрд текше метр су бағыттаған.

Еске салайық, министрлік биыл Сырдария өзені арқылы Шардара су қоймасына 16 млрд текше метр су түсетінін мәлімдеп еді.

Бұған қоса, Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария өзенінің бойына су есептейтін құрылғылар орнатуға ниетті екенін жазып едік. Министр Нұржан Нұржігітов атап өткендей, бұл жұмыс биыл аяқталуы тиіс.

Сонымен қатар жыл басында ведомство басшысы: «Су мәселесіне қатысты жағдай былтырғыдан жаман болмайды», деп сендіріп еді.

Соңғы жаңалықтар