Талдықорған қаласында хаос пен биліксіздікке жол берді - Бас прокуратура Серік Күдебаев туралы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бас прокуратураның баспасөз қызметі бүгін 10 жылға бас бостандығынан айырылған Алматы облысы (қазіргі Жетісу) полиция департаментінің экс-бастығы Серік Күдебаевқа қатысты мәлімдеме таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Талдықорған қалалық сотының үкімімен С.М. Күдебаев «қаңтар оқиғалары» кезеңінде ауыр зардаптарға (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) және азаптауларға (146-бабы 2-бөлігі) әкеп соққан билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып, полиция генерал майоры арнайы атағынан айырыла отырып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
С.М. Күдебаев Қазақстан Республикасы Конституциясының, Мемлекет басшысының «Төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығының, «Құқық қорғау қызметі туралы» және «Ішкі істер органдары туралы» заңдарының нормаларын бұзып, сондай-ақ ведомствоішілік бұйрықтар мен арнайы жоспарлардың талаптарын орындамаған.
Шабуыл белгілері болмаған жағдайда, төтенше жағдай кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің орнына, С.М. Күдебаев жеке құрамға ғимараттан кетуге және үйлеріне тарауға заңсыз бұйрық беріп, қызметкерлердің райын қайтарған.
Жергілікті жердің коменданты ретінде жедел штабтың тиісті жұмысын және аймақтағы жағдайды тұрақтандыру бойынша уақтылы шаралар қабылдауды қамтамасыз етпеген.
Нәтижесінде Талдықорған қаласында хаос пен биліксіздікке жол берді. Тонаушылар сауда үйлері мен бизнес нысандарын тонады. Банкоматтар мен супермаркеттердің дүңгіршектерін қиратып, облыс әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы ғимараттарына шабуыл жасап, өртеді.
Қылмыскерлер құқықтық тәртіп күштері болмаған кезде жазасыздық пен рұқсат етілгендікті сезініп, облыс Полиция департаменті мен Талдықорған қаласы Полиция басқармасының ғимараттарын басып алды, олардың 500-ге жуық қаруы мен 28 мыңнан астам оқ-дәрісін ұрлаған, олардың бір бөлігі әлі табылған жоқ.
Мемлекетке, азаматтарға және кәсіпкерлерге келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 5 млрд теңгені құрады.
2022 жылғы 7-16 қаңтар аралығында оның үнсіз келісімімен Полиция департаментінің ғимаратында 23 азаматқа қатысты жаппай азаптау қолданылды.
Сонымен қатар, С.М. Күдебаевтың көз алдында оның қарамағындағылар департамент аумағына жеткізілген адамдарды ұрып-соққандығы бейнекамераларға жазылған.
Психикалық және физикалық зорлық-зомбылықпен, сондай-ақ бу үтікті қолданумен қатар жүретін тыйым салынған тергеу әдістерінің нәтижесінде аталған азаматтардың денсаулығына әр түрлі дәрежедегі зиян келтірген.
С.М. Күдебаевтың кінәсі қылмыстық іс бойынша жиналған дәлелдемелер жиынтығымен толық дәлелденді.
Айта кетейік, бүгін Серік Күдебаев билік пен лауазымдық өкілеттілігін пайдалану, азаптау баптары бойынша кінәлі деп табылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Сондай-ақ, Күдебаев 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Судья оны барлық мемлекеттік наградаларынан айыру жөнінде ұсыныс енгізді. Бұған дейін айыпталушы Серік Күдебаев кінәлі еместігін айтты.
Еске сала кетейік, Талдықорғандағы Жетісу облыстық сотында Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы 5 қаңтарда басталған.
Сотталушының процеске келмегеніне байланысты Серік Күдебаевты сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу жөнінде қаулы шықты.
Ал, 3 сәуірде Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланған болатын.
Алайда, күдіктінің ел аумағынан тысқары бой тасалағанын шекара қызметі наурыздың 27-і күні бір-ақ білген.
Бас прокуратура Серік Күдебаевтың қашып кету фактісіне орай қылмыстық іс қозғады.
27 сәуір күні Күдебаевтың ұсталғаны туралы ақпаратты Бас прокуратура растады.
Серік Күдебаевтың ұлы Арман Мырзақұлов әкесінің елге өз еркімен келгенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Серік Күдебаев 2020 жылдан бастап 2022 жылдың қаңтарына дейін Алматы облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарды. Сол лауазымын атқару кезінде Қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылған.