Талғарда бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Талғар ауданында бопсалаумен және тонаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады.

қылмыстық топ
Фото: Жетісу облыстық полиция департаменті

Полицияның мәліметінше, қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы – Қайназар ауылының 19 жастағы тұрғыны. Ол өз сыбайластарымен бірге құрбандарды әлеуметтік желілер арқылы іздеген.

- Қылмыстық топтың құрамындағы 17 жастағы қыз құрбандарымен танысып, кездесуге ұсыныс жасаған. Кездесу кезінде ол өзін еркін ұстап, жігіттің сеніміне кірген. Алайда біраз уақыттан кейін кенеттен «ағаларымыз» деп таныстырған бір топ жас жігіт келіп, жәбірленушіні бопсалайтын болған. Олар жыныстық қатынасқа байланысты жалған айып тағып, ақша талап еткен. Қажет болған жағдайда күш қолданып, бағалы заттарды, құжаттарды тартып алып, ірі көлемде ақша аударуға мәжбүрлеген, - деп хабарлады департаменттен.

Облыстық полиция мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың 6 ақпанында қылмыстық топтың құрбаны 24 жастағы Алматы қаласының тұрғыны болған. Оны топ мүшелері күшпен ұстап, жеке құжаттары мен көлігін тартып алған, сондай-ақ 100 000 теңге аударуды талап еткен. Кейін қаскөйлер одан тағы 1 400 000 теңге талап етіп, қорқыта бастаған.

– Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ҰҚҚКБ қызметкерлері топтың барлық мүшелерін ұстады. Олардың үстінен қорқытып алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицияға жеті адам жеткізілді, олардың төртеуі негізгі күдікті ретінде уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайы мен басқа да зардап шеккендерді анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады полициядан.

Еске салайық, былтыр 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен 16 жастағы Шерзат Полат қайтыс болғанын жазғанбыз

16 жастағы Шерзат Полаттың өлімінен кейін талғарлықтар «Хуторские» тобы туралы айтқан еді

Соңғы жаңалықтар