Талғардағы қылмыс деңгейі 18% азайған — Марат Сұлтанғазиев

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар қаласындағы атышулы қылмыстық оқиғалар туралы тілшілер сұрағына жауап берді. 

Талғардағы қылмыс деңгейі 18% азайған — Марат Сұлтанғазиев
Фото: ОКҚ

— Мұны статистикаға сүйеніп айту керек, Полиция департаменті мен Бас прокуратураның арнайы есептер комитетінің деректеріне жүгіну қажет. Сол деректерге қарасақ, Талғардағы қылмыс деңгейі 18%-ға төмендеген, облыс бойынша да қылмыс деңгейі төмендеп келеді. Бұл құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тиімділігін көрсетеді, — деп жауап берді Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Әкімнің айтуынша, облыс ішінде шағым, талап және басқа да мәселелер бойынша Талғар бірінші орында емес, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарынан кейін үшінші орында тұр.

Кейбір резонансты жағдайлардан кейін жағымсыз пікір қалыптасқан.

— Жалпы Талғар — өте жақсы әрі қарқынды дамып келе жатқан өңір. Бүгін мен екі үлкен футбол клубы ашылғанын айттым. Соңғы бірнеше жылда мұнда индустриялық аймақтар ашылып, донор аймаққа айналды. Оның үстіне, Алматыға жақын, халқы тығыз орналасқан өңір болғандықтан, бұл фактор Талғар туралы осындай пікірдің қалыптасуына ықпал еткен болуы мүмкін. Қазір қалада ПД-мен келісім бойынша бейнебақылау камералары белсенді түрде орнатылып жатыр, — деді облыс әкімі.

2025 жылғы 6 қыркүйекте Талғарда жантүршігерлік қылмыс болды: бейтаныс адам ер кісіні атып, кішкентай қызды алып қашып кеткен еді. Жақында бұл қылмыстық іс сотқа жолданды.

Былтыр 4 қазан күні Талғардағы төбелестен 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапты. Шерзат өліміне қатысты 9 адам 23 жылдан 1,5 жылға дейін сотталды.

Бұған дейін Марат Сұлтанғазиев облыс аумағындағы алғашқы АЭС маңындағы жергілікті халыққа экологиялық өтемақы төлеу туралы сұрақтарға жауап берді.

Соңғы жаңалықтар