Таңғы астағы жәндік: Эпидемиолог мамандар тексеру қорытындысын шығарды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы балабақшада 19 келіден асатын сұлы үрпегі жойылды. Сонымен бірге заңды тұлғаға айыппұл салынды.

каша
Фото: pixabay.com

Қандыағаш қаласындағы «Самал» бөбекжай-бақшасында таңғы ас ішінен жәндік табылып, Мұғалжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Тексеру кезінде тамақ өнімдерін сақтау тәртібі бұзылғаны анықталды. Нақтыласақ ылғалдылықты бақылайтын аспаптар жоқ, тоңазытқышқа термометр қойылмаған. Яғни, тамақ өнімдерін сақтау режимін автоматты бақылау және тіркеу жүйелері қарастырылмаған.

— Визуалды тексеру кезінде жарма сақталатын қоймадан жәндіктер табылды. Сондай-ақ сұлы ботқасының тәуліктік сынамасында жәндік (қоңыздар) анықталды. Яғни, тағам дайындау технологиясының сақталмайтындығын көрсетеді. Сонымен қатар, жоспардан тыс тексеру сұлы жармасының (шикі өнім) сынамасы алынып, «Ұлттық сараптама орталығының» Ақтөбе облыстық филиалына жеткізілді. Тамақ өнімдерінің сынамаларын зерттеу хаттамасына сүйенсек сұлы жармасының үрпектерінен тірі зиянкестер (жәндіктер) табылды. Қауіпті тамақ өнімдерін жою жөніндегі комиссия құрылып, 19,350 кг мөлшерде «Геркулес» сұлы үрпектері жойылды. Басқарма мамандарымен заңды тұлғаға хаттама толтырылып, 452 180 теңге көлемінде айыппұл салынды және анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді. Ұйғарымның орындалуы басқарманың бақылауында тұр, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Ал Ақтөбе облыстық білім басқармасы бірнеше адамның жұмыстан шығып, кейбірі сөгіс алғанын хабарлады.

— Қандыағаш қаласындағы «Самал» бөбекжай-бақшасының қызметіне қатысты зерделеу жүргізілді. Аталған балабақшада балалардың улану фактісі тіркелмеді. Дегенмен өз қызметіне салғырт қарағаны үшін жауапты тұлғаларға тиісті шаралар қолданылды. «Самал» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі А.Туретова жұмыстан босатылды. Сонымен қатар аталған мекеменің бас аспазы мен медбике жұмыстан босатылды. Қоймашыға қатаң сөгіс берілді (кейін өз еркімен жұмыстан шықты) және 2 аспазға сөгіс берілді, — деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Еске салсақ, биыл 13 қаңтар күні Мұғалжар ауданындағы Самал бөбекжай-бақшасындағы балалардың таңғы асынан қоңыз табылды

Соңғы жаңалықтар