Тасқын су болған өңірлердің балалары сауықтыру орталықтарына жіберіледі

103 мыңға жуық бала
Фото: Жетісу облысы білім басқармасынан

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде 3800-ден астам бала сауықтыру орталықтарына жолданады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтып берді.

«Су тасқынынан зардап шеккен өңірлер балаларының демалысы ерекше назарда. Бүгінгі күні 628 бала демалуда. Алдағы уақытта 3 883 бала сауықтыру орталықтарына жолданады», - деді Оқу-ағарту министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады.

Оның ішінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің оқушыларына, халықтың әлеуметтік осал топтарынан және көп балалы отбасынан шыққан ауыл балаларына басымдық беріледі.

Айта кетейік, биыл елімізде 10 мыңнан астам демалыс орнында 3 млн-ға жуық бала жазғы демалысын өткізеді.

Жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру мақсатында 120 мың ұйымдастырушы-педагог арнайы дайындықтан өтті. Оған қосымша 12 мыңнан астам студенттер және еріктілер тартылмақ.

Соңғы жаңалықтар