«Таза қала» Курчатовта: Қалада қордаланған проблемалар анықталды

КУРЧАТОВ. KAZINFORM — «Jibek Joly» телеарнасының «Таза қала» бағдарламасы бұл жолы Курчатов қаласына ат басын бұрды. Бағдарлама жүргізушілері дәстүрге сай шаһардың көрікті жерлерін аралап, бірқатар түйткілді тұстарды назардан тыс қалдырмады. Экологиялық жағдай, қала тазалығы, тұрғындардың санитарлық мәдениеті және абаттандыру мәселелері жан-жақты зерттелді. Жиналған мәліметтер арнайы мамандардың талдауына беріліп, қорытынды көрермендерге ұсынылды.

Таза Қала: Курчатов
Фото: Jibek Joly

«Сенбілік — жүрек қалауынан туған іс»

Кешегі әскери қалашық — бүгінде бейбіт тірлікке бет бұрған Курчатовта он мыңнан астам халық тұрады. Қала тұрғындарының жауапкершілікке толы тіршілігі бірден көзге түседі.

сенбілік
Фото: Jibek Joly

Түсірілім барысында тұрғындардың табиғатқа жанашырлықпен қарайтыны, қоғамдық шараларға жұмыла қатысатыны анық байқалды. «Таза жағалау — Таза Ертіс» ұранымен олар Ертіс өзенінің маңын тазалап, туған табиғатқа деген қамқорлығын көрсетті. Ауа райы тосын мінез танытқанмен, тұрғындар райынан қайтпады. Қолына күрек алып, көгалдандыру жұмыстарына белсене кіріскен жандардың жанқиярлығы көңіл қуантады.

сенбілік
Фото: Jibek Joly

— Біз үшін сенбілік — жүрек қалауынан туған іс. «Таза Қазақстан» жобасы басталғалы қала тазалығы ортақ жауапкершілікке айналды, — дейді сенбілікке келген тұрғынның бірі.

Қақпақтан — қайырымдылыққа: Қалдық қалыс қалмауы тиіс

Қалада қоқысты қайта өңдеу бағытында алғашқы қадамдар басталған. Соның бірі — пластик қақпақтарды жинау жобасы. Уақыт өте келе бұл игі іс дәстүрге ұласып, қала тұрғындарының күнделікті дағдысына айналып келеді.

Бастамашыл топ бұл әрекет арқылы бір оқпен екі қоянды атып отыр: сенбіліктен кейін жиналған қақпақтар қайта өңдеу мекемелеріне өткізіліп, түскен қаражат мұқтаж жандардың еміне бағытталады.

Курчатов
Фото: Jibek Joly

Игі бастаманың белсенді қатысушыларының бірі — «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ольга Четвергова. Ол өз тәжірибесімен бөлісті.

қақпақ
Фото: Jibek Joly

— Үш жыл бұрын Павлодар қаласында дәл осындай жобаның жүзеге асып жатқанын көрдім. Сол кезде біз де бұл істі қолға алуға бел будық. Қазір сенбіліктен кейін жиналған қақпақтарды арнайы контейнерлерге саламыз. Осылайша, біз тек қоқыс жинап қоймай, оған «жаңа өмір» сыйлап отырмыз, — дейді ол.

4 мың гүл, 500 түп шырша отырғызған

Курчатов қаласында табиғатқа жанашыр көзқарас тек сенбілікпен шектелмейді. Мұнда мекемелер өз аумағын көгалдандыруды игі дәстүрге айналдырған. Қала көшелерінің көркін келтіріп тұрған жасыл желек — жергілікті ұйымдардың ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегінің жемісі. Солардың бірі — «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» «Байкал» филиалы. Филиал жетекшісі Ләйлә Қайрамбекованың айтуынша, мекеме қызметкерлері сенбі-жексенбі күндері табиғатты түлету жұмысынан тыс қалған емес.

Курчатов
Фото: Jibek Joly

— 2016 жылдан бері жыл сайын төрт мыңға жуық гүл егіп, 500 түп шырша отырғыздық. Қазір отырғызылған көшеттердің барлығы бүршік жарып, жайқалып тұр. Бұл — әріптестерімнің табиғатқа деген шынайы жанашырлығының нәтижесі. Еңбегіміз жұрттың көз қуанышына айналды, — дейді ол.

гүлзар
Фото: Jibek Joly

Абаттандыру жұмыстарына мектеп оқушылары да белсене қатысып жүр. Жас өскіндер үшін бұл — тек еңбек сабағы ғана емес, экологиялық мәдениеттің негізі.

Шағын қаланың шырайы — шырайлы аулада

Курчатов қаласы аумағы жағынан шағын болғанымен, тазалығы мен тәртібімен, тұрғындарының ұқыптылығымен ерекше. Көшелері көп емес, бірақ аулалары көздің жауын алатындай. Солардың бірі — қаланың ең үздік аулаларының қатарындағы тұрғын үй маңы.

ойын алаңы
Фото: Jibek Joly

Алпыс жылдық тарихы бар үйдің сырт келбеті жаңаша сипатқа ие. Ғимараттың инженерлік жүйелері, су және жылу құбыры түгел жаңартылған. Ал аулаға негізінен көпжылдық гүлдер егілген. Әр бұрышта — тіршілікке жан бітіретін жасыл желек.

Курчатов
Фото: Jibek Joly

— Зейнеткерміз. Бірақ қолымыз бос кезде қарап отырмаймыз. Ауламызды абаттандыруды өз міндетіміз деп білеміз. Бордюрларды бояп, қабырғаларды сырлаймыз. Әр маусым сайын ауламызға түрлі-түсті гүлдер егіп, оны күтіп-баптап отырамыз, — дейді тұрғындардың бірі.

Курчатовтың көлеңкелі келбеті: Екі балаға бір әткеншек

Курчатов ұйымшылдығымен танылып жатқанымен, екінші жағынан бірқатар әлеуметтік мәселеден арылып үлгермей жатыр. Жаңарып жатқан аула баршылық, бірақ олардың қатары санаулы болып шықты. Қаланың кейбір бөліктерінде ойын алаңдары назардан тыс қалған. Қолданыстағы бірнеше әткеншек пен сырғанақтың өзі ескі әрі қауіпсіздік талаптарына сай емес.

әткеншек, ойын алаңы, балалар
Фото: Jibek Joly

Қаланың белсенді тұрғыны Ирина Пелипенконың айтуынша, бұл проблемалар жергілікті әкімдікке белгілі.

Ирина Пелипенко
Фото: Jibek Joly

— Қалада балаларға жағдай жасалмаған. Ойын алаңдары жетіспейді, бар болғаны да ескірген. Жарықтандыру — үлкен мәселе. Кешке саябақта жүрудің өзі қорқынышты, жарық жоқ. Бұрын саябақта отыратын бес орын болатын, қазір тек біреуі қалған. Ал қалған төртеуі қайда кеткенін ешкім білмейді, — дейді ол.

Құлыпсыз үйлер қоқыс қоймасына айналған

Тозығы жеткен ғимарат, шашылған қоқыс. Мына үйде кешегі жылы естеліктің орнын енді үрейлі тыныштық басқан. Қазіргі күйі қорқынышты фильм түсіруге арналған павильонды еске салады. Бұл тек тұрғындардың қауіпсіздігіне ғана емес, қаланың эстетикалық келбетіне де кері әсерін тигізуде.

иесіз үй, заброшенный дом
Фото: Jibek Joly

Қаладағы блогер Иван Терехин осы мәселенің тағы бір қырын көрсетті.

— Бүгінде Курчатовтың кейбір бөлігі көгалдандырылған көшелерге қарама-қайшы күйде өмір сүріп жатыр. Кейбір кәсіпкерлер мен тұрғындар қалдықтарын осындай қараусыз аумақтарға лақтырып кетеді. Бұл жүйелі бақылаудың жоқтығынан. Қала әкімдігіне бұл жерді арнайы көрсеттім. «Шешеміз» деді. Бірақ Курчатовта мұндай жерлер әлі көп, — дейді блогер.

қоқыс, иесіз үй
Фото: Jibek Joly

Жаңбырдың суы ма, әлде кәріздің бе? 

Курчатов қаласындағы экологиялық ахуал тек қоқыс төгілген аймақтармен шектелмейді. Қаладағы блогер Иван Терехин тағы бір өзекті мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, жаз мезгілінде Ертіс өзеніне кәріз суы ағуы мүмкін.

Курчатов
Фото: Jibek Joly

Блогердің айтуынша, кей кездері өзенге бағытталған құбырлардан қандай сұйықтық ағып жатқанын анықтау мүмкін болмайды. Ол жауын-шашын суы ма, әлде кәріз қалдығы ма, нақты дәлел жоқ. Бірақ иіс пен көрініс күмән туғызады.

Ертіс
Фото: Jibek Joly

Мәселеге қатысты Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Берік Жолдахмет түсініктеме берді.

Берік Жолдахмет
Фото: Jibek Joly

— Иә, кезінде, қала жабық әскери режимде болған шақта мұндай жағдайлар тіркелуі мүмкін. Бірақ қазіргі таңда Ертіске ағатын құбырлар тек жаңбыр суына арналған. Бұл — жауын-шашыннан кейін жиналған су, — деді ол.

Алайда, «Курчатов Водоканал» мекемесінің бас инженері Мұрат Есенбаев бұл мәліметті ішінара растап отыр.

— Мұндай жағдай болған. Көктемде кәріз жүйесінде ақау туындап, ағынды сулар жаңбыр желілеріне араласып кетуі мүмкін. Бірақ бұл жүйелі емес, техникалық ақаулармен байланысты уақытша жайттар, — деді ол.

Іске аспаған инвестиция: Әкімнің түсіндірмесі 

Қаладағы балалар мен жасөспірімдерге арналған скейтборд алаңы да қазіргі таңда қаңырап бос тұр. Жергілікті билік қабылдап алған бұл нысанның құны он миллион теңгеден асатыны белгілі.

скейтборд алаңы
Фото: Jibek Joly

Тағы бір мәселе — қала тұрғыны өз қаражатына жастар саябағына 100 түп ағаш отырғызған. Бірақ бүгінде олардан еш белгі жоқ. Бұл мәселелерге байланысты Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиев түсініктеме берді. Оның айтуынша, ағаштардың жерсінбей, қурап қалуына олардың тым жас болуы себеп.

Болат Әбдіралиев
Фото: Jibek Joly

— Бұл кішкентай талдар еді. Жерсінбей кеуіп кеткен. Жастар саябағы бойынша тиісті жұмыстар алдағы уақытта атқарылады, — деді әкім.

Ал скейтборд алаңы бойынша әкім күтпеген жайтты алға тартты.

— Мердігер ақшаны алған соң байланысқа шықпай кеткен. Мәселені сот арқылы шешеміз, — деді қала басшысы.

Қараусыз қалған үйлердің маңында жиналған қоқыстар көктемде ғана шығарылмақ. Әкімнің айтуынша, қыс мезгілінде бұл жұмыстарды атқаруға жұмыс күші жетіспейді. Ал қала ішіндегі жолдардың шұрық-тесік күйіне қатысты әкім барлығы кезең-кезеңімен жөнделетінін алға тартады.

Сарапшылар шешімі

«Таза қала» бағдарламасының дәстүрі бойынша, әр түсірілім тобы ұсынған материалдар негізінде әділ қазылар сол қаладағы экологиялық ахуал мен тұрғындар мәдениетіне баға береді.

бағалау
Фото: Jibek Joly

Балалар алаңы жоқ, ескі үйлердің сыртқы келбеті көңіл көншітпейді. Қалада шешілмеген мәселелер жетерлік. Бұл бағытта жүйелі жұмыс қажет деп санаймын, — дейді қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш.

бағалау
Фото: Jibek Joly

Курчатов кезінде үлкен жоспармен салынған қала еді. Қазір жағдайы мәз емес. Саябақ бар, бірақ ағаш жоқ. Ескі үйлердің маңында қоқыс жатыр. Жалпы көрініс көңіл құлазытады, — дейді сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы Серік Рүстембеков.

бағалау
Фото: Jibek Joly

Қалада небәрі 12 мың халық тұрса да, инфрақұрылым сын көтермейді. Жол нашар. Ал қараусыз үйлердегі қалдықтарды шығару — көп уақыт алмайтын шаруа. Миллиондаған қаржы бөлінген скейтборд алаңының аяқсыз қалуы, актіге қол қойылғанымен, іс жүзінде іске аспауы да өкінішті жайт, — деді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Маликова.

Осылайша, сараптамалық бағалау нәтижелері бойынша Курчатов 8 ұпай еншілеп, рейтингтің соңынан орын тапты.

Моноқалалар арасындағы рейтинг төмендегідей:

· Ақсу — 27 балл

· Екібастұз — 26 балл

· Абай — 24 балл

· Алтай — 24 балл

· Кентау — 23 балл

· Теміртау және Хромтау — 22 баллдан

· Балқаш — 21 балл

· Рудный — 20 балл

· Лисаковск — 19 балл

· Ақсай және Шахтинск — 18 баллдан

Рейтингтің ең төменгі сатысында тұрған қалалар:

· Степногорск пен Жітіқара — 16 балл

· Құлсары — 14 балл

· Жаңаөзен — 10 балл

· Курчатов — 8 балл

Соңғы жаңалықтар