«Таза қала» Жітіқараға жетті: Қаланың қазіргі келбеті қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы жаңа маусымда моноқалалардың экологиялық ахуалына басымдық береді. Бұл жолы түсірілім тобы Қостанай облысының Жітіқара қаласының тыныс-тіршілігін түсіріп қайтты.

Бағдарлама жүргізушілері екіге бөлініп, қала тазалығына қатысты ақпаратты зерттейді. Бірі жақсы, енді бірі жағымсыз тұстарын анықтайды және барлық деректі жинап, сарапшыларға тапсырады. Мамандар шешімді бес критерийге сүйене отырып шығарады, әрқайсысы 10 балдық жүйемен бағалайды.
Қаланың әлеуметтік дамуына миллиардтаған қаражат бөлінеді
Жітіқара — алтын өндірісі бойынша үздіктер қатарындағы қала. Мұнда әлемге танымал ірі асбест қоры бар. Дәл осы асбест зымырандардың ұшуына қажет шикізат ретінде қолданылған деген дерек бар. Бірақ комбинат стратегиялық нысан саналғандықтан, қала ішінара жабық режимде болған.

Жітіқара Қостанай облысының қиырында, тасада қалғандай көрінгенімен, шағын шаһарда тіршілік қайнап жатыр. Бүгінде қаланың негізгі құраушы кәсіпорны — «Қостанай минералдары». Бұл жай ғана өндіріс орны емес, қалаға жан бітіріп жатқан серіктес. Кәсіпорын Жітіқарадағы көл маңын абаттандыруға 22 млн теңге бөліп отыр. Ал қазір қаладағы тұңғыш құрылысшыға арналған ескерткіш қалпына келтіріліп жатыр.

— Біз төрт жылда 10 мың ағаш отырғыздық. Жыл сайын түрлі экологиялық акциялар мен плоггинг өткіземіз. Үш жыл бұрын қалаға жаңартылған жағалау сыйға тарттық. Жыл сайын өңірдің әлеуметтік дамуына біздің кәсіпорын шамамен 1 млрд теңге бөледі. Жыл сайын түрлі нысан сыйлаймыз. Оның бірі — алаңдағы Big Ben, яғни мұнара сағаты. Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Абай желекжолын» сыйға тартып, мурал салдық, субұрқақ та орнаттық. Ал биыл 2-3 апта ішінде алғашқы құрылысшыға арналған ескерткішті қайта қалпына келтіру жұмыстарын аяқтамақпыз, — деді «Қостанай минералдары» АҚ техникалық директоры Айбол Смағұлов.
Кез келген кәсіпорында қалдықтың қалатыны түсінікті, ал «Қостанай минералдарындағы» қалдық кәдеге жаратылып, түбегейлі жаңа өнімге айналады. Қалдықтың 70 пайызы минералды заттар, оның құрамына тағы 30 пайыз химиялық заттар қосылып, қазандықта 200 градуста қайнатылады. Қайнатылған өнім арнайы қалыпқа құйылады, осылайша зауыттан шыққан қалдықтан күнделікті тұрмыста қолданылатын терассалық тақта шығады.

Қаланың әлеуметтік дамуына алтын кенін өндіретін «Комаров тау-кен кәсіпорны» да айтарлықтай үлес қосып келеді.

— Осы жылдары меморандум аясында біздің компания түрлі әлеуметтік жобаларға 800 млн теңгеден аса қаражат бөлді. Түрлі қоғамдық және мемлекеттік ұйымдардың, физикалық тұлғалардың өтінішімен меморандумнан тыс та қолдау көрсетіліп жатыр. Осы өтініштер бойынша шамамен 500 млн теңге инвестиция жасалды. Биыл бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл — спорттық алаңдарды жөндеу жұмыстары, ауылдар мен қала аумағын аббаттандыру. Меніңше, өндірістік жоспарымыз сәтті жүзеге асса, қала мен ауданға әлеуметтік қолдау жүйелі түрде көрсетіледі, — дейді «Комаров тау-кен кәсіпорны» ЖШС қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Антон Труханов.

Балалар қаңыраған үйлерде ойнауға мәжбүр
Кез келген ауланы ұстап, көріктендіру әкімдіктің міндеті ғана емес, халықтың парызы. Мәселен 11-ықшамаудан тұрғындары осылай сәндеп қойыпты. Дегенмен ауласы ғана емес, тұрғындары да жоқ көпқабатты нысан бар. Мәселен 7-ықшамауданда үйдің терезесі бос, есігі айқара ашық, құр қаңқасы ғана қалған.

— Қала гүлденіп, дамып келе жатыр. Тек осындай қаңырап тұрған үйлерге шара қолданылмады. Мұны жеке меншік иелері сатып алған. Олар бар, бірақ еш қозғалыс жоқ. Ол жақта қоқыс көп, бәрі лас, — дейді тұрғын Ж. Өтеулина.

Бұл қалада балалардың алыстағы жаңа алаңға барып ойнауы қалыпты дүниеге айналған. Себебі өз алаңында 90-жылдардан қалған ескі әткеншек қана бар. Жаңа құрылыс кезегі балалар алаңына жетеді деп үміттенеміз. Әйтпеген жағдайда балалар қараусыз қалған нысандарды жағалап кетері анық.
Тағы бір қызықты дерек, Жітіқарада ұзындығы екі шақырымға жететін балалар пойызы жұмыс істеген. Темір жол 2006 жылы жабылып, тек орны қалған. Бірақ балалар алаңы мәселесі күйіп тұрған қалаға бұл жобаның қажеті бар ма?

— Бүгінде екі спорттық алаң мен 5 балалар алаңын салып жатырмыз. Жалпы алғанда жетеу. Яғни, 7 аулада балалар алаңы болады. Одан бөлек, балалар алаңын қажет ететін 15, спорттық алаң салынатын 6 аула бар, — дейді Жітіқара әкімі А. Жаныспаев.
Ал жітіқаралық кәсіпкерлер қала тұрғындарына арнап бокс залы мен теннис алаңын салып жатыр.
— Бұл жабдықтау бойынша облыстағы жалғыз бокс залы болмақ. Оған ұқсас бокс залы жоқ. Атап өтерлігі, залға екі шаршы алаң қойылады. Ал мұнда теннис алаңы салынып жатыр. Ол халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді. Барлық өлшемдер сақталған. Ал екінші қабатта йога залы болады. Бұл да тұрғындарға қажет, — дейді кәсіпкер Рустам Әбікенов.
Қураған ағаштар қауіп төндіреді
Биыл Қостанай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 26 млрд теңге бөлінген. Ал Жітіқарада 4 саябақ жөндеуден өтіп, 187 мың түп гүл егілген. Қаланы тазалау мен аббаттандыруға жауапты жұмысшылар еңбегін шетелдіктер де бағалаған көрінеді.
— Мына гүлдерді көктемде отырғызамыз, дизайнын жасаймыз, күзге дейін күтіп-баптаймыз. Жақында Германиядан келген қонақтар бізбен суретке түсіп, алғысын жаудырды. «Тоқсаныншы жылдары біз көшкенде өте қараңғы қала еді, жолдар нашар еді» дейді, біз де бір орында тұрмаймыз ғой. Оның үстіне Президентіміздің арнайы бағдарламасы бар, соған білек сыбана кірісіп кеттік, — дейді қаланы аббаттандыруға жауапты ұйым шебері Сұлтан Бұралов.
Ал бел ортасынан кесілген, бейберекет өскен ескі ағаштар қала эстетикасын бұзып тұр.
— Камераны бұрсаңыз болады. Міне, мына ағаштар құлауға шақ тұр. Келіп, кесуге болады ғой. Қазір бұл ағаштар жарықты көлегейлеп тұр, терек пен қарағай мамығы үйлерге дейін кіріп кетеді. Ағаштарды кесуге рұқсатты күтіп жүргенімізге 9 ай болды. Қараусыз қалған, күйген ағаштар өте көп. Ертең дауыл немесе жауын-шашын болса, бұл ағаштар құлап, өз зардабын тигізеді, — дейді қала тұрғыны Жаңылсын Өтеулина.
Қураған ағаштар мәселесін бағдарлама тілшілері Жітіқара ауданының әкімі Аслан Жаныспаевтан сұрап көрді.
—Иә, бұл мәселемен келісемін. Биыл біз негізгі көшелерде көктемгі санитарлық кесу жұмыстарын жүргізіп, шамамен 435 ағашты кестік. Бізде қаладағы негізгі көшелердің өзінде 6 мың ағаш бар. Бірінші кезекте көктемгі санитарлық кесу жұмыстарын жүргіздік, енді күзде де осындай көлемдегі жұмыс күтіп тұр. Кезең-кезеңімен бәрін реттейміз деп ойлаймын, — деп түсіндірді әкім.
Қаңғыбас иттерге қаржы бөлуге құқығымыз жоқ — Әкім
Жітіқара көшелерінде қаңғып жүрген ит көп. Олар да қала тұрғынына айналып кеткендей.
— Олар көбейеді ғой, үйдің иті емес. Үйдегі иттерді біз зарарсыздандырып қойдық. Сондықтан панажайлар ашу керек немесе адамның жанын ауыртпайтындай шешім тапқан дұрыс. Өзімнің де итім бар, менің жүрегім ауырар еді. Осындай иттерге панажайлар жасауға болады ғой. Жергілікті тұрғындар оларды аяп, қоректендіріп жүреді. Олар да тіршілік иелері емес пе, — дейді тұрғындар.
Өз кезегінде Жітіқара әкімі көбінесе ауылдан көшкен тұрғындар жануарларын тастап кететінін айтуда.

— Қаладан кеткендер де жануарларын қалдырады. Содан олар да бізге кішігірім мәселе туындатады. Өйткені агрессивті ит те, агрессивті емес ит те бар. Бір қиыны, Бюджет кодексінің аясында біз аудан бюджетінен ақша бөлуге құқығымыз жоқ. Бұл облыстық ветеринария басқармасының қызметтік құзіретінде. Менің білуімше, иттерді ұстау, чиптеу және зарарсыздандыру бойынша байқаудың барлық кезеңі аяқталған. Алдағы уақытта жануарларды ұстау жұмыстары басталады, — деді А. Жаныспаев.
Жітіқарадағы смарт шешімдер
Жүргізушілердің айтуынша, Жітіқара қауіпсіздігіне еш күмән жоқ. Себебі Жітіқара — смарт қала. Егер қандай да бір қауіпті жағдайға тап болсаңыз, көшедегі дабыл батырмасын басуға болады. Дабыл сигналы ойнаған соң, тәртіп сақшылары жедел шара қабылдайды. Тіпті, ірі қалалардың өзінде дәл мұндай жаңашылдық жоқ.

— Күніне шамамен 10-15 құқықбұзушылық анықтаймыз. Оның басым бөлігі қоқыс тастауға байланысты. Бізде қала бойынша шамамен 240 бейнебақылау камерасы бар. Мәселен, адам темекі тұқылын тастаса, біз рация арқылы жол патруліне немесе байланыстағы учаскелік полицейге мекенжайды айтып, тұрғынның рұқсат етілмеген жерге темекі тұқылын тастағанын хабарлаймыз. Бұл 434-2 баптың 1- бөлігі. Олар бірден жолға шығып, бізге жеткені туралы есеп береді. Біз де олардың келген нүктесін бақылап отырамыз. Артынша олар хаттама толтырғаны туралы есеп береді, — дейді 102 операторы, полиция кіші сержанты Әйгерім Басырова.
Сондай-ақ, Жітіқараға экосана мен жасыл технология ұғымы да жат емес. Мұнда кәсіпкерлер күн панельдерін орнату арқылы таза энергия көзін таңдап отыр.

— Жалпы 112 панель сағатына 78 киловатт бөліп отыр. Нысанымызды толығымен қамтамасыз етіп, артылғанын ток желісіне береміз. Артылғанын ток желісіне беріп, түнде одан қуат аламыз. Біздің бірнеше нысанымыз бар. Биыл сынақ ретінде осы нысанға қолдандық. Енді бір жыл бақылап көреміз. Көңілімізден шықса, келесі жылы басқа да нысандарымызды қамтимыз. Жоба шамамен 5 жылда өтеледі. Бірақ біз қазірден бастап электр желісіне жүктемені азайтып, «Таза Қазақстан» бағдарламасын орындап жатырмыз, — дейді кәсіпкер Владимир Ющенко.


Қоқыстан пластик ыдыстарға дейін
Жаңашыл жобалар жасалғанымен, айнала тазалығы әрдайым алғашқы орында. Жітіқарада қазір 39-ға жуық қоқыс контейнерлік алаңы бар. Ал 18 алаң ірі көлемдегі қалдықтарды қабылдайды. Бүгінде бұл жерлерден 1500 куб қоқыс шығарылған.

Жітіқарадағы полигонда пластик, шыны, қағаз, темір, қаңылтыр сұрыпталады. Олар прессте қысымдалып, Қостанайдағы цехқа жіберіледі. Қостанайда үгітілген пластик ұнтағы Астана, Алматы, Петропавл қалаларына жеткізіледі және одан бір рет қолдануға арналған пластик ыдыстар, құбыр, кабель жасалады.
— Қоқыс жинайтын әрбір контейнер маңында пластик жинайтын тор тұр. Біз 2016 жылдан бері біз сұрыптаумен және қайта өңдеумен айналысамыз. Ай сайын бізге жүк көлігі келіп, сұрыпталған, қайта өңделген, нығыздалған қайталама шикізатты қайта өңдеуге алып кетеді. Дәл осындай 140 теңше жібереміз. Жүк көлігіне осындай 140 теңше, 1000 қап шыны сыяды. Біз айына бір рет міндетті түрде пластик, макулатура мен қаңылтыр жібереміз, — дейді қоқыс полигонына жауапты компания өкілі Мария Нефедова.

Жітіқарадағы қоқыс полигоны сырт көзге шашылып жатқандай көрінгенімен, мамандар тек 6 пайызы толғанын айтуда.
— Біз үйінді әдісіне сүйенеміз. Алаңда оларды бөліп, қолмен сұрыптауға тырысамыз. Алдағы уақытта ұсақтағыш алып, қайта өңдеуге кірісеміз. Сіздер олардың бөліктерін көріп отырсыздар. Өйткені біз оларды көміп, қайта сұрыптау үшін бөліп тастауға тырысамыз. Бұл қоқыс үйіндісі үлкен болып көрінуі мүмкін. Бірақ дронмен түсірсеңіздер, мұның қаншалықты кішкентай аймақты алып жатқанын көрер едіңіздер, — деп түсіндірді полигон қызметкері Әлібек Таңатаров.
Сарапшылар бағасы
«Таза қала» жүргізушілері Астана туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.
Бұл шығарылымды Астана қалалық Урбанистика орталығының урбанист-сәулетшісі Тұрсын Жиенбаева, «Sparklo Kazakhstan» ЖШС бас директоры Әділет Нұрселинов, Астана қалалық мәслихатының депутаты Сәуле Самидин бағалады.

— Жітіқара қаласын орташа 5 деген баға бердім. Қаланы абаттандыруға келсек, әкімдік жұмыстары байқалмады. Қоғамдық орындар жетіспеушілігі байқалды, аула кеңістіктерін абаттандыру жұмыстарын мүлдем көрмедім. Бос орындар көп, қараусыз қалған үйлер қауіп тудырады деп санаймын, — дейді урбанист Т. Жиенбаева.
Депутат С. Самидин де қала эстетикасына 0 ұпай берді.
— Қаланың эстетикасы жоқ деп ойлаймын, сондықтан 0 ұпай қойдым. Тұрғындар іс-шараларға белсенді қатысып жүргені жақсы, ал жергілікті коммуналдық қызмет жүйесіне 1 ұпай бердім. Ағаштардың көптігі көрініп тұр, бірақ оларға күтім жасалмаған, — деді ол.

Эколог-кәсіпкер Ә. Нұрселинов қалдық сұрыптауға арналған жаңа шешімдерді көрмегенін айтты.
— Балаларға арналған қоғамдық орындар әлі де орнатылмаған, сол себепті қалаға 1 ұпай қойдым. Екіншіден, қайта өңдеу, қайта сұрыптау цехын көрсетті, онда да қалдық өте төмен деңгейде жиналатынын байқадым. Қаланың абаттандырылуын мүлдем көре алмадым. Қала өте ескі, Совет кезеңінен қалған ғимараттар әлі де қаңырап тұр. Мұнда бірде-бір қоқыс алаңын көрмедім, сұрыптауға арналған жаңа шешімдер жоқ. Ең жоғары бағаны қала халқының мәдениетіне бердім, себебі адамдар қаланың көркеюіне гүлденуіне үлес қосып жүр. Қаланың эстетикасы да өте төмен жағдайда деп ойлаймын, — дейді Ә. Нұрселинов.
Жалпы есепте Жітіқара қаласы 16 ұпай алды және қалалар тізімінде Степногорск қаласымен тең түсті. Әзірге ең жоғары ұпай Астана қаласында (28), одан кейін Лисаков (21), Рудный (20) қалалары тұр. «Таза қала» бағдарламасының келесі шығарылымы Ақтөбе облысындағы Хромтау қаласына арналмақ. Эфир сәрсенбі күні кешкі 19:30–ға жоспарланған.

Еске сала кетсек, Таза қала» жобасы «Ең үздік әлеуметтік тележоба» номинациясы бойынша «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығын жеңіп алған еді.

Үздік жоба биыл да екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға ерекше көңіл бөліп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ. Тележоба аптасына 2 рет — дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30–да көрермен назарына ұсынылды.