«Таза парақтан» реформасы бизнеске қандай серпін беруі мүмкін
Қазіргі таңда мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске қойылып жүрген 10 108 талап «таза парақтан» кәсіпкерлікті дамытуды жаңа саясатына сай келмейді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысындағы сөзін осыдан бастады.
«Бүгінгі таңда кәсіпкерлікті реттеудің 44 саласы түгел қаралды. Онда 2 823 нормативтік құқықтық акт талданып, 128 119 талап анықталды. Ол талаптардың 10 108-і немесе 8% жаңа реттеу саясатының базалық шарттарына сәйкес келмейді», - деді министр.
Үкімет кулуарында ол басы артық талаптардың көбі Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау және Төтенше жағдайлар министрліктерінен қойылатынын айтты.
Осы сәйкескіздіктердің бәрін реттеу үшін заңнамадағы 66 актіге өзгеріс енгізу ұсынылып отыр.
«Заңдар бойынша айтсақ, өзгерістерді талап ететін шамамен 66 заң актісі анықталды. Жұмысты дұрыс ұйымдастыру үшін өткен жылы үйреншікті әрі тексерілген тәсіл ұсынылды. Аталған тәсіл бойынша реттеудің әрбір саласындағы жұмыс топтары түзетулер әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігіне жинақтауға жолдайды. Қазіргі таңда министрлік бірыңғай пулды қалыптастыру үшін 15 сала бойынша түзетулер жинақтап алды, 17 сала бойынша түзетулер әлі күтіліп отыр», - деді ол.
Cондай-ақ, Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті реттеуші актілердің тізілімінен шығарылған және мерзімінде жойылмаған талаптарды бұзған кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершіліктен босатуды ұсынып отыр.
«Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі цифрлық үкіметті қолдау орталығының базасында құрылғанын және Smart Data Ukimet платформасында іске қосылғанын қосымша атап өтеміз. Тізілім — реттеуші актілерді тұрақты негізде қайта қарауды қамтамасыз ететін, кәсіпкерлік ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «реттеуші гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік беретін міндетті тетік. Тізілім реттеуші актілерге олардың жаңа реттеуші саясатына сәйкестігі тұрғысынан талдау жүргізу мерзімдерін айқындауды көздейді. Тізілімнен шығарылған және мерзімінде жойылмаған талаптарды бұзғаны үшін кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершіліктен босату – тізілімнің ерекшелігі», - деді Әлібек Қуантыров.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «таза парақтан реформасы бизнестен нәпақасын айыратын қазақстандықтардың үлесін арттыруға бағытталғанын еске салды. Нақтырақ айтсақ, реформа ойдағыдай іске асса, 2029 жылға қарай бизнесте жұмыс істейтіндер санын 4,7 млн адамға жетуі керек.
«Бизнестің тұрақты да табысты қызметіне бірінші кезекте мемлекеттің өзі мүдделі. Кәсіпкерлер осыны сезінуі керек. Атқарылған жұмыстар 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер санының 4,7 млн адамға дейін өсуіне және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 %-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.
Отырыстан кейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді.
Ә.Қуантыровтың айтуынша наурыз айынан бастап коммуналдық тарифтер көтеріледі. Оны қарапайым тұрғындар сәуір айындағы түбіртектен көрерді. Министрдің сөзінше, тарифтің көлемі абонент қандай кәсіпорынның қызметіне пайдаланып отырғанына байланысты құбылмақ. Яғни, желісі тозған, қондырғылары ескі кәсіпорындарда коммуналды тариф қымбаттау шығуы мүмкін. Әсіресе, Екібастұз, Риддер сияқты жылу жүйесінің проьлемасы әбден қордаланған қалаларда тарифтің өсімі айтарлықтай болатын түрі бар.
«Екібастұзда жүйе мүлдем тозып біткен. Ең үлкен өсім сол жақта жоспарланған. Екі еседен жоғары болады. Бірақ біз оны басқа механизмдер арқылы тежеуді жоспарлап отырмыз Екібастұз бен Риддерде өсімді баяу жүргізгіміз келеді. Мысалы жылудың жаңа тарифі бұл қалалалардың тұрғындарына наурыз айында сезіледі. Сәуірде наурыз айының түбіртегі келеді. Ол кезде күн жылына бастаған соң жылу аз тұтынылады. Сәйкесінше тарифтің өскенін наурыз айы мен сәуірдің жартысында ғана сезінеді. Одан кейін өсімді келер қыста бір-ақ сезінуі керек. Жылуға төленетін бірінші түбіртек қараша айында келеді. Тарифтің өсімін тұрғындар сәуірде сезінеді сонда», - деді Әлібек Қуантыров.
Министр БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып, Ұлттық қордан бала шотына аударудың негізгі тәртіптерін атап шықты.
«2024 жылдан бастап осы тетік іске асады. Жүйеде болған 18 жасқа дейінгі балаларға жылдық қорытынды бойынша тиісті инвестициялық кірістің 50 пайызы түседі. Осы 50 пайыз әр балаға үлестіріледі. Жалпы 6,5 млн бала 18 жасқа толғанша осы жүйеде болады. Мысалы, инвестициялық кіріс теріс болса, не болатынын да талқыладық. Тек бір жылдың кірісін ғана қарамаймыз. Біз орташа 18 жылдағы кірісті аламыз. Себебі, біздің мониторинг бойынша 18 жылдың ішіндегі әр кезеңде кіріс оң болуы керек. Сол себепті осы механизм бойынша жұмыс істейміз», - деді ол.
Ол бала 18-ге толған кезде азаматтығын ауыстырса, не болатынын да айтты.
«Егер бала азаматтығын ауыстырса, бұл қаражатты ол алмайды. Бұл ақша басқа балаларға, жалпы Ұлттық қордың ішінде үлестіріледі. Ұлттық қордағы шотынан ақша алғанда оған салық салынбайды», - деді Әлібек Қуантыров.
Фото: t.me/Kzgovernment
Оның айтуынша, 18 жасқа толған бала шотындағы ақшаны алғанда салық салынбайды. Механизм дайын. Қаржы министрлігі ережелерін дайындап жатыр.
БАҚ өкілдері Ақпарат және қоғамдық даму министріне журналистерге шабуыл жиі жасалғанын айтып, салаға жауапты ведомствоның неге араша түспей жатқанын сұрады.
«Қыркүйек айынан бері 6 рет арнайы мәлімдеме жасадым. Ақтөбедегі оқиғадан бастап журналистердің құқығын қорғауға, оларға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенімізді айттық. Ол туралы әлеуметтік желіде де, жеке өз аккаунттарымда да баяндадым. Сонымен қатар, ол журналистермен кезедстім, сөйлестім. Мысалы, Самал Ибраевамен әңгімелестік. Сол сияқты Гүлжан Ерғалиевамен кездесіп, басқаларға да қолдау көрсетуге әзір екенімізді жеткіздік. Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берді. Сол бойынша кейбір күдіктілер ұсталып жатыр. Сондықтан өз бақылауымызда ұстап отырмыз. Әр уақытта журналистердің жағында және оларды қолдауға әзір екенімді тағы да айтқым келеді», - деді ол.
Министр журналист Динара Егеубаеваға жасалған шабуылдың тапсырыс берушілері туралы да пайымын айтты.
Фото: ortcom.kz
«Ол бойынша қазір тергеу жүріп жатыр. Жақында қорытындысы айтылады деп ойлаймын. Жалпы 5 адамды тапты. Бірақ оларға тапсырыс беруші кім? Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да анықтап айтты. Тек қана орындаушылар емес, бұларға тапсырыс берушілерді де анықтау керек. Мұнымен құқық қорғау органдары айналысады. Сондықтан жақында жауабын білесіздер деп ойлаймын», - деді Дархан Қыдырәлі.