Теннис: Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шықты

«Үлкен дулыға» жарысының 18-ракеткасы болып тіркелген, өткен айда 22-ге толған қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 46-ракеткасы, америкалық, 28 жастағы Шелби Роджерспен шеберлік байқасты.
Бұған дейін қарсыластар екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді. Өткен жылы US Open додасында Ш.Роджерс 7:5, 6:1 есебімен ұтса, екі апта бұрын Е.Рыбакина Берлинде есе қайырған еді – 2:6, 6:3, 6:4.
Уимблдонда үшінші айналымда америкалық спортшы күтпеген жерден әлемнің 18-інші, осы турнирдің 15-ракеткасы, грекиялық Мария Саккариді 7:5, 6:4 есебімен ұтып кеткен еді.
Бірінші партияда қос брейк жасаған Елена қарсыласын қиналмай жеңді – 6:1.
Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Рыбакина брейк жасап, өз геймін де ала білді – 4:2. Содан кейін матчты эйспен бітірді – 6:4.
Бір сағат 6 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 8, қарсыласы бір ғана эйс жасай алды. Қазақстандық теннисші 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
Осылайша Е.Рыбакина Уимблдон додасында алғаш рет өнер көрсеткеніне қарамастан, төртінші айналымына шығып отыр.
Қазақстандық теннисші ширек финалға шығу үшін әлемнің төртінші, осы жарыстың 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен таласады. Ол дүниежүзілік рейтингте 94-сатыда тұрған колумбиялық Мария-Камила Осорио Серраноны 6:0, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың жұптық сында Уимблдон турнирін сәтті бастағанын, Александр Бубликтің әлемнің 21-ракеткасын ұтып, үшінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Андрей Голубев жұптық сында екінші айналымға шықты.
Қазақстанның жас жұлдызы Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында Берлин турнирінің финалына шықты.