Теннисші Жібек Құламбаева Прага турнирін сәтті бастады
ПРАГА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 445-ракеткасы, 24 жастағы Жібек Құламбаева Прага (Чехия) WTA 250 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.

Қазақстандық спортшы алғашқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 551-орында тұрған мажарстандық Река-Лука Янимен өткізді.
Бірінші партияда Жібек 6:3 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде қарқынын тіпті үдетті – 6:1. Бір сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында Құламбаева 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Яни 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Жібек Құламбаева іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 255-ракеткасы, 21 жастағы ресейлік Оксана Селехметиевамен негізгі жарыстың жолдамасы үшін таласады. Ол рейтингіде 400-орындағы германиялық Стефани Вагнерді жолдан тайдырды – 6:2, 6:1.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президент кубогінде Әмір Омархановты ұтқан теннисшінің финалға шыққанын жазған болатынбыз.