Теңіз кен орнындағы қондырғылардың бірінде өрт болды
АТЫРАУ. KAZINFORM – 11 наурыз күні кешкілік уақытта Теңіз кен орнындағы үшінші буын зауытында өрт тіркелді. Қондырғылардың бірі өртенген. Алайда қызыл жалын көп өтпей сөндірілді.
Оқыс оқиғаны компанияның баспасөз қызметі растады.
– «Теңізшевройл» Теңіздегі өз нысандарының бірінде оқиға болғанын растайды. Зардап шеккендер жоқ, компания белгіленген тәртіпке сәйкес оқиғаның түпкі себептерін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, ТШО өз қызметінің нақты егжей-тегжейлеріне түсініктеме бермейді, - деп мәлімдеді кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Еске салайық, қаңтарда Теңіз кен орнындағы электр генераторларында өрт болған еді. Төтенше жағдай Теңіз кен орнындағы Үшінші буын зауытының аумағында тіркелген.
Кейін «Теңізшевройл» компаниясы сақтық шарасы ретінде Теңіз және Королев кен орындарындағы өндірісті уақытша тоқтатқанын растады.
Мұнан соң кәсіпорын электр энергиясын тарату жүйесі қауіпсіз түрде іске қосылғанын және шикі мұнайдың бастапқы өндіру жұмыстары қайта басталғанын мәлімдеді.
Күні кеше Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Теңіз кен орнында мұнай өндіру қалпына келтірілгенін, тәулігіне 120 мың тоннаға дейін қара алтын өндіріліп жатқанын айтты.