Тікұшақ апаты: Жансақтау бөлімінде жатқан екі адам палатаға ауыстырылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде тікұшақ апаты кезінде жарақат алған екі әскери қызметкердің жағдайы әлі де дәрігерлер бақылауында. Екі науқас та жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі екі науқастың жағдайы туралы айтты.
– Екі пациент палатаға ауыстырылды. Жарақаттарына байланысты екеуінің де жағдайы орташа ауыр. Қазір ем алып жатыр, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі.
Еске салсақ, ұшақ апаты кезінде әскери институттағы авиациялық эскадрильясының командирі майор Бибарыс Ибраев пен оқу-жаттығу авиациялық орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы аға лейтенант Рүстем Нығметов жарақат алды.
Тікұшақ апаты кезінде қаза тапқан Батыр Оразымбетовті кеше әскери институт ұжымы ақтық сапарға шығарып салды. Осы оқиғадан соң қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.