«Тобыл» клубының басшылығы айналасындағы дау: Қостанай облысы әкімінің пікірі
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Тобыл» клубының басшылығына байланысты дауға пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Жазда Қостанайдағы «Тобыл» клубының 50 пайыз акциясын Әлімжан Қалдияр деген жас жігіт сатып алғаны айтылды. Бірақ жарты жылдай өтсе де Ә.Қалдиярдың клубқа өз қаржысын салғанын әлі көрген жоқпыз. Бейресми деректерді сіздің туысыңыз екені айтылды. Бұл қаншалықты рас? Андрей Канчельскис (Аталған клубтың бас директоры болған – ред.) Ә.Қалдиярдың үстінен бұрын алаяқтық туралы іс қозғалған дейді. Осы туралы не дейсіз?», – деп сұрады журналист.
Әкім ол мәселенің бәрін облысқа барған соң анықтауға кірісетінін айтты.
«Барған соң бәрін жинап алып, мәселенің мән-жайын анықтайын. Жеке кәсіпкерлерді әртүрлі спорт клубтарына тарту тәжірибесі бар. Ол да керек. Өйткені бәрін тек мемлекет қаражатымен көтеруге болмайды. Бүкіл шетелдік тәжірибеге сүйеніп, әртүрлі кәсіпкерлерді тарту керек. Тағы да айтамын, барған соң бұл мәселені қараймыз», – деді Құмар Ақсақалов.
Еске салайық, 23 қарашада Андрей Канчельскис «Тобыл» футбол клубының басшылығы қызметінен кеткенін жазған едік.
"Тобыл" биыл Қазақстан кубогының иегері атанған болатын.