Тоқаевтың Ресейге сапары мазмұнды өтті — Путиннің баспасөз хатшысы
МӘСКЕУ. KAZINFORM — Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары мазмұнды өткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform Адиль Балтабаевтың Telegram-арнасына сілтеме жасап.
— Келіссөздерге екі тараптан шамамен 50 делегат қатысты. Ресейлік журналистер мұндай жағдайдың соңғы рет қашан болғаны есінде жоқ екенін атап өтті, — делінген хабарламада.
Дмитрий Песков Тоқаевтың Ресейге сапары әсерлі өткенін, оның бастысы сыртқы көріністен емес, мазмұндық мәнінен көрінгенін атап өтті.
Сонымен қатар, Песков екі ел арасындағы күн тәртібіндегі мәселелер көп болғандықтан, екі тараптың барлық министрлері қатысуы керек екенін айтты.
Айта кетейік, бүгін Кремльде Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті.
Қарсы алу рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөз өткізді.
Келіссөз барысында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресей — жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер екенін айтты.
Кейіннен екі ел басшысы кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Бұдан бөлек Мемлекеттер басшылары Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты.
Шара кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр стансасы құрылысына қатысты мәселелерге тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды.
Сондай-ақ, Қазақстан-Ресей тарапы қосымша 13 келісім қабылданды.