Торғай өзенінен ірі көлемде балық аулаған топ ұсталды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Торғай өзенінен 330 келі балық аулаған топ ұсталып, тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті ірі көлемде заңсыз балық аулаған топты ұстады. Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватында қолға түскендерге қатысты тергеу басталды.
«Полиция Ырғыз ауданының аумағында Торғай өзенінің жағасында «Toyota Land Cruiser-80» автөлігінің тоқтатты. 61 жастағы көлік жүргізушісі мен екі жолаушы болған машинаның жүк салғышынан 330 келі балық табылды. Осы факті бойынша ҚК «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу» бабы бойынша тергеу басталды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.