«Төрт ағайынды» ісі: Сотта Еркін Ізбасар мен Аухат Қалиевті ұстаған кездегі бейнежазба көрсетілді

Бүгінгі сот отырысы кезінде Еркін Ізбасар мен Аухат Қалиевті ұстау операциясы көрсетілді. Алматыда жүрген олар таңертең садақаға бара жатқан. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті айыпталушы Аухат Қалиевті ұстау кезінде одан 1400 АҚШ долларын, бірнеше ұялы телефон мен тапанша, шолақ мылтық тәркіледі.
Көлік ішінен шыққан қару-жарақты Аухат Қалиев ұстамағанын, оны біреулер әдейі ұйымдастырғанын айтты.
«Бүгін екінші бейнені қарап отырмыз. Бейнематериал көліктің жанынан басталған. Көлік жанында басына қапшық киген, кісен тағылған үш адам тұр. Тергеуші ұсталған адамдарды тінту сағат 14:24 басталғанын мәлімдеді. Қылмыстық іс бойынша Тойота мен Лексус бір мезетте (Еркін Ізбасар мен Аухат Қалиев мінген көлік - ред.) ұсталды. Е.Ізбасардың көлігі cағат 13:20 ұсталып, тінтілді. Арада 1 сағат 4 минут бар. Сол аралықта Қалиев қайда болды? Тергеушілер мен криминалистер әртүрлі. Екі түрлі топ тінту жүргізсе 1 сағат күтудің не қажеті бар еді?»,- деді Аухат Қалиевтің қорғаушысы Тамара Балғабайқызы. Қорғаушы сот отырысы кезінде Аухат Қалиевтің басынан аяғына дейін балшық болғанын, оны тінту кезінде қолына темір зат ұстатқанын айтты. Ал сотталушы Аухат Қалиев: «Бейнематериалды таяуда ғана алып, танысып шықтық. Онда үстімдегі киімдердің лас болғаны анық көрініп тұр. Көлікті тоқтатып, ұстаған кезде жерге жатқызып, қолыма 4 кісен салған. Бұл не масқара?»,- деді.
Судья Ахметқали Молдағалиев айыпталушы Аухат Қалиев пен оның қорғаушысы Тамара Балғабайқызының өтінішін тыңдап, ұстау операциясы кезінде күш қолдану фактісін тексеруді және оның шешімін 15 қаңтарда болатын сот отырысында шығаруға қаулы қабылдады. Сот шешімінің орындалуын прокурорлар бақылайды.
Айта кетейік, сот отырысы кезінде Еркін Ізбасардан да қару табылғаны туралы бейнематериал көрсетілді. Заттай айғақтар сот залына әкелініп, таныстырылды. Сот сараптамасы кезінде қарудың Еркін Ізбасар мен Аухат Қалиевке тиесілі екені анықталды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, оларға Қылмыстық кодекстің «Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу», «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» баптары бойынша айып тағылды.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Еркін Ізбасар мен Аухат Қалиевке қатысты қылмыстық іс қаралды.
Іс бойынша барлығы 26 айыпталушы бар. Олар: Адайбек Сарсенов, Нұрболат Қайырбаев, Айбек Тілеуғазиев, Аухат Қалиев, Мұханбет Шавлетов, Еркін Ізбасар, Болатбек Бекетов, Жандос Ақмағамбетов, Жангелді Өтегенов, Руслан Дермұханов, Амандос Есенғалиев, Бекжан Құлтаев, Нұрлан Ноғаев, Саясат Дүсіпов, Сүлеймен Сүгірбаев, Мұрат Тұржанов, Сергей Савченко, Біржан Аманқұлов, Ербол Тектіғұлов, Қайыркелді Ізтұрғанов, Нұрлыбек Тонтаев, Жанат Тектіғұлов, Кәдіржан Пангерейұлы, Мұрат Қуанышев, Рахат Аханов, Қартжан Қалдымұрат.