Трамп Таиланд пен Камбоджа арасындағы соғысты тоқтату туралы келісімді жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Таиланд пен Камбоджа премьер-министрлерімен шекарадағы ұзаққа созылған қақтығыстың шиеленісуіне байланысты соғысты 24 сағат ішінде тоқтатуға келісті.
— Бүгін таңертең мен Таиланд премьер-министрі Анутин Чарнвиракулмен және Камбоджа премьер-министрі Хун Манетпен ұзақ уақыт бойы жалғасып келе жатқан қақтығыстың қайта басталғаны туралы сөйлестім, — деді Трамп Truth Social арнасында.
Ол тараптар алдағы 24 сағат ішінде атысты тоқтату туралы келісімге келетінін атап өтті.
— Олар осы кештен бастап барлық қақтығыстарды тоқтатуға және Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагимнің ықпалы арқылы менімен және өзара жасалған бастапқы бейбіт келісімге оралуға келісті, — деп қосты президент.
Трамп шиеленісті күшейткен жол бойындағы бомба оқиғасына да түсініктеме берді.
— Бастапқыда көптеген тайлық сарбазды жарақаттаған және мерт қылған бомба оқыс оқиға еді. Алайда осы жағдайдан кейін Таиланд елі өте қатты әрекет етті, — деді ол.
АҚШ президенті екі елдің де бейбітшілік пен саудаға дайын екеніне тоқталды.
— Екі ел де АҚШ-пен бейбітшілік және сауданы жалғастыруға дайын. Анутин мен Хунның арасындағы шиеленіскен жағдайды шешу мен үшін мақтан тұтарлық жайт. Сондай-ақ Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагимге осы өте маңызды мәселеде көрсеткен көмегі үшін алғыс айтқым келеді, — деді Дональд Трамп.
Еске салайық, өткен аптада Таиланд-Камбоджа шекарасында қақтығыс қайта басталды.
Ал кеше Таиланд Камбоджамен арадағы шиеленіске байланысты парламентті таратқан болатын.