Трампқа оқ атқан күдіктінің кім екені белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ астанасы Вашингтонда өткен ресми кеш барысында атыс ұйымдастырды деген күдікпен 31 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды BBC.

ы
Фото: DONALD J TRUMP via Truth Social

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті — Калифорния штатының тұрғыны Коул Томас Аллен. Оқиға Ақ үй тілшілері қауымдастығының салтанатты кеші өтіп жатқан Washington Hilton қонақүйінде болған.

Алдын ала деректер бойынша, ол АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің өкілдеріне қарсы оқ атуды көздеген.

АҚШ бас прокурорының міндетін атқарушы Тодд Бланштың айтуынша, күдіктінің нақты мақсаты әлі де тергеліп жатыр, алайда оның нысанасында жоғары лауазымды тұлғалар, соның ішінде Дональд Трамп болуы мүмкін.

— Ол қауіпсіздік периметрінен толық өте алған жоқ. Оқиға дер кезінде тоқтатылды, — деді ол.

Қауіпсіздік қызметі күдіктіні қонақүй аумағында қолға түсірген. Мәліметтерге сәйкес, оқиға кезінде 5-тен 8-ге дейін оқ атылған болуы мүмкін.

Полицияның хабарлауынша, күдікті атыс кезінде жарақат алмаған, алайда тексеру үшін ауруханаға жеткізілген.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Айта кетейік, Урсула фон дер Ляйен АҚШ-тағы Трампқа қарсы қарулы шабуыл туралы пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар