Тұңғыш өзбек ғарышкері космосқа 2028 жылы аттанады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Алғашқы өзбек ғарышкері 2028 жылдың қазанына дейін космосқа ұшады. Бұл туралы Uzcosmos агенттігі директорының орынбасары Мухиддин Ибрагимов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Ведомство өкілі атап өткендей, ғарышкер 14 күн космоста болып, зерттеу жүргізеді.
— Әлемде ғарышқа ұшу процесін басқара алатын үш мемлекет бар: олар АҚШ, Ресей және Қытай. АҚШ пен Ресей ғарышкерлерді ортақ халықаралық ғарыш станциясына жібереді. Бұл ретте Қытайдың жеке станциясы бар. Қазір біз барлық тараппен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Олардың барлығы ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді. Космосқа аттанатын біздің ғарышкер жерге құр қол оралмайды. Ол кеңістікте зерттеу, тәжірибе жүргізіп, нақты нәтижемен келеді, — деді БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз маслихатында сөз сөйлеген Мухиддин Ибрагимов.
Оның сөзінше, үміткердерді іріктеумен айналысатын арнайы үкіметтік комиссия құрылады. Тиісінше, 27 жастан 40 жасқа дейінгі кандидаттарға мына талаптар қойылады:
— шет тілдерін жетік меңгеру;
— жоғары білімінің болуы;
— салмағы 50 келіден 95 келіге дейін;
— бойы 160-190 см аралығында;
Бұған дейін Өзбекстан космосқа өз ғарышкерін жіберу үшін дайындыққа кіріскенін жазған едік.
Uzcosmos агенттігінің мәліметінше, космосқа аттанатын тұңғыш өзбек ғарышкері ашық конкурс нәтижесінде таңдалады.
Қоса кетсек, биыл Өзбекстан мен Қытай ғарышқа Жерді қашықтықтан зондтайтын спутник ұшыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Өзбекстан 2028 жылы Mirzo Ulug’bek спутнигін ғарыш кеңістігіне шығарады.