Түркі жұрты бірлігін бекемдей түспек

Түркі жұрты
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Бүгін барша түркі халықтарының қара шаңырағы саналатын қазақ жерінде түркі мемлекеттерінің басшылары бас қосты. Ақордада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық Х саммиті барысында ұйымға төрағалық Өзбекстаннан Қазақстанға табысталып, Президенттер қауіп-қатерге қарсы бірігу, өзара көмек-көрсету, мәдени-экономикалық байланыстарды жандандыру жайында пікір алмасып, түркі әлемін бірлесе өркендету жайын қозғады. 

ТМҰ-ны дамыту: Қазақстанның 8 бастамасы

Алқалы жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі екенін айта келіп, Қазақстанның ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы еліміздің салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) атты сегіз мәселеге басымдық беретінін атап өтіп, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Бұл басымдықтар ұйымның 20-шы саммитіне дейінгі он жылды қамтитын қысқа және орта мерзімге арналған.

«Бірінші басымдық – салт-дәстүр (Traditions). Шын мәнінде, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы өте зор. Біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн. Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ. Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар», - деді Президент. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы елдеріміздің телехикаяларын өзара насихаттау маңызды екендігін баса айтты. Әсіресе, балаларға арналған анимациялық фильмдерді көбірек таратқан жөн екендігіне назар аудартты. 

Түркі
Фото: akorda.kz

«Екінші басымдық – біріздендіру жұмысы (Unification). Түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өте маңызды. Біз мемлекеттеріміздің стандарттары және терминологиясын жүйелеген жөн деп санаймыз. Осыған байланысты модельдік заң жобасын қысқа мерзім ішінде қарап, оны мақұлдауға шақырамын. Бұл бастама тауарларымызды ортақ нарыққа еркін шығаруға жол ашады. Ал бірыңғай стандарттар ішкі жалпы өнімді жыл сайын шамамен 1 пайызға арттыруға мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент атап өткен үшінші басымдық – реформалар (Reforms). 

«Ұйым қызметін оңтайландыру шараларын жалғастыру керек. Осыған орай Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы тұрақты өкілдерімізді тағайындау мәселесін тезірек шешуге шақырамын. Сондай-ақ хатшылық қызметкерлерінің санын көбейту туралы ұсынысты қолдаймыз», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінде әлемдегі үздік университеттердің филиалын ашуды ұсынды.

«Төртінші, ғылыми әріптестік (Knowledge) арқылы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту аса маңызды. Осы орайда елдерімізде әлемдегі үздік университеттердің филиалын ашуды ұсынамын. Бірлескен ғылыми шаралар өткізіп, тәжірибе алмасу керек. Тіл үйрететін бөлімдерді ашуға қатысты жұмысты реттеу қажет. Жасанды интеллектіні, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударған жөн», - деді Президент.

Қасым-Жомарт назар аудартқан бесінші басымдық – сенім (Trust). 

«Қазір аумалы-төкпелі заман болып тұр. Халықаралық ахуал да тұрақсыз. Осындай алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу аса маңызды. Бұл – ортақ қауіпсіздігіміздің сенімді кепілі. Қару-жарақ және есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге, көші-қонға қатысты сын-қатерлер көбейді. Мұндай қауіптердің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы алтыншы бағыт ретінде инвестиция (Investments) мәселесіне тоқталды. 

«Аймақтар арасында сауда-саттықты кеңейтіп, экономикаға қаржы құюға баса мән берген жөн. Бұл істе Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарады. Тұрақты экономикалық байланыстарды нығайту үшін жасыл қаржы нарығын дамыту қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің атап өтуінше, жетінші басымдық медиацияның (Mediation) рөлін арттыру – өзекті мәселе. 

«Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегуде. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осы орайда, Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сегізінші басымдық – энергия (Energy).

«Қазақстан жаңа қуат көздерін дамытуға, жаңғыртуға және оны тасымалдау жолын әртараптандыруға баса мән беріп отыр. Біз геологиялық барлау, қуат өндіру істеріне озық тәжірибені және технологияны енгізуге айрықша көңіл бөлеміз. Мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударамыз. Сонымен қатар «жасыл энергетика» саласында бірлесіп жұмыс істегіміз келеді», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, түркі мемлекеттерінің басшыларын бірлікке шақырды.

Түркі мемлекеттерінің Президенттері көтерген бастамалар

Саммитте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.

Өзбекстан Президенті Ташкентте Түркі даму банкін құруды ұсынды.  

Түркі
Фото: Википедия

«...Келесі кезеңде біз Түркі даму банкін қалыптастыру бойынша қадамдар қабылдауымыз қажет. Біз осы қаржылық институтты Ташкентте құруды ұсынамыз. Үшіншіден, біз Түркі мемлекеттерінің сауда-саттығын зерттеу ұйымының бастамасын толығымен қолдаймыз. Осы ұйымның жұмысын дұрыс жолға бағыттау бірқатар кедергілерді еңсеруге мүмкіндік береді. Оның ішінде сауда-саттық саласындағы кедергілер, импорт пен экспорттардың көлемін арттыру, электронды дамыту бағытындағы кедергілерді жояды», - деді ол.

Ал Режеп Тайип Ердоған бауырлас елдерді өзара виза байланысын жетілдіруге үндеді. 

Түркі
Фото: akorda.kz

«Біз үшін түркі мемлекеттері аясындағы көлік және инфрақұрылым бағытындағы жобалар өте маңызды. Баку-Тбилиси-Жейхан шикі мұнай құбыры, табиғи газ құбыры, Транс Анатолия құбыры, осының бәрі – біздің ынтымақтастығымыздың үлгісі. Каспийдің табиғи газын Еуропа мен Түркияға тасымалдау жалғасады. Бұл жоба Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігі мен түркі мемлекеттерінің гүлденуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар біз көлік желілеріне көбірек көңіл бөлуіміз керек. Осыны ескере отырып, біз өзіміздің ортақ Каспий-Батыс-Шығыс дәлізін дамытуға басымдық береміз. Біз сауда мен көлік байланыстарына кедергі келтіретін олқылықтарды азайтуымыз керек. Яғни, виза процестерін жеңілдетіп, кедендік кедергілерді шешуіміз керек», - деді Түркия Президенті.

Сондай-ақ ол ортақ әліпби мәселесі туралы пікір білдірді. 

«Әрине, біздің бірлігіміз үшін тіл мен ортақ әліпби өте маңызды. Бұл жерде президенттердің қолдауы да өте маңызды. Осы бағытта біздің Жоғары білім кеңесі арнайы ұсыныстарын ұйым хатшылығына айтты. Ол ұсыныстар жоғары бағаланады деп үміттенеміз», - деді Режеп Тайип Ердоған.

Қырғыз Президенті Садыр Жапаров Джалал-Абад қаласын 2025 жылы Түркі әлемінің орталығы ретінде жариялауды ұсынды.

«ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі академиясын, Мәдениет және мұра жөніндегі қорды дамытуды жалғастыру өте маңызды. Түрік университеттерін ұйымымызды дамытуға көмек көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін және туристік индустрияны, бағыттарды ілгерілету үшін бірігуге, Джалал-Абад қаласын 2025 жылы Түркі әлемінің орталығы деп атауға шақырамын. Қала Жібек жолы түйісіндегі жолдардың бірінде орналасқан. Туризмді дамыту өте маңызды», - деді Садыр Жапаров.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның Әзербайжанға шығармашылық орталығын сыйға тартқаны үшін зор ризашылығын білдіре келе Түркі мемлекеттерінің қорғаныс саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға үндеді. 

Түркі
Фото: akorda.kz

«Өкінішке қарай, қазіргі кезде халықаралық құқық нормалары бұзылып жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінде қарулы қақтығыстар, қантөгістер мен соғыстар орын алу үстінде. Осы орайда әр елдің қорғаныс мүмкіндігі оның қауіпсіздігінің негізгі кепілі саналады. Сондықтан менің ойымша, ұйымға мүше мемлекеттердің қорғаныс, қауіпсіздікті сақтау, өнеркәсіп аясындағы ынтымақтастығы нығайтыла түсуі тиіс», - деді Әзербайжан Президенті.

Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов әлемде кикілжіңнің артып кетуіне назар аудартып, жаһандық қауіпсіздік стратегиясын әзірлеуде үш ұстанымға арқа сүйеу қажеттігін алға тартты.

«Біріншіден, жанжалды жағдайлардан ерте кезеңде жалтару үшін алдын алу дипломатиясын қолдану қажет. Екіншіден, бейтараптық әлеуеті мен құралдарын барынша қолданған жөн. Үшіншіден, сенім диалог мәдениетін қалпына келтіру қажет. Біз жоғарыда атап өткен стратегия өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға, әлемдік қоғамдастық алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуге тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға септігін тигізеріне сенеміз», - деді ол.

Саммит қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары кезекті саммиті келер жылы Қырғызстанда өткізуге уағдаласып, ұйымға бірқатар мақсат-міндет жүктеді. Бұдан бөлек, маңызды құжаттарға қол қойылды. Сондай-ақ Түркі елдерінің бірлігін күшейтуге қосқан елеулі үлесі үшін Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапатталды.

Соңғы жаңалықтар