Түркия Грузиядағы ұшақ апатынан кейін C-130 рейсін тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан-Грузия шекарасында апатқа ұшыраған C-130 әскери ұшағында болған барлық әскери қызметшінің мәйіті табылды, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.

Түркия Грузиядағы ұшақ апатынан кейін C-130 рейсін тоқтатты
Фото: havahaber.com

Түркия Ұлттық қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі апатқа ұшыраған ұшақтың борт жазба құрылғылары (FDR) және CVDR, яғни «қара жәшікті» талдау үшін Түркияға жеткізілгенін және қазіргі уақытта Анкарада екенін атап өтті. 

– 12 қарашадан бастап сақтық шарасы ретінде C-130 рейстері тоқтатылды. Егжей-тегжейлі техникалық тексерулерден кейін бекітілген ұшақтардың рейстері қайта басталады, - деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігі. 

Түркия министрлігі сонымен қатар ресми мәлімдеме жасалмай тұрып, қайтыс болған әскери қызметшілер туралы жеке ақпарат таратқан аккаунттар анықталғанын хабарлады.

– Бұл адамдарға қарсы қылмыстық іс қозғалды, - деп атап өтті Қорғаныс министрлігі. 

Естеріңізге сала кетейік, 11 қарашада түріктің C-130 әскери-көлік ұшағы Гянджа әуежайынан ұшып шығып, Грузияның Сигнаги муниципалитетінде апатқа ұшырады. C-130 Грузия аумағына кіргеннен кейін бірнеше минуттан соң, Әзербайжанмен шекарадан 5 км қашықтықта радардан жоғалып кетті. 

Түркияның Қорғаныс министрлігі кейінірек Грузиядағы ұшақ апатында 20 әскери қызметкердің қаза тапқанын растады. 

Сондай-ақ Әзербайжан, Түркия және Грузия C-130 апатын тергеу үшін күш біріктіріп жатқаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум