Түркия және Еуропа елдеріне ет экспорттау процесі соңғы кезеңінде тұр - АШМ
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстаннан қашан Еуропа елдеріне және Түркияға ет экспорты басталатынын мәлімдеді.

— ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Еуропалық Одаққа мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауды кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта жылқы етін экспорттау бағыты бойынша біз барлық қажетті рұқсат құжаттарын алудың соңғы кезеңінде тұрмыз. Бизнес жұмысқа толық дайын, серіктестермен нақты келісімдер жасалды, - деп жазылған Kazinform агенттігінің сауалына жолдаған ресми жауапта.
Сондай-ақ ведомство Түркияға ет экспортына қатысты да мәлімет берді.
— Қазіргі уақытта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Түркияға ірі қара мал етін экспорттауға ветеринарлық-санитарлық талаптарды келісу бойынша жұмыс жүргізіп болды. Енді осы процестің шеңберінде Түркия Республикасының Ауыл және орман шаруашылығы министрлігіне ірі қара мал еті бойынша толтырылған сауалнама жіберілді және Түркия Республикасы тарапынан жауап күтілуде, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, былтыр жыл соңында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов елімізден Қытай, Түркия және Еуропа елдеріне ет экспорттау басталатынын айтқан болатын.
Сондай-ақ министрлік былтыр Қазақстан қай елдерге қанша ет экспорттағанын мәлімдеді.