Түркияда ұсталған Талғат Арданның LRT ақшасын жымқырудағы рөлі қандай болған
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқарған кезде мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлға екенін пайдаланып, LRT салу жобасы арқылы мемлекетке 85,9 млрд теңге шығын келтірді деп айыпталған Талғат Арданның Түркияда ұсталғанын мәлім етті.

Мың құбылған мегажоба
Сыбайлас жемқорлықтың символына айналған LRT құрылысы логикалық түйініне жақындаған кезде Талғат Арданның ұсталуы елді елең еткізбей қоймады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықтың исі мүңкіп тұрған жоба деп атаған бұл «сақалды құрылыс» 2011 жылы басталған. Ал Қазақстан астанасына мұндай көлік инфрақұрылымының қажет екені туралы идеялар 2005 жылдан бері айтылып жүрген.

Әуел баста жеңіл рельсті аспалы трамваймен бірге жүрдек троллейбустар дәлізін қатар салу көзделген. Желі қала шетіндегі әуежай мен орталықтағы Абу Даби Плаза кешенін көктей өтіп, теміржол вокзалдарының арасын жалғауы керек болды. Осылайша Қабанбай батыр, Тұран, Сарыарқа, Тәуелсіздік, Сығанақ, Абылай хан даңғылдарын, Гете, Республика, Бөгенбай батыр, Уәлиханов, Кенесары, Момышұлы, Потанин, Затаевич көшелерін қамтиды деп көзделген. Сол үшін Қазақстан Үкіметі Еуропа қайта құру және даму банкімен арнайы қаулыға қол қойған. Құрылыстың бірінші кезеңі 2011 жылы басталып, 2020 жылы біту керек болған.
2011 жылдың 4 шілдесінде сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде құрылыстың алғашқы капсуласын көмген. Кейін бірнеше жыл бойы жемқорлықтың символы ретінде жұрт көзіне күйік болған бағаналар сол кезде бой көтере бастады. Негізі бірінші кезең басталмай жатып жобаның тым қымбатқа түсетіні мәлім болған еді. Әуел баста осы іске тартылуы керек болған франциялық компания 2,3 млрд доллар сұрап отырғаны айтылды. Қосымша инвестор іздеген жоба бастамашылары Азия қайта құру және даму банкіне жүгініп көрді. Бірақ олар бұл іске бас сұғудан тартынып қалды.

Қытайдан қарыз қалай тартылды?
2014 жылы әкімдік жобаны бастапқы қалпында іске асыру мүмкін еместігін түсініп, жүрдек троллейбустар желісімен ғана шектелу дұрыс деп шешім қабылдады. Көп өтпей 2008 жылдан бері қала әкімі болып келе жатқан Иманғали Тасмағамбетов басқа қызметке ауысып, орнына Әділбек Жақсыбеков келді. Ал 2015 жылы LRT жобасы қайта қолға алынып, Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Нұрсұлтан Назарбаев жобаны Бейжің тарапынан қаржыландыру туралы келісімге қол қойды. Ол келісім бойынша жобаға қажет соманың 80 пайызын (1,6 млрд доллар) Қытай банктері борыш ретінде беру керек болды. Қалғанын Қазақстан Үкіметі өз күшімен табады деп келісілді.

Ақша табылып жобаға қайтадан жыбырлап жан біте бастағандай көрінгенімен, о баста қолға алмай-ақ қою керек еді деген күңкілдер көп естіліп жатты. Елде билік ауысып, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғаннан кейін LRT жобасы аяқталған күннің өзінде өзін ақтамайтыны туралы есептер ашық айтыла бастады. 2019 жылдың сәуір айында құрылыстың уақытша тоқтатылғаны белгілі болды. Шілде айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жобаға жауапты адамдар бақылаушы органдардың сұрақтарына жауап беруге тиіс деген ұстанымын білдірді.
Ал Талғат Арданға 2019 жылы халықаралық іздеу жарияланып, іске Interpol тартылған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері Талғат Ардан өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалмай тұрып шетелге бой тасалап үлгергенін мойындады. Ресми мәліметтерде оған қарсы тергеулер 2018 жылы басталғаны айтылады. Агенттік тергеушілері «Астана LRT» ЖШС басшысы жоба бюджетінен 300 млн теңгені мердігер компаниялардың бірінің шотына аудартқанын анықтайды. Ал лимит бойынша 175 млн теңгеден артық ақша аударуға болмайтын еді. Тергеуді бастауға осы факті түрткі болған. Бірақ көп өтпей жемқорлықпен күресушілер күдіктіден көз жазып қалады.

Осы 2019 жылдың қазан айында Мемлекет басшысы тергеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
2020 жылдың қаңтарында аталған іс бойынша тергеу аяқталғаны мәлім болды.
— Қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қылмыстық істің материалдарымен танысу басталды. Жасырынып жүрген күдіктілерге қатысты іздеу шаралары жалғасып жатыр. Анықталған шығын сомасы — 5,7 млрд теңге, — деген болатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің екінші департаментінің басшысы Сергей Перов.
Осы жылдың қазан айында іс сотқа жолданды.
— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру кезінде 5,8 млрд теңгені жымқыру фактісі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, «Астана LRT» ЖШС және басқалардың лауазымды адамдарына қатысты қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдады. Сотқа 7 адам берілді. Қ .Сұлтанбеков және Талғат Ардан «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасымен халықаралық іздеуде, — деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі болған Данияр Бигайдаров.
Сырттай оқылған үкімдер
Алғашқы сот отырысы 2020 жылдың 29 қазанына қойылды. Халықаралық іздеудегі Талғат Ардан сотта бой көрсетпеді.
2021 жылдың басында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2-департаментінің басшысы Сергей Перов күдіктінің қайда жүргені туралы ақпарат бар деген мәлімет айтты. Соған қарамастан іс қайтадан созбалаңға салынып кетті.
2022 жылғы қаңтар трагедиясынан кейін Мемлекет басшысы LRT жобасының айналасындағы бассыздықтарға қайта бір шүйлікті.
— Көпшілікті, әсіресе елорда тұрғындарын ашуландыратын тағы бір мәселе — ЛРТ құрылысы болып отыр. Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қазірдің өзінде орасан зор қаражат жұмсалды, қарыздар тартылды, шетелдік әріптестер алдында ауқымды келісімшарттық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба бастапқыда-ақ үлкен қателік болды, оны мойындау керек. Сонымен қатар, бұл сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2023 жылдың мамыр айында Талғат Ардан сырттай 7 жылға сотталды. Ел аумағынан тыс жерде бой тасалап жүрген күдіктілердің сыртынан үкім шығару Қазақстан сотының тәжірибесінде бұрын да болған. Сот Талғат Арданды Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп таныды (адамдар тобымен сөз байласа отырып, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адамға теңестiрiлген лауазымды тұлға ретінде қызмет бабын пайдалану арқылы өзіне сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi ірі мөлшерде жымқырғаны үшін). Осылайша оған сыртынан мемлекеттік салада қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

2023 жылдың күзінде Бас прокуратура өкілдері Талғат Арданның Түркия аумағында бас сауғалап жүргені туралы жорамал айтқан еді. 2019 жылы Түркияның Әділет министрлігіне күдіктіні ұстап беру туралы хат жолданғанымен, ондағылар мұның нақты қандай мекенжайда жүргені беймәлім екенін айтып жауап қайырған болатын.
2024 жылдың шілдесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Талғат Арданды БАҚ арқылы жауап алуға шақырған еді. Бірақ оған құлақ асқан ешкім болмады.
Осы жылдың қараша айында сот LRT-нің экс-басшысының сыртынан жаңа үкім шығарды. Бұл жолы оған қызмет мүдделеріне қайшы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалана отырып, Қытайдың мемлекеттік даму банкінен LRT құрылысына нақты қажеттіліксіз сыртқы қарыздың бірінші траншы ретінде 257,6 млн долларды (Ұлттық банктің 2016 жылғы желтоқсандағы ресми бағамы бойынша 85,9 млрд теңге) сұратты деген айып тағылған еді.

Осылайша ол Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша да (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдаланудың ауыр салдары) кінәлі деп танылды. Бұл қылмысы үшін оған тағы 4 жыл 8 ай жаза кесілу керек болған. Судья Қылмыстық кодекстің 58-бабы 6-бөлігіне сүйеніп, түпкілікті жаза ретінде оны 9 жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.
2024 жылдың желтоқсанында Талғат Арданның қорғаушысы Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына түсірген апелляциялық шағым орындалмай, жаза өзгеріссіз қалды.
Жуықта ғана Астана прокурорлары сот шешімін орындау аясында мемлекетке осы іс бойынша 920 млн теңгенің актив қайтарғанын мәлім етті.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бүгін таратқан ақпаратына сүйенсек, осы күнге дейін Талғат Ардан Түркияның Анталия қаласын паналап келген.