Түркиядағы зілзаладан аман қалған Сабина Мамадьярованың жағдайы қалай

АСТАНА. ҚазАқпарат – Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев Түркиядағы жер сілкінісінен аман қалған Сабина Мамадьярованың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркиядағы зілзаладан аман қалған Сабина Мамадьярованың жағдайы қалай
Әлеуметтік желілерден алынған фото

«Бұл тақырыпта сөз қозғаған соң құтқарушыларға, қолдау білдірген отандастарыма алғыс айтуым керек шығар.

Қазір оның жағдайы жақсы. Яғни, қолына ота жасалды. Қолына зақым келген еді. Бір ота Түркияда жасалды. Кейін Қазақстанға әкеліп, екінші ота жасатты. Менің білуімше, қазір бәрі жақсы. Бірақ мен оның жақын туысқаны емеспін. Солардан сұрағандарыңыз дұрыс болатын шығар. Қазақстанға әкеліп, ота жасалғанын білемін. Ол Алматыда ғой. Менің Алматыдағы достарым кездесіп, қолдау білдіріп отырады. Одан басқа ештеңе білмеймін», - деді Astana Hub бас директоры Decentral Asia ауқымды шарасының қорытынды жиынынан кейін.


Еске салсақ, ақпан айында болған Түркиядағы жер сілкінісі кезінде хабарсыз кеткен Сабина Мамадьярова аман табылған еді.

Осы зілзала кезінде қайтыс болған Мирболат Құрмашевтің денесі Алматыда жер қойнына тапсырылды.

Сол кезде Түркияда жоғалған әріптестері мен туысқанын іздеу үшін Astana Hub басшысы Мағжан Мәдиев өзі топ жасақтап барған болатын.