Түркияның Балыкесир провинциясында 6,1 балдық жер сілкінісі тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Мәрмәр және Эгей аймағының елді мекендерінде 6,1 магнитудалы жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуін бірінші кезекте Ыстамбұл мен Измир қалалары сезінді, деп хабарлайды Анадолы.
Сағат 22:48–де Балыкесир провинциясының Сындыры ауданында жер сілкінісі тіркелді. Түркия Апаттар және Төтенше жағдайларды басқару басқармасының (AFAD) сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, оның магнитудасы 6,1 болды. Жерасты дүмпуі 5,99 шақырым тереңдікте тіркелген.
Ал Report агенттігінің хабарлауынша, провинциядағы жер сілкінісінен кейін үш ғимарат пен бір дүкен қирады. Оқиғаны ішкі істер министрі Али Ерликая жергілікті БАҚ өкілдеріне мәлімдеген.
Ол Сындыры ауданындағы опырылып түскен ғимараттардың пайдалануға берілмегенін атап өтті. Мұнда зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.
Бұған дейін Қара теңіздің Ыстанбұл маңындағы аумағында магнитудасы 3,7 балдық жер сілкінісі тіркелгендігі жөнінде жарияладық.