03:47, 16 Қараша 2025 | GMT +5
Түркияның Балыкесир провинциясында тағы да жер сілкінді
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Балыкесир провинциясында магнитудасы 4,4 болатын жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Анадолу агенттігі.
Түркияның Төтенше жағдайлар және апаттардың зардабын жою басқармасының (AFAD) мәліметінше, жерасты дүмпуі 11:46-да Сындыргы ауданында болған.
Зілзаланың ошағы 12,1 шақырым тереңдікте орналасқан.
Әзірге үйлердің қирауы мен зардап шеккендер жайлы ақпарат жоқ.
Еске сала кетсек, 11 қараша күні дәл осы Сындыргы ауданында 4,9 магнитудалы жер сілкінісі болған.
Бұған дейін Жапония жағалауында жер сілкініп, магнитудасы 5,8 балға жеткен.
Ал қарашаның басында Ауғанстандағы жер сілкінісінен жеті адам қаза тапқанын жаздық.