Қазақстан мен Түрікменстан бірлескен мәдени шаралар өткізеді - Елшімен сұхбат

Түрікменстан елшісі
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі жылдары Түрікменстан мен Қазақстан арасында мәдени-гуманитарлық байланыстар жанданып келеді. Биыл Ашхабадта қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына және қазақ композиторы Құрманғазы Сағырбайұлына ескерткіш орнатылады және Қазақстан астанасында түрікмен ақыны Мақтымқұлы Фраги ескерткіші бой көтереді. 2024 жылы Түрікменстан мен Қазақстанның өзара мәдениет күндері ұйымдастырылады және Ашхабадта өтетін халықаралық туризм конференциясында қос елдің саяхатшылары үшін көптеген мүмкіндіктер ашылады. Бұл туралы Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Батыр Режепов Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

− Батыр Дұрдымұратұлы, біздің халықтарымызды түркі, оғыз дәуірінен, берісі Кеңес одағына дейін түрлі тарихи кезеңдер байланыстырады. Қазақстан мен Түрікменстанның қазіргі қарым-қатынасын қалай бағалар едіңіз? Қос мемлекет қандай бағыттарда ынтымақтасып отыр?

Қазақ және түрікмен халқының мәдени-рухани мұрасының ұқсастығы, туыстық тақырыбы өте ауқымды. Түрікмен мәдениетінің қазақ мәдениетімен көп ұқсастығы бар. Ежелгі заманнан бері халықтарымыз бір-біріне қолдау көрсетіп, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді. Бізді ортақ шекара, тарих, туыстық тілдер, дін, мәдени құндылықтар, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар біріктіреді. Осындай іргелі негіздерде біздің елдер өзара іс-қимылдың тұтас ауқымында бұрын-соңды болмаған табыстарға жетті.

Ерекше атап өтерлігі, география елдерімізді біріктіріп, бізді бауырластарға айналдырса, экономика жақсы сенімді серіктестер етті. Түрікменстанның Балқан велаяты мен Қазақстан Республикасының Маңғыстау облысы – шекаралас өңірлер. Бізді құрлық пен теңіз шекарасы байланыстырады, оны бауырластық пен достықтың шекарасы деп атауға болады. Көп жағдайда Балқан велаяты мен Маңғыстау облысы ұқсас. Мәдени-гуманитарлық тұсын айтпағанның өзінде, екі аймақта да мұнай-газ және химия өнеркәсібі басым, екеуі де ірі көліктік-логистикалық хаб болып саналады. Облыстар теңіз, теміржол және автомобиль жолдарымен байланысады.

Қазақстан Республикасы Түрікменстанның маңызды стратегиялық серіктесі екенін және тәуелсіздік жылдары дос әрі бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынас өзара құрмет, сенім және өзара тиімді әріптестік рухында дамығанын қуанышпен атап өткім келеді. Биыл 5 қазанда Түрікменстан мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 32 жыл толады. Осы уақыт аралығында біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынас әріптестіктің жаңа сапалы деңгейіне шығып, мемлекетаралық өзара іс-қимылдың үлгісіне айналды. Әрине, мұнда Түрікменстан Президенті Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедов пен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың күш-жігері маңызды.

Халықаралық алаңда біздің елдеріміз аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша ұқсас көзқарастарға ие. Біз БҰҰ, ТМД, АӨСШК, ИЫҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, «ОА+» форматтары мен басқа да халықаралық құрылымдар аясында белсенді ынтымақтасамыз, бұл бізге өзара табысты іс-қимыл жасауға және бір-бірімізді қолдауға мүмкіндік береді. Түрікменстан сауда қатынастарын одан әрі кеңейтуге және Қазақстан Республикасымен өңіраралық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға мүдделі.

- 2021 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға төртінші рет мемлекеттік сапармен барды. Бұл сіздің еліңіздің Қазақстан үшін стратегиялық маңызды екенін білдірсе керек. 2022 жылы Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Қазақстанға келді. Мұндай жоғары деңгейдегі сапарлардың нәтижесі қандай болды?

Бүгінде Түрікменстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестік сипатын алып, жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Бұл ретте қос тарап екі ел арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруда жоғары деңгейдегі байланыстар шешуші рөл атқарады деген ортақ пікірде. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы қазанда Түрікменстанға және Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтың 2022 жылғы 15 қазанда Қазақстанның әдемі астанасына жасаған мемлекеттік сапарларында жасалған уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.

Бұған дейін айтқанымдай, Түрікменстан Қазақстан Республикасымен өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше мән береді. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық көптеген бағыттарды қамтиды. Мемлекеттер арасындағы шарттық-құқықтық база екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрін қамтиды, жасалған келісімдердің басым бөлігі дәл сауда-экономикалық қатынастарға қатысты және Ашхабад пен Астананың мемлекетаралық қатынастардағы, халықаралық күн тәртібі бойынша да ұстанымдарының ортақ екенін нақтылай түседі.

Барлық жасалған уағдаластықтар, сондай-ақ бауырлас елдер арасындағы әріптестіктің қолданыстағы және жаңа тетіктері Түрікменстан Президенті Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедовтың 2022 жылы 14-15 қазандағы Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары кезінде талқыланған. Тараптар саяси, экономикалық және гуманитарлық бағыттарда айтарлықтай ілгерілеу бар екенін атап өтіп, кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты.

Түрікменстан мен Қазақстан Республикасы арасындағы мемлекетаралық тауар айналымы да қарқынды өсіп келеді, бұл әрбір елдің дамуы мен өркендеуінің ажырамас шарты саналатын сауда-экономикалық ынтымақтастықты ұлғайтуға өзара мүдделі екенін айғақтайды. Сондай-ақ, Түрікменстан-Қазақстан экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының ерекше рөлін атап өткен жөн, бұл комиссия өзінің 12 отырысын өткізіп, барлық перспективалы бағыттар бойынша өзара іс-қимылды әртараптандыруда бірқатар нақты қадамдарды айқындау үшін пәрменді құрал және алаң бола алатынын көрсетті.

- Қазақтар мен түрікмендер бағзы заманнан бері ауылы аралас, қойы қоралас халықтар екені белгілі. Түрлі тарихи нәубеттер де елдің шекара асып, көшіп-қонуына ықпал етті. Қазір Түрікменстанда қанша этникалық қазақ тұрып жатыр? Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастар қалай дамып келеді?

Екіжақты қарым-қатынастарды қолдауда және халықтарымызды одан әрі жақындастыруда біздің елдерімізде тұратын көптеген түрікмен және қазақ диаспоралары маңызды рөл атқарады, оларға ұлттық мәдениетті, тіл мен дәстүрді дамыту үшін қолайлы жағдай жасалған. Түрікменстан мен Қазақстанда екі елдің өкілдері өте көп. Қазіргі уақытта Түрікменстанның Мары және Балқан велаяттарында қазақтар көп.

Арамызда дамып келе жатқан мәдени-гуманитарлық қатынастарымызға ерекше жылулықпен қарайтынымды атап өткім келеді. Түрікменстанда әр жылға ішкі және сыртқы саясаттың басты бағытын көрсететін белгілі бір ұран арнау дәстүрі қалыптасты. 2024 жыл Түрікменстанда «Мақтымқұлы Фрагидің ақыл-парасаты» ұранымен өтеді. Өздеріңіз білетіндей, ТҮРКСОЙ 2024 жылды «Түркі әлемінің ұлы ақыны және ойшылы Мақтымқұлы Фраги жылы» деп жариялады, ақынның 300 жылдығын ең жоғары деңгейде атап өту жоспарланған. Мақтымқұлы Фрагидің мерейтойлық жылына орай Түрікменстан 2024 жылдың қазан айында үкімет басшылары деңгейінде саммит өткізеді және биылғы мамыр айында мәдениет министрлері деңгейінде халықаралық конференция ұйымдастырады.

Сондай-ақ, бауырлас екі ел басшыларының түрікмен және қазақ халықтарының ұлы ақын-ойшылдары – Мақтымқұлы Фраги мен Абай Құнанбайұлына құрмет көрсетіп, Астана мен Ашхабадта ескерткіштер орнатудағы күш-жігерін атап өткен жөн.

2021 жылы Ашхабадта Денсаулық жолы жанындағы қыратта түрікмен ақыны Мақтымқұлыға ескерткіш салына бастады. Бүгінде бұл ескерткіш толығымен аяқталып, Түрікменстан астанасының биігінде тұр. Оның биіктігі 60 метрге, ал тұғыры 25 метр биіктікке жетеді. Мақтымқұлының мұндай алып ескерткішін Түрікменстанның Халық суретшісі, мүсінші Сарагт Бабаев жасаған. Бұл 60 метрлік ескерткішті жасау үшін шамамен мың тонна қола пайдаланылды. Қазіргі уақытта мүсіндік композиция айналасында Мақтымқұлы Фраги мәдени-саябақ кешені салынып жатыр, оның ашылуы биыл – ұлы ақынның 300 жылдық мерейтойында өтеді. Бұл саябақ аумағында қазақ халқының ұлы композиторы Құрманғазы Сағырбайұлына ескерткіш орнату жоспарланып отыр. Екі елдің көрнекті тұлғаларына ескерткіш орнату біздің бауырластық байланыстарымызды дамытудың маңызды постулаты боларына бек сенімдімін.

- Білім беру саласына келсек, Қазақстанда білім алып жатқан түрікмен жастары көп пе? Олар қай мамандықтарға қызығушылық танытады? Қазақ жастары Түрікменстанға оқу мен тағылымдамаға бара ала ма?

Түрікменстан мен Қазақстан гуманитарлық салада, оның ішінде білім беру, ғылым және қолданбалы зерттеулер, мәдениет және шығармашылық бойынша өзара іс-қимылды табысты дамытып жатқанын ерекше атап өткен жөн. Екі елдің ғылым қайраткерлері арасында тұрақты байланыстар тәжірибесі жолға қойылған, Түрікменстан мен Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары арасында тікелей байланыстар жандануда. Түрікмен жастары үшін Қазақстан – білім алу үшін дәстүрлі әрі сүйікті елдердің бірі. Бүгінгі таңда қазақстандық жоғары оқу орындарында 3 мыңнан астам түрікменстандық студент оқиды.

Түрікменстанда да әр жылдары басқа мемлекеттерден көптеген студенттер келіп оқыды, бүгінде олар өз елдерінде экономиканың әртүрлі салаларында жұмыс істеп жүр. Түрікменстан әрдайым өзінің жоғары оқу орындарына шетелдік студенттерді қабылдауға дайын. Түрікменстан жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы өте жақсы. Университеттер мен институттардың көпшілігі тәуелсіздік жылдарында салынған және ең озық жабдықтармен қамтылған.

Сондай-ақ көршілес Ауғанстанмен қарым-қатынаста жылдар бойы жалғасып келе жатқан оң тәжірибемен бөліскім келеді. Түрікменстан Ауғанстан студенттеріне тегін техникалық білім, баспана және стипендия беріп келеді. Оқу аяқталған соң және қажетті дағдыларды алған соң бұл жастар өз елінің экономикасының дамуы мен өркендеуіне ықпал етеді.

2022 жылы Сердар Бердімұхамедов Түрікменстан Президенті болып сайланды және ТМД елдері арасындағы ең жас президент атанды. Жаңа Президент бастамасымен Түрікменстанда қандай реформалар қолға алынды, қандай жаңашылдық байқалды?

Шынында да, құрметті Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедов 2022 жылы 12 наурыздағы кезектен тыс сайлауда Түрікменстан президенті болып сайланды, содан кейін 19 наурызда жаңадан сайланған Түрікменстан Президентін ұлықтау рәсімі өтті.

Түрікмен халқының жаңа мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде өзінің алдағы қызметінің негізі тәуелсіз Отанды қарқынды дамытуға бағытталған тұрақты стратегиялық бағыт болатынын айтты.

Түрікменстанның қазіргі президенті вице-премьер қызметін атқарғанда және қаржы-экономикалық блокты басқарған кезеңде оның басшылығымен Түрікменстанның 2022-2052 жылдарға кешенді әлеуметтік-экономикалық стратегиясы әзірленді. Бұл стратегия Халық мәслихатының тарихи отырысында (Милли Генгештің Халк маслахаты) қабылданды. Бағдарлама бес негізгі бағытты қамтиды: қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, елдің халықаралық аренадағы бейтарап мәртебесін ілгерілету, сыртқы экономикалық қатынастарды әртараптандыру, тұрақты дамуға жәрдемдесу және халықаралық қатынастарды ізгілендіру.

Президент Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедовтың басшылығымен жүргізіліп жатқан ішкі және сыртқы саясаттың стратегиялық басымдықтары – мемлекет негіздерін, оның мызғымастығы мен егемендігін нығайту, түрікмен халқының бақытты және берекелі өмірін қамтамасыз ету.

Президенттіктің бірінші жылында Түрікменстан Президенті елдегі жылдың ұранын «Аркадаг Сердармен бақытты жастар» деп жариялады. Ол жастар саясатын мемлекеттің алдағы саясатының басымдықтарының бірі ретінде атап өтті, өйткені оны ел дамуының негізгі бағыттарының бірі деп санайды.

- Түрікменстан экономикасының қазіргі даму қарқыны қалай жүріп жатыр?

Биыл 22 ақпанда түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы, Түрікменстан Халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовтың төрағалығымен Халық мәслихаты президиумының отырысы өтті. Онда түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы 2023 жылды қорытындылап, өткен жылы жалпы ішкі өнімнің тұрақты өсу қарқыны сақталғанын айтты. Инвестициялық саясат та іске асырылды, қаражаттың үлкен көлемі өндірістік сегменттерді, әлеуметтік саланы және қызмет көрсету саласын дамытуға бағытталған. Аркадаг қаласы салтанатты түрде ашылды, сондай-ақ «ақылды» қаланың екінші кезегінің құрылысы басталды.

Отырыстың басты тақырыбы – «2024 жылғы Түрікменстанның әлеуметтік-экономикалық даму және инвестициялар бағдарламасын» іске асыру болды. Бұл бағдарлама Үкіметтің алдыңғы жылдардағы жетістіктеріне негізделген. Биыл Халық мәслихаты қызметінің негізгі бағыттары бойынша жұмыстар мен іс-шаралар жоспарын талқылау ел мәжілісінің, министрліктердің, салалық ведомстволардың және қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен өтіп жатыр.

Әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, Түрікменстан жалпы ішкі өнімнің тұрақты өсу қарқынын сақтап қалды. 2009 жылдан бастап ЖІӨ өсімі орта есеппен 6%-дан асты. Соңғы 15 жылда ЖІӨ көлемі 3,7 есеге, 2023 жылы шығарылған өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдармен салыстырғанда 3 еседен астам, 2008 жылмен салыстырғанда 2023 жылы бөлшек тауар айналымының көлемі 8,5 есе өсті. Сонымен қатар, 2008 жылдан бері халық саны 2 миллионға көбейді. 2022 жылғы желтоқсандағы санақ қорытындысы бойынша елде 7 миллионнан астам адам тіркелген.

− Түрікменстанда туризм қалай дамып келеді? Наурыз айының соңында Ашхабадта туризм бойынша халықаралық конференция өтеді. Демек, Түрікменстан барлық туристерге есігін айқара ашады деуге бола ма? Сондай-ақ, Қазақстан немесе ТМД азаматтары үшін визасыз режим енгізу мүмкіндігі қарастырыла ма?

- Қазіргі уақытта бізде барлық елдермен визалық қатынастар орнатылған. Алайда, шетелдік азаматтарға виза беру процесі өте икемді және біз сұралған барлық визаларды дереу беруге тырысамыз. Мысалы, туристік визалардан бөлек, гуманитарлық виза бар. Бұл виза Түрікменстаннан қоныс аударған Қазақстан азаматтарына да қолданылады. Егер олар туыстарына немесе туыстарының зираттарына барғысы келсе, біз визаларды қысқа мерзімде – 4 сағаттан бір күнге дейінгі аралықта береміз. Жалпы, бізде виза беруде еш мәселе жоқ.

Қазіргі уақытта Түрікменстанда туристік саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Біздің елдегі табиғи-климаттық ахуал мен тарихи-мәдени әлеуетіміз, бай ұлттық дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптар тұрғысынан тартымдылық, сондай-ақ көрсетілетін туристік қызметтердің жоғары сапасы – саланы дамытудың маңызды факторлары. Мұның бәрі мемлекетіміздің туристік индустрияның әлемдік нарығындағы орнын нығайтуға негіз болады.

Ежелгі Жібек жолының маңызды құрамдас бөлігі болған Түрікменстанның туристік кешені зор әлеуетке ие. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Куняургенч, ежелгі Мерв және Нису қалаларына ұйымдастырылатын сапарлар түрікмен халқының бірегей мәдени мұрасы мен ежелгі тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Түрікменстан мәдени-тарихи ескерткіштермен қатар табиғи ескерткіштерге де бай. Копетдаг таулары, Қарақұм шөлінің өсімдіктер мен жануарлар әлемі, Әмударияның жағалауы, Койтендаг, Оңтүстік-Батыс Түрікменстанның субтропиктері, сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауы экологиялық туризм үшін өте әсерлі орындар болмақ. Сонымен қатар, негізінен экотуризм Бадхыз, Репетек, Сюнт-Хасардаг және еліміздің басқа да ұлттық қорықтарында ұйымдастырылады.

Каспий теңізінің түрікмен жағалауы аймақтағы ең таза теңіз жағалауларының бірі және табиғаты да өте әдемі. «Аваза» ұлттық туристік аймағы – халықаралық және жергілікті туризм үшін өте қызықты және тартымды орын. Таза теңіз суы, қолайлы ауа райы, минералды қоспалар мен емдік балшығы, жануарлар әлемі бар Каспий теңізі жағалауы экотуризм индустриясын дамыту үшін үлкен перспективаларға ие.

Қазақстандық достарымызды биыл 27-28 наурызда өтетін бірегей іс-шараға қатысуға шақырамыз. Бұл күндері Түрікменстан туризм бойынша халықаралық конференция өткізеді. Делегаттарға Аркадаг қаласымен, бірегей тарихи-мәдени ескерткіштермен, музейлермен және жалпы Түрікменстанның туристік әлеуетімен танысу үшін жағдай жасалады. Сонымен қатар, конференция аясында қонақтар 2024 жылы Анау қаласын Түркі әлемінің мәдени астанасы деп жариялау мерекесіне қатысады.

− Демек менің түсінуімше, қазақстандықтар туристік агенттіктер арқылы Түрікменстанға саяхаттай алады ғой? Ал Қазақстан мен Түрікменстан арасында тікелей әуе рейстері бола ма?

Иә, қазір біздің туристік операторлар дайын маршруттар мен бағыттарды ұсына отырып, екіжақты меморандумдар жасағысы келеді. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз және кездесулерді жоспарлап отырмыз. Наурыз айының соңында Ашхабадта өтетін халықаралық туризм конференциясында барлық туризм мамандары бас қосады.

Қазіргі уақытта арамызда тікелей рейстер жоқ, пандемияға дейін Ашхабад пен Алматы арасында рейстер болған. Бұл бағыт 2023 жылдың сәуірінде қайта ашылды, алайда жолаушылар саны жеткіліксіз болғандықтан, тиімсіздігі үшін тоқтатылды. Себебі біздің азаматтар шекарада Гарабогаз – Темір-баба өткізу бекеті арқылы немесе Өзбекстан арқылы өтуге дағдыланған. Қазіргі уақытта біз әуежайлармен және туроператорлармен осы рейсті қайта бастау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Егер сұраныс жеткілікті болса, біз Қазақстан мен Түрікменстанның авиакомпанияларына жүгінеміз.

- Қазақстан мен Түрікменстан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасты және қазір екі ел де оны жандандыруға айтарлықтай күш салып отыр. Түрікменстанның бұл бағыттағы жетістіктері қандай?

Шынында да, біздің елдеріміз көліктік-логистикалық саланы дамытуға баса мән беріп отыр, оны біртіндеп Еуразия құрлығындағы көліктік-логистикалық хабқа айналдырғымыз келеді. Қазір біз қолданыстағы шекара өткелдерін белсенді түрде жаңғыртып жатырмыз, биыл қаңтар айында Түрікменстан мен Қазақстан шекарасындағы «Гарабогаз» кеден бекетін қайта жаңартуды бастадық. Елдеріміз арасындағы жол қатынасын да дамытудамыз, мысалы, Солтүстік-Оңтүстік автомобиль жолы жобасы бар. Кеден бекетін жаңғырту кедендік рәсімдерінен өту уақытын қысқартуға ықпал етеді, бұл өз кезегінде бекет арқылы өтетін жүк ағындарын ұлғайтады. Бұл құрылысты 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланды.

Өткен жылдан бері 6 жаңа авиабағыт ашылып, автобус және теміржол байланыстары жаңартылып және кеңейтіліп келеді. Мұның бәрі өзара туристік ағымды жандандыруға ғана емес, іскерлік ынтымақтастық қарқынын арттыруға арналған.

Түрікменстанның Қазақстанмен теңіз және темір жол бойынша өзара байланысының ұзақ тарихы бар, осы бағыттар бойынша ынтымақтастық бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Өзен (Қазақстан) – Қызылғая – Берекет – Этрек (Түрікменстан) – Горган (Иран) теміржол желісі Таяу Шығысқа жүк тасымалдауды қамтамасыз ететін Еуразияның көлік-логистикалық схемаларындағы маңызды түйін екенін атап өткен жөн.

- Қазақстан мен Түрікменстанның тағы бір ортақ тұсы – жаңа қалаларды тұрғызу. Бізді 2019 жылы кірпіші қаланған Аркадаг қаласы қызықтырып отыр. Смарт технологиялар қолданылатын ақылды қала құрылысы қалай жүріп жатыр?

Аркадаг қаласын құру идеясы түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы, Түрікменстан Халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовке тиесілі және 2018 жылы Түрікменстанда үкіметтік деңгейде қолдау тапты. Алты жыл ішінде 400-ге жуық ғимарат, оның ішінде тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандар салынды. Аркадаг қаласы «Ақылды қала» тұжырымдамасынан шыққан. Оған тек «ақылды пәтерлер», электр көлігі ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу үшін инновациялық технологияларды қолдану да кіреді. Сондай-ақ, қала елдегі экологиялық таза жерлердің бірінде – Копетдаг тауы бөктерінде салынып жатыр. Онда белсенді демалуға және іс-шаралар өткізуге арналған алаңдар, жүгіру және веложолдар, үстел ойындары болатын Денсаулық паркін құру көзделеді. Қаланың саябақ аймақтарында жалпы ұзындығы 14 шақырымнан асатын веложолдар салынады.

Түрікмен жастарының елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени өміріне белсенді қатысуы мақсатында Аркадаг қаласының дизайн жобасын әзірлеу үшін түрікмен ЖОО студенттері тартылып, мемлекеттік наградаларға ие болды. Отандық жоғары оқу орындарының студенттерін құрылысқа, дизайнды әзірлеуге тарту идеясы да түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедовке тиесілі.

Батыр Дурдымуратұлы, сіздің Қазақстанға Елші болып келгеніңізге үш жылдан асты. Бұл уақытта қазақ халқы жөнінде қандай әсер алдыңыз? Біздің халықтарымыздың қандай ұқсастықтарын байқадыңыз? Отандастарыңызға Қазақстанның қай қалаларына баруды ұсынар едіңіз?

Жалпы Түрікменстанда да, Қазақстанда да тұрғындар халықтарымыздың достығы мен бауырластығын шын жүректен мақтан тұтады. Біздің әдет-ғұрыптарымыз, дәстүріміз, тіпті асханамыз өте ұқсас. Сіздерде «қуырдақ» бар болса, бізде «говурдак» бар, біздің «бельке» тағамымыз қазақша ет тағамына ұқсайды. Бұл біздің ортақ тарихымыз бен достық қарым-қатынасымызды көрсетеді. Қазақстанның асханасы өте керемет, әсіресе маған қазақша дастархан ұнайды.

Туристік орындарға келсек, Астанаға міндетті түрде келген жөн – аз ғана уақытта тұтас қала бой көтерді. Сондай-ақ, Алматыға, Түркістанға және Ақтауға баруды ұсынар едім – маған Каспий теңізінің жағалауы қатты ұнады. Қайда барсам да, барлық жерде тұрғындар барлық адамдарға өте мейірімді және құрметпен қарайтынын атап өткім келеді. Бұл Қазақстан халқының жомарттығы мен қонақжайлылығын тағы да дәлелдейді. Біз тату көршілік, бауырластық және өзара сенімімізді одан әрі кеңейтуге ниеттіміз. Бауырлас халықтарымызға амандық пен өркендеу, барлық оқырмандарға зор денсаулық пен табыс тілеймін.

− Барша мұсылман үшін қасиетті Рамазан айында сұхбаттасып отырмыз. Түрікменстан Елшілігі осы айда қайырымдылық шараларын өткізе ме?

Биыл Наурыз бен қасиетті Рамазан айы бір айда келді. Студенттермен бірлесіп, қайырымдылық акцияларын қоса алғанда, бірқатар іс-шара жоспарладық. Мұнда тек қазақстандық және түрікмен ғана емес, басқа елдерден де барлық студенттерді шақырғымыз келеді. Біз оларды түрікмен тағамдарымен, дәстүрлерімен және тарихымен таныстырғымыз келеді, сондай-ақ ақынымыз Мақтымқұлы Фрагидің 300 жылдығына орай мәдени ақпарат алмасуды ұйымдастырғымыз келеді.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Соңғы жаңалықтар