Түркістан облысында 310 орындық мектепте 1 мың бала оқып жүр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Өңірде үш ауысыммен жұмыс істейтін төрт мектеп бар.

Мемлекеттік қолдаудың аясында өңірлердегі үш ауысымды мектеп мәселесі бүгінде өз шешімін таба бастады. Бұл бағытта «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасының үлесі көп.
Сондай-ақ, кәсіпкерлер тарапынан жекеменшік мектеп салу ісі де өңірлердегі мектеп тапшылығын жоюға атсалысып келеді.
Бүгінде демографиялық өсім жоғары Түркістан облысында үш ауысымда жұмыс істейтін төрт мектеп бар. Мәселе биыл шешімін табады деп жоспарланып отыр.
310 орындық мектепте 1000-ға жуық бала оқып жүр
Сайрам ауданы Жібек жолы ауылында орналасқан Бөкейхан жалпы орта мектебі 1971 жылы салынған. Бүгінде 310 орындық білім ордасында 1000-ға жуық бала білім алады.
Жалпы оқушы саны 3 есе көп. Өңірде жекеменшік мектептер ашылған сәтте бала саны күрт азайған. Дегенмен кейін кеткен оқушылар сыныбына қайта оралыпты.

Дәл қазір мектепте 972 бала бар. Мектеп басшылығының айтуынша, кей жылдары бала саны 1200-ге дейін артқан кездер болған.
Алғашқы ауысымның сабағы тағы сағат 08:00–де басталады. Ал, сағат 11:30–13:00 аралығында мектепалды даярлық тобы мен бірінші сыныптар оқиды.
Сағат 14:00–де жоғары сыныпқа сабақ басталады. Бір сыныпта 28-29 оқушы бар. Ауылда демографиялық өсім өте жоғары. Жыл сайын мектепалды даярлық сыныбына 120-130 шамасында бала келеді.
Мектеп басшылығы мәселені шешу үшін жоғарыда тұрған жауапты сала басшыларына хат жазып, мәселені жеткізген.
Ал, мектептің білім сапасы жоғары. Өткен жылы түлектер ҰБТ-дан жоғары ұпай жинап, мектеп облыстық деңгейде алғашқы орыннан көрінген.
Одан бөлек, оқушылар республикалық, облыстық байқаулар мен білім бәсекелерінде топ жарып жүр.

Өңірге тағы 42 мектеп керек
Түркістан облысының білім басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірде 4 үш ауысымды мектеп бар. Түркістан қаласында орналасқан 1 мектептің мәселесі «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде шешілген.
Ал, 3 мектепке қажетті жаңа ғимараттардың құрылысы басталған. 2025 жылы нысандар толық пайдалануға беріледі деп күтілуде.
- Созақ ауданы Шолаққорған ауылындағы 900 орындық № 14 Т.Әлімқұлов атындағы мектеп-лицей интернаты.
- Қазығұрт ауданы Шарбұлақ ауылындағы 300 орындық «Шарбұлақ» жалпы білім беретін мектебі.
- Сайрам ауданы Жібек жолы ауылында орналасқан 310 орындық Бөкейхан жалпы орта мектебі.
— Түркістан облысы бойынша 2022 жылы 15 мектеп, 2023 жылы 7 мектеп құрылысы аяқталып пайдалануға берілген. 2024 жылы бюджет есебінен 50 мектептің құрылысы басталды. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен — 29 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын дамыту қоры» және өзге де бюджеттер есебінен — 21 мектеп бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 13 мектептің құрылысы аяқталған. Қазір оның 8-і пайдалануға берілді. Сондай-ақ, өзге де бюджеттер есебінен тағы 13 мектеп пайдалануға беріліп отыр. 8 мектептің құрылысы 2025 жылға өтпелі, — делінген Түркістан облысы білім басқармасы басшысының басшының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов ұсынған ақпаратта.
Сондай-ақ ол облыста жалпы қуаты 24 900 орындық 42 мектеп құрылысына деген қажеттілік бар екенін жеткізді.

Оның ішінде 8-і — қосымша құрылыс болса, 34-і — жаңа құрылыс.
— Жалпы қуаты 5 800 оқушы орындық 27 мектептің құрылысын бюджет есебінен салу ұсынылып отыр. 27 мектептің алтауында жобалық-сметалық құжаттама дайын, 10 мектептің құжатын қайта түзету қажет болса, 11-іне әзірлеу қажет, — дейді білім басқармасынан.
Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы 1084 орта білім мекемесінде 554 654 оқушы (мемлекеттік 915 мектепте — 502 289 оқушы, жекеменшік 169 мектепте — 52 365 оқушы) білім алып жүр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешіліп жатқанын жазған болатынбыз.