Түркістан облысында жүргізушілер жөндеуден кейін бүлінген жолға наразы

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Жуырда жөнделген тас жолдың қайтадан жарамсыз күйге түсуі қоғам тарапынан сынға ұшырап отыр.

Түркістан облысында жүргізушілер жөндеуден кейін бүлінген жолға наразы
Фото: Кабар

Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласынан Өзбекстан шекарасына дейінгі бағыттағы автожолдың жай-күйін сынға алған бейнежазба тарап жатыр. Бейнеролик авторының айтуынша, жол жамылғысы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бір айға толмай жатып-ақ бүлінген. 

— Біреулер мұны ауыр көліктер бұзды дер. Бірақ жол не үшін салынады, егер ол көліктерге арналмаса? Мердігер сапасыз жасаса, ол үшін жүргізуші кінәлі емес. Қалың, сапалы асфальт төсеу керек еді, — дейді бейнеролик авторы.

Бұл мәселе бойынша жауап берген «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, бейнекадрда көрсетілген жағдай республикалық маңызы бар А-15 «Жызақ — Гагарин — Жетісай — Кировский — Қызыләскер — Сарыағаш — Абай — Жібек жолы» автожолының 156-190 шақырым аралығында тіркелген. Бұл учаскеде ұзындығы 34 шақырымды құрайтын (III техникалық санат) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында ескі жабынды жону, екі қабатты асфальтбетон төсеу және жол жиегін нығайту жұмыстары көзделген. Жобаны толық аяқтау мерзімі 2025 жылдың қазанына белгіленген.

— 2025 жылғы шілде айында 157-175 шақырым (ұзындығы 18 км) аралығында асфальтбетон жамылғысында ойықтар мен шұңқырлар түрінде ақаулар анықталды. Бұл жағдай ауыр жүк көліктерінің рұқсат етілмеген қозғалысы мен белгіленген тәртіпті өрескел бұзуынан туындады. Ескерту белгілерінің орнатылғанына қарамастан, кейбір жүргізушілер жаңадан төселген жабынмен жүруін жалғастырып, оның толық қатуына және беріктік қасиеттерінің қалыптасуына кедергі келтірді, — делінген «ҚазАвтоЖол» компаниясы таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ, компания аталған учаске бойынша жұмыстардың қабылданбағынын және қаражаттың төленбегендігін жеткізді. 

— Жөндеу жұмыстары шектеулі жағдайда жүргізіліп жатыр. Балама айналма жол қарастырылмаған, ал көлік ағынының қарқындылығы тәулігіне 15 мыңнан асады. Сонымен қатар, өңірде ауа температурасы +45, +50С-қа дейін жететін аптап ыстық байқалды. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 5 шілдедегі № 492 бұйрығына сәйкес, 1 маусымнан 31 тамызға дейінгі кезеңде ауа температурасы +25С-тан асқан жағдайда сағат 10:00–ден 22:00–ге дейін ауыр жүк көліктерінің (жеке өске түсетін салмағы 8 тоннадан жоғары) қозғалысына Түркістан облысында шектеу енгізілді. Алайда бұл талаптар жиі ескерілмей, өрескел бұзылып жатыр. Анықталған ақауларға байланысты жөндеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Қалпына келтіру шаралары мердігердің өз қаражаты есебінен жүргізілуде, бюджет қаражаты тартылмайды, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістандағы жолдардан кемшіліктер анықталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар