ҰҚК есірткі жеткізудің 3 халықаралық және 3 аймақтық арнасын жойды
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың қазанынан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) есірткі саудасының жолын кесуге қатысты 10 операция жүргізді.
Осы операциялардың нәтижесінде есірткіні жеткізудің 3 халықаралық және 3 аймақтық арнасы, сондай-ақ жерасты зертханасы мен есірткі плантациясы жойылды.

Заңсыз айналымнан 622 кг есірткі, соның ішінде психотроптық заттар, гашиш және марихуана тәркіленді.
Аталған құқық бұзушылықтарды жасады деген күдікпен соттың санкциясымен 12 Қазақстан азаматы мен 3 шетелдік қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
-Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен күрес бойынша жұмысты жалғастырады,-делінген хабарламада.

Осыған дейін ҰҚК-нің Алматыда 5 шетелдік жоспарлаған терактінің алдын алғаны туралы жаздық.